Трамп Путинмен сөйлескеннен кейін Зеленскийге қоңырау шалды
Фото: Shannon Stapleton / Reuters
АҚШ президенті Дональд Трамп Украина басшысы Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Украина президентінің кеңсесі хабарлады, деп жазады JANABASTAU.KZ.
Трамп пен Путин не туралы сөйлесті?
Украина президентінің кеңесшісі Дмитрий Литвиннің айтуынша, Трамп пен Зеленский арасындағы әңгіме шамамен бір сағатқа созылған.
Владимир Зеленский өзінің Telegram-арнасында Трамппен әңгімелескенін растады:
"Дональд Трамппен жаңа ғана ұзақ әрі маңызды әңгіме өткіздік. Біз бейбітшілікке жету мүмкіндіктерін талқыладық. Командаларымыз деңгейінде бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенімізді айттық. Сондай-ақ, технологиялық мүмкіндіктеріміз, соның ішінде дрондар мен басқа да заманауи өндірістер туралы сөз болды. Президент Трамптың ынтымақтастығымызға деген қызығушылығына ризашылығымды білдіремін."
АҚШ пен Украина арасында жаңа келісім дайындалуда
Зеленский сондай-ақ, Скотт Бессентпен әңгімесін және АҚШ пен Украина арасындағы қауіпсіздік пен экономикалық серіктестікке қатысты жаңа келісім дайындау мәселесін Трамппен талқылағанын айтты.
Трамп өз кезегінде Зеленскийге Владимир Путинмен болған әңгімесінің егжей-тегжейін жеткізген.
"Украина бейбітшілікті бәрінен де қатты қалайды. Біз Америкамен бірге Ресей агрессиясын тоқтатудың және ұзақ мерзімді тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз етудің бірлескен қадамдарын анықтап жатырмыз. Президент Трамп айтқандай, «бұл істі бірге атқарайық»", – деді Зеленский.
Сондай-ақ, екі ел басшылары алдағы уақытта байланыстарын жалғастыруға және кездесулер өткізуге келіскен.
Пікірлер (0)