ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚУАТТЫ СЕРПІН БАР
Сурет: ашық дереккөзден
Түркістан облысында инвестициялық жобаларды арттыру мақсатында Өндірістік парктің құрылысы қарқын алған. Мұндағы инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген дайын өндіріс орнына бизнес иелері тарапынан қызығушылық та артуда,- деп хабарлайды Janabastau.kz.
Өндірістік паркке 100 млрд теңгеге жуық инвестиция тарту көзделіп, жалпы 30 гектар жерде орналасқан парк аумағында 42 ғимарат салу жоспарланған. Бұдан өзге жыл сайын өңірде жаңа зауыт салынып, ел игілігіне беріліп, жұмыспен қамтылғандар саны артты. Осы тұста Түркістан облысында қуатты серпін бар деп анық айта аламыз.
ШАРДАРАДАҒЫ ЗАУЫТ ТОЛЫҒЫМЕН ІСКЕ ҚОСЫЛСА: 500-ДЕН АСТАМ ТҰРҒЫН ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛАДЫ
Түркістан облысы, Шардара ауданында жүгеріден жиырма алты түрлі өнім шығаратын зауыт салынуда. Бүгіннің өзінде өндіріс орнынының бір бөлігі іске қосылды. Нәтижесінде қазір зауытта жүгеріден 8 түрлі өнім шығарылып жатыр. Өндіріс орны толығымен іске қосылса 500-ден астам аудан халқы екі қолға бір күрек табады деп күтілуде. Айта кетсек, жүгері өңдеу зауыты жылына 150 мыңға жуық тонна жүгері дәнін терең өңдеуге қауқарлы. Экономикаға серпін беретін жобаның жалпы құны 31 миллиард теңгені құрап отыр. Ал құрылысы екі кезеңнен тұратын өндіріс орны келесі жылы толық іске қосылып, мұнда шығарылатын 26 түрлі өнімді Азия және Еуропа елдеріне экспорттау шарасы да жоспарланып отыр.
ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ – ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫН АШУ
Түркістан облысы Арыс қаласында инвестиция тарту шарасында оң нәтиже бар. Сөзімізге дәлел болсын, өткен жылы қалаға 22,6 миллиард. теңге инвестиция тартылып, бүгінде жарқын жобалар іске қосылып келеді. Мәселен, жеке инвестор есебінен жүзеге асырылған жобалардың бірі - «Қаратау Транс Сервис» зауыты болып табылады. Аталған кәсіпорын мұнай өнімдерін сақтап ғана қоймай, оны өңдеумен де айналысады. Өндіріс орнында тұрақты түрде 45 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 125 мың тонна түрлі мұнай өнімдерін өңдеуге қауқарлы. Оның ішінде, жылына 26 180 тонна жанармай, 28 000 тонна дизель отынын, 12 420 тонна керосин мен 54 250 тонна мазут өнімдерін шығарады.
Бұдан өзге, Арыс қаласында жүзеге асырылған жарқын жобаның бірі - Пластикалық құбырлар шығаратын зауыт болып саналады. Аталған жобаның жалпы құны 160,0 миллион теңгені құрады. Өндіріс орнының қуаттылығы тәулігіне 2500 метр пластик құбырларын шығаруға қауқарлы. Бүгінде мұнда жергілікті 40 азамат жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, өткен жылы шаһарда "АДМ Холдинг" серіктестігі полиэтилен қаптамаларын шығаратын цехті іске қосты. Жалпы құны 100 миллион теңгені құрайтын кәсіпорында 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Атап өтетін жайт, биыл Арыста Еуропаның «А» стандартына сай келетін облыстағы бірегей транспорттық-логистикалық орталық ашылады деп күтілуде. Кешеннің аумағы 17 000 шаршы метрді құрайды. Мұнда әртүрлі температуралық режимдегі климаттық қойма, құрғақ қойма, тиеу-түсіру техникасы қарастырылған. Сондай-ақ ыңғайлы көліктік логистикамен яғни – теміржол тұйығы және ауыр жүк көлік тұрағымен қамтылған. Жоба іске қосылған соң, өңірдегі тауарөндірушілер өнімдерін бірден теміржол арқылы шетелге экспорт жасауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ ел ішіндегі басқа қалаларға жөнелте алады. Яғни отандық кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік ашылады.
Бұдан бөлек, Арыс қаласында астық сақтау қоймасының құрылысы жүргізілуде. Жалпы құны 600 млн теңгені құрайтын, сыйымдылығы 9 мың тоннаға шақталған қойма кәсіпкердің өз қаржысына салынуда. Нысан биыл пайдалануға беріледі.
Жалпы, инвестициялық жобаларды іске асырудың астарында жаңа жұмыс орындарын ашу, қала тұрғынд
арының табысын арттыру деген мәселе жатыр. Сондықтан, Арыс қаласы әкімдігі қала экономикасын дамытуға зор үлестерін қосып жүрген азаматтарды мемлекеттік бағдарламалар аясында жан-жақты қолдауды жалғастыра беретін болады.
ӨҢІРДЕ ЕЛДЕГІ ЕҢ АЛҒАШҚЫ СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ АШЫЛДЫ
Бәрімізге белгілі Түркістан облысында елдегі ең алғаш су үнемдеу технологиясын шығаратын зауыт ашылған. Енді облыста жылына 9 мың гектарды тамшылатып суғару жүйесін өндіретін екінші кәсіпорын іске қосылмақ. Бұл «Тұран су» ШЖҚ МКК болмақ.
Аталған кәсіпорын облыстық бюджет есебінен Ордабасы, Сауран, Қазығұрт, Шардара, Сайрам аудандарындағы ұзындығы 100 шақырымға жететін 9 су нысанына күрделі жөндеу жүргізеді. «Тұран су» ШЖҚ МКК-ның басшысы Д. Лесовтың баяндауынша, қазіргі таңда жұмыстардың жартысына жуығы орындалған. Қуантарлығы, жүргізілген жұмыс нәтижесінде 15 мың гектардан астам суармалы жердің сумен қамтамасыз етілу көрсеткіші жақсаратын болады.
ТҮЛКІБАСТА АУЫЗ СУ ЖӘНЕ ТҮРЛІ СУСЫН ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ САЛЫНУДА
Түлкібаста ауыз су мен түрлі сусын шығаратын зауыт іске қосылса, 96 адам жұмыспен қамтылады деп көзделген. Бүгінде өндіріс орнындағы электр мәселесі шешімін таппаған. Деседе өңір басшысының тапсырмасынан кейін, мердігер компания арнайы жұмысты атқаратын болды. Бұдан өзге Төлеби ауданында логистикалық орталық салу және жүк тасымалдарын ұйымдастыру жобасы іске асуда. Жоба толық іске қосылса, 190 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Ал Кентау қаласындағы өнеркәсіпке арналған металл бұйымдарын шығаратын зауыт құрылысы аяқталғанда жаңадан 80 жұмыс орны ашылады деген жоспарда бар.
Расында өңірде жыл сайын ел игілігіне беріліп жатқан зауыт санында шек жоқ. Бұл ел экономикасына оң ықпал ететініде сөзсіз түсінікті. Осы тұрғыда Түркістан облысында "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы жемісін беріп жатқанын мақтанышпен айтуға болады.
Салтанат ЕСЕНҚҰЛОВА
Пікірлер (0)