Трамп: Путин Украина бойынша келіссөздерде жеңілдіктер жасауға мәжбүр болады
Фото ашық дереккөзден
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путин Украинадағы соғысты аяқтау жөніндегі келіссөздерде белгілі бір жеңілдіктер жасауға мәжбүр болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды janabastau.kz.
Америкалық БАҚ мәліметінше, бұл мәлімдеме сәрсенбі күні министрлер кабинетінің алғашқы отырысында айтылған.
Үкімет мүшелері алдында сөйлеген сөзінде Трамп Киев пен Мәскеу арасында бейбіт келісімге қол жеткізу өте қиын болатынын мойындады. Оның пікірінше, бұл соғыстың басталуына негізгі себептердің бірі – Украинаның НАТО-ға мүше болу перспективасы болуы мүмкін.
«Мүмкін, бұл жағдай Украинаның НАТО-ға мүшелігі туралы талқылаулардан басталған шығар», – деді АҚШ басшысы.
Сондай-ақ Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийдің 28 ақпан, жұма күні Ақ үйге келіп, АҚШ-тың Украина табиғи ресурстарын пайдалануға құқық алуын қарастыратын келісімге қол қоятынын хабарлады.
Бұған дейін америкалық және украиналық БАҚ-та Киев пен Вашингтон Украинадағы табиғи ресурстарды басқаруға қатысты келісімнің шарттарын мақұлдағаны туралы ақпарат тараған. Алғашқы нұсқа бойынша, АҚШ бұл ресурстардан түскен табыстар жиналатын арнайы қорды толық бақылауына алуы тиіс еді. Алайда, келісімнің жаңартылған нұсқасында АҚШ-тың қорды 100 пайыз бақылау құқығы алынып тасталды.
Күтулерге сәйкес, Зеленский АҚШ басшылығымен келіссөздер жүргізіп, келісімнің соңғы егжей-тегжейлерін нақтылайтын болады. Бұл мәселе бойынша Украина тарапы әлі ресми түсініктеме берген жоқ.
Ресей Украинаға үстемдік жүргізу үшін үш жыл бойы соғысты жалғастырғанымен, бұл мақсатына жете алмады. Әлем АҚШ-тың жаңа президенті сайлауалды уәделерінің бірі – соғысты тоқтатуды қалай орындайтынын күткен еді, алайда жағдай керісінше ушығып кетті. Трамп Еуропамен қарым-қатынасты нашарлатып, Зеленскийді заңсыз президент деп жариялады және Путинмен байланыстарды қайта жандандыруға «жасыл жарық» берді.
Пікірлер (0)