ҰЛТТЫҚ ЖОБАНЫҢ МАҚСАТЫ - ҚОЛЖЕТІМДІ БАСПАНА
Сурет: ашық дереккөзден
Тұрғын үй мәселесі ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Шымкент қаласында халық саны сайын, баспанаға деген қажеттілікте өсіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында «Үкімет жүйесіз бағдарламалар қабылдау тәжірибесін тоқтатып, тұрғын үй саясатын жетілдірудің біріңғай моделін әзірлеу қажет»,- деп айтқан еді. Осы орайда Шымкентте «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында тұрғын үйлердің жалпы аумағын арттыру мақсатында бірқатар бағдарлама іске асып келеді,- деп хабарлайды Janabastau.kz.
Қаланың тұрғын үй басқармасының бөлім басшысы Жұлдызай Ордабекованың сөзінше бүгінде Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде 49 743 азамат тіркелген. Деседе биылғы жылдың өзінде шаһарда мемлекеттік бағдарлама аясында 364 пәтер құрылысы жүргізілуде, - дейді ол.
«Бұл көрсеткішті нарықтан сатып алу арқылы 1000 пәтерге жеткізу жоспарлануда. Тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарының аяқталуы және пәтерлердің коммуналдық тұрғын үй қорына өткізілуіне қарай кезектегі азаматтарға беріледі. Жомпарға сәйкес, 2024 жылы тұрғын үй кезегі келген 449 пәтер халықтың әлеуметтік осал тобына, 35 пәтер көпбалалы отбасыға, 200 пәтер жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілетін болады. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың соңына дейін жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз 900 жалдамалы пәтер беріледі деген жоспар да бар»,-деді бөлім басшысы.
ХАЛЫҚТЫ БАСПАНАМЕН ҚАМТУДА «QAMQOR» ӨҢІРЛІК ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ РӨЛІ ОРАСАН ЗОР
Өткен жылы Шымкент қаласында тұрғын үй кезегі бойынша арнайы санаттарға жатпайтын азаматтардың да баспанамен қамтылуына мүмкіндік қарастырылып «Qamqor» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасы баспасөз хатшысының берген ресми мәліметіне сәйкес, 2024 жылға «Qamqor» өңірлік бағдарламасына жалпы 8 млрд теңге бөлінген. Аталған жоба негізінде, баспанамен қамту үшін жыл соңына дейін 400-ге жуық отбасыны несиелендіру көзделген.
Шымкенттік тұрғындарға құлаққағыс! Бұл бағдарлама негізінде тұрғын үйді бастапқы нарықтан ғана алу мүмкіндігі қаралған. Демографиялық саясат бойынша көш бастап тұрған шаһарда халықты қолжетімді тұрғын үймен қамту жұмысы қарқын алған. Мәселен, осы жылға 200 млн. теңгеге қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификатын табыстау үшін құжат қабылдау науқаны 22 қаңтарда басталған болатын. Соңғы мәліметке сәйкес, бүгінде Шымкентте 218 азаматқа 199,9 млн. теңгеге тұрғын үй сертификаты берілген.
ТҰРҒЫН ҮЙ СУБСИДИЯСЫ – ПӘТЕР ЖАЛДАП ТҰРАТЫН ОТБАСЫЛАРҒА КӨМЕК
Тұрғын үй жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасына тұрғын үй кезегінде тұрған І және ІІ топ мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар балаларды асыраушы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көпбалалы отбасылар санатындағы азаматтар қатыса алады. Төлем тәртібі бойынша ай сайын мониторинг жүргізіліп, субсидия алушылардың бағдарлама талаптарына сәйкестігі тексеріліп отырады екен.
Мәселен өткен жылы мониторинг жұмысының нәтижесінде 500-ге жуық азаматтың тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиясы тоқтатылған. Сала жауаптыларының сөзінше, биыл Шымкент қаласы бойынша 2696 отбасының тұрғын үйдің жалдау ақысының 50 пайызы мемлекет тарапынан төленіп, субсидиялануда.
“НАУРЫЗ” ЖАҢА ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒДАРЛАМАСЫНА ӨТІНІМ БІЛДІРГЕНДЕРДІҢ БАСЫМ БӨЛІГІ ЖАСТАР
Биыл мамырда елімізде тағы бір тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. «Наурыз» ипотекасының басқа тұрғын үй бағдарламаларынан басты айырмашылығы – салымшының депозит мерзімі маңызды емес. Яғни бұл бүгін депозит ашып, ертең бағдарламаға қатысуға болады дегенді білдіреді.Бірақ депозитте кем дегенде 1 млн теңге болуы тиіс. Тағы бір талаптың бірі бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлік болмауы қажет. Айта кетсек, жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысуға ниет білдіргендердің басым бөлігі жастар санатындағы (35 жасқа дейінгі) азаматтар.
Жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінім ағымдағы жылдың 25 сәуірден 30 маусымға дейін жалғасады.
Шаһарда іске асып жатқан жобаларды жіпке тізген мамандар елде қолға алынып жатқан ұлттық жоба ел игілігі үшін жасалатынын жеткізді. Ұлттық жоба ұлттың сапалы өмір сүруінің кепілі болмақ.
Азиза Өтеулі
Пікірлер (0)