АРЫСТА ТАБИҒИ ГАЗ ТАРТУ ЖҰМЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ
Сурет: ресми дереккөзден
Инфрақұрылым дамымай – мемлекет өркендемейді. Осы тұста елдімекендерді газдандыру деңгейін арттыру мақсатында Президент кемінде 1,7 мың шақырым желіні жаңғырту міндетін қойған болатын. Бұл 300 мыңнан астам азаматқа табиғи газды қолжетімді етеді. Осыған байланысты Үкімет биыл жоспарланған 46 елді мекеннің орнына 87 елдімекенді көгілдір отынмен қамтымақ,- дер хабарлайды Janabastau.kz.
Осылайша, 63 мыңнан астам адам жеделдетілген шаралармен табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады. Бұл дегеніміз көгілдір отынмен қамту көрсеткіші екі есеге дейін ұлғайтылғанын білдіреді.Осы мақсаттарға ел қазынасынан 195 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінетін болады.
Атап өтсек, 2024 жылы сексен алты нысанның құрылысына жалпы 12,2 млрд.теңге көлемінде қаражат бөлініп, оның ішінде 48 нысанның (44 е.м., 7 жеткізуші газ құбыры 1 АГТС, 74 917 халық) құрылысы осы жылы аяқталады деп күтілуде. Қалғаны келесі жылға өтпелі болып отыр.Газдандыру саласы аясындағы жұмыс нәтижесінде Түркістан облысы тұрғындарының газбен қамту көрсеткіші 84,9 % пайызға жетеді деп көзделген. Өңірдегі елді мекендерді 100 % көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша табиғи газбен қамтамасыз етудің 2023-2027 жылдарға арналған іс-шара жоспары» облыс әкімдігімен бекітілген еді. Жоспарға сәйкес, облыстағы жалпы 319 елді мекенді 2027 жылы табиғи толығымен газбен қамтамасыз ету көзделген.
Осы тұста Түркістан өңірінде елді мекендерді газдандыру жұмысы бойынша республика көлемінде көш бастап тұр. Халық санымен есептегенде, 1 млн 750 мыңға жуық халық немесе облыс тұрғындарының 81,5% көгілдір отынға қол жеткізген. Бұл республикадағы жалпы көрсеткіштің 28,4 пайызын құрап отыр. Яғни, газбен қамтылған әрбір үшінші ауыл Түркістан өңірінде орналасқан деген сөз. Осы жылы өңірде 75 мың халық табиғи газбен қамтылады деп көзделген болатын.
Айта кеткен жөн, биыл Арыс қаласын газдандыру шарасы қарқын алған. Ресми ақпаратқа сүйенсек, осыған дейін, «Көктем-1», «Көктем-2», «Алатау» «Саяжай» және Онтам тұрғын аудандары көгілдір отынға қосылған болатын. Ал осы жылы, «Почтовый», «Баламекен», «ШПЗ», «Хлопком», «Наурыз» тұрғын аудандары газбен қамтылад деп күтілуде. Ендігі кезекте – «Стадион», Қалау датқа және Оңтүстік тұрғын аудандары газға қосылмақ.
«Ал қала орталығы мен басқа тұрғын аудандары жыл соңына дейін кезең-кезеңімен газға қосылатын болады.Бұдан бөлек, Байырқұм, Жиделі, Көкжиде, Аққала елді мекендеріне газ құбырының құрылыс жұмыстары жүргізіліп, аяқталу үстінде. Осы ретте, барша қала тұрғындарын үйге дейін монтаждау жұмыстарын жүргізіп, тиісті құжаттарын рәсімдеп, дайын отыруға шақырамыз»,- деп жазды Арыс қаласының ресми дереккөзінде.
Арыстықтарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Иә, расында бүгінде Арыс қаласы жыл санап өсіп-өркендеп, көркейіп келеді. Шаһарда ұлттық жобалар іске асып, бұл қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына септігін тигізуде.
ИНФРАҚҰРЫЛЫМ САЛАСЫНДА СЕРПІН БАР
Арыста тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға ерекше екпін түсірілуде. Нәтижесінде, жол, ауызсу, табиғи газ, жылу, жарықтандыру мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
Халық үшін күрмеуі қиын мәселенің бірі – ауыз сумен қамту саласы. Бұл мәселе мемлекеттік бағдарлама аясында шешімін табуда. Мәселен қала ішінде Саяжай-1,2,3 тұрғын аудандарында ауыз су жүйесінің құрылысы, Көктем-1, 2 тұрғын ауданында су мұнарасы мен су сорғы станциясының құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып халық игілігіне берілді. Бұдан бөлек, қала тұрғындарын жер асты ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған жоғары қысымды су магистралдық құбырын тозығы жетуіне байланысты ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Ұзындығы 12,6 шақырымды құрайтын магистралды су құбыры құрылысы биыл аяқталады деп жоспарланған. Сонымен қатар,Шағыр, Ақтас, Тоғансай, Жосалы, Бұлақты, Дарбаза елді мекендеріне жаңадан ауыз су жүйесі құрылысы қызу жүргізілуде, биыл ел игілігіне пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында Монтайтас, Саналы және Жиделі елді мекендеріндегі тозығы жеткен ауыз су құбырларына күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Нысан келесі жылға өтпелі. Нәтижесінде алты мыңнан астам ауылдастар сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Арыстағы тағы бір жағымды жаңалық. Арыс қаласында орналасқан екі орталық қазандықтар табиғи газға ауыстырылып жатыр. Соның арқасында эксплуатациялық шығындар едәуір азайып, өңірдің экологиялық жағдайының жақсаруына оң ықпал етеді. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған модульдік қазандықтар биыл аяқталады деп жоспарлануда.Бұдан өзге, былтыр «Тараз» тұрғын ауданына жаңадан кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары басталып, пайдалануға берілді. Ал қаланың ішкі орамдағы кәріз жүйесіне қайта-құру жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Жалпы, Арыста тұрғын үйлерді 2027 жылға дейін 70%-ын кәріз жүйесіне қосу бойынша іс-шара жоспары дайындалып жатыр.
Салтанат ЕСЕНҚҰЛОВА
Пікірлер (0)