Тұрсын ЖҰРТБАЙ. «Мен» өлмейді!

Руханият
view 262
news

Фото: magauin.com

Иә, ол сайын Сарыарқаның бауыздар алқымындағы саржағал жонның қолтығын ықтаған «қияндағы қыстауда» туып, күннің өзі аударылып түскен қияндағы құрлықтың Мэриленд мекенінің Parklawn MemoriaL қорымынан топырақ бұйырды.

 Қазақша айтқанда, қазақтың маңдайға басар біртуар марқасқа ұлы Мұхтар Мұқанұлы Мағауиннің жаназасы: туған жеріндегі – бұрынғы «Хан жолының» бойындағы «Көпбейіттегі» құба жартастың ұшына ымырт үйірілген зауал шақта, ал шығандағы жат жұртта – таң шапағы теңіздің үстінен қораланып жайылып келе жатқанда, түріктің Dianet Center of Amerika мешітінде шығарылып, жамбасы жерге тиіп, мәңгілік мекеніне аттанды.

Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы жолдас болсын. Өмірмен қиямет-қайымның арасындағы көмескі өмірде, Хақ иесі Алла алдына жарығын түсіре көрсін – деп имани тілек айтқан әр қазақтың көкейінде, дәл осы күндері: Неге туған жерінің бір шымшым топырағын торқа етіп жамылмады? Неге жат жұртқа жерленді. Неге шет жағалап, елін тастап кетті – деген сауал өксік боп үйіріліп тұрғаны анық. Тіпті әлеуметтік желіде: озандап, бауырымдап, сүйегін алып келу үшін қаражат жимақ болып жатқан қазақ қауымының қарасы да біршама. Соларға да, өзіме де қарата: Неге? – деген сұрақ қоямын.

Шынында да: Неге «арыстан айбатты, жолбарыс қайратты», «айбынды ғұнның, ержүрек түріктің, кемеңгер Шыңғыс ханның, асқақ Алтын орданың, оған жалғас нұр шұғылалы Алаштың әулеті» (өз сөзі), Ол – Мұхтар Мұқанұлы Мағауин! – неге өмірінің соңғы жиырма жылын шетте өткізді? Туған жерге сыймады ма, сыйыспады ма, жоқ, сыйдырмадық па? Сыймай кеткен жоқ. Әйтпесе, «азат алаштың кең аспанында еркін рухым мәңгі ұшып жүреді» деп, рухына туған жерін қорғап жүруді аманат етпес еді. Сыйыспайтындай, өз толқынында жан қиыспас жан досы Әбіштен (Кекілбай) басқа онымен төс қағыстырып, иық тірестіретін тең тұлға болған жоқ (Тікенін ішіне жасырған кірпі-күншілдерді санатқа қоспаймын).

Сонда, сыйдырмадық па? Иә, дәл солай, шамшыл жұртым менің! Неге оның өмірі өзі айтқандай, «жанталасты арпалыспен» өтті? Иә, оның бас асауы ешқашан басылған жоқ, кеудесін ешкімге бастырмады, бірақ ешкімді өзі де басынбады, сырты – сұсты, іші – жүрегі жылы еді. Сөйте тұрып, ата сөзінің намысы үшін атойға жалаңтөс шықты. Түгелін қазбаламайын, тек еске салайын:

Бірінші: ол мәлін (жолбарыстың баласы) кезінен – жиырма мен отыздың арасында қазақ әдебиетінің тарихын бес ғасыр ары апарамын деп, академиктермен айтысып, докторлармен таласып, күшігендермен жұлысып, таланға түсті. Сонда, ұстазы Б.Кенжебаевтан, Ғабит Мүсірепов пен Әлкей Марғұланнан басқа кім арашаға жарады. Бүркіт Ысқақов марқұмнан басқа бір адам баспасөзде жылы қабақ танытпады. Өзі айтпақшы, «ісі – ақ, Көк Тәңірі – жақ болды. Жеңді. Марқұм, Алтынбек Сәрсенбаевтың: «Қобыз сарыны» үшін Мұхтар Мағауинге «Халық қаһарманы» атағын беру керек. Әлі де кеш емес!» – дейтіні сондықтан. Ондай қысымды кеңес тұсында Мұхтар Әуезовтен басқа еш адам көрген жоқ. «Жас, қайратты, әруақты еді, шыдады, жеңді» (Өз сөзі). Өкініштісі, «жыраулар әдебиетін» жоққа шығарғандар және олардың «шәкірттері» Мағауинге өмір бақи оппонент күйінде тісіне тісін басумен болды.

Екінші: бес жыл тыныс ап, «Кешқұрымнан» бастап «Көкмұнарға» дейінгі көркем дүниелер жазып, енді ғылымға қайта аңысы ауып, ұстазы М.Әуезов бастап кеткен Абайдың ақындық мектебі туралы докторлық диссертацияға ден қойды. Шәкерімнің өлеңдерін «Қазақ поэзиясының антологиясына» кіргізіп, Ленинградтан (Санкт-Петербургтен) орыс тілінде шығарды. Енді, тіс қағып қалған «шәкірттер» іске кірісіп, әдебиет институтын былай қойып, жазушылар одағында талқыланып, қаулы дайындалды. Бұл майданның тұсында, азаматтықтың «алмас қылышы» Ілияс Есенберлин марқұм Одақтың екінші хатшысы құқын пайдаланып, тосқауыл қойды. Ақыры, орыстың бір ғалымы зекіп қалып еді, «шәкірттердің» үні өшті. Әйтеуір, Орталық комитеттің талқылауына жетпей (жетсе, міндетті түрде «ұлтшыл», «жалған ғалым» атанар еді) тоқтады.

Үшінші: енді ғылымнан бір жола көңілі суыған Мағауин бар қуатын қалам ұшына жұмсады. Нәтижесінде, классикалы үлгідегі тарихи роман «Аласапыран» жарыққа шықты. Әдеби ортаның сыбысы көбейді, әдеби сынның үні өшті. Тек, Жарасқан Әбдірәшевтің тапсыруымен Жанболат Аупбаевтың пікірі шықты. Екінші кітап шыққан соң, Мағауин өзінің айбатына мініп, Мемлекеттік сыйлық алған соң ғана, әлгі «Аласапыранды» «аласапыран» еткісі келгендердің үні өшті. Өшкен жоқ, әлі де қыңсыл мен күңкіл естіліп қалады.

Төртінші, ұлттың тәуелсіздік алған тұсындағы қатерлі бағыттарды сынға алған «Жармақ» романы жарық көрген соң, Мұхтар Мағауинге қарсы ашық та, астыртын да арандатулар басталып, мұның ақыры саяси-әкімшілік, парламенттік қуғынға ұласты. Өзіне ескертпестен, «Жұлдыздың» Бас редакторлығынан алынды. Жиырма шақты Халық Депутаты (!) ашық үндеу жариялап (Оны М.Мағауиннің өзі «Жұлдызға» басып, тиісті жауабын берді), саяси айып тақты. Маған өзінің айтуынша: үйінің алдына қауіпті топтар жиналып, балағат сөз айтып, елден кетуін талап еткен. Ақыры, өміріне тікелей қауіп төне бастаған соң, Астанаға кеп, досы Әбішпен ақылдасып (Бұл Әбіштің де астыртын қудаланды болған кезі), Моңғолия мен Еуроодақ ұсынған саяси баспана құқын пайдаланып, Прагаға кетуге мәжбүр болды.

Арасында екі рет елге келгенде, өзгесін айтпайын, өзінің Отаны Семейде қасына еріп жүретін демейін, сәлем берген үлкенді-кішілі әкімсымақтар табылмады. Оған мен өзім куәмін. Соңғы жолы, Абай «Жазды күн шілде болғанда» атты өлеңін жазған Көпбейіттегі ата қыстауына барып, көзінің жасын бір бұлап алып: «Енді менің сүйегімнің де қадірі сенде бола қоймас» деген оймен, өзінің денесін еліне әкелмеу туралы өсиетін жариялап еді.

Мен сыртынан ғана сыдырта шолып өткен бұл ашық-жабық қуғын сүргіннің себеп-салдарын әр тұста «Жас Алаш» газеті жұртқа жеткізіп, жазушының ішкі азабы мен буырқанысын, шығармашылық жұмысын дер кезінде мағлұмдар етіп отырғандықтан да, қиын кезеңде демеу берген баспасөз орнына құрметім ретінде, азалы сөзді аңырап емес, Отанын сүйген ұлтшыл (Иә, ол бұл сөзді мақтанышпен, өр дауыспен айтатын) ұлды «жерінен айырған кімнің екпіні» (Махамбет, «Қызғыш құс») екенін ашық айтып, шындықтың өзін «жоқтау не бақұлдасу сөзі» етіп алдым. Енді, неге Мұхтар Мұқанұлы Мағауин өзінің жат жұртта жерленуін қалағаны түсінікті болар. «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме» деп Абай айтқандай, аруақтың тіршілігіндегі шешімін талқыға салмай, біздің де «тыныштық бергеніміз» дұрыс болар.

Иә, оның еркіндікке ұмтылған бас асауы басылмады. Иә, асылық сөзді көтермеді, кеудесін бастырмады. Өзінің, Мұхтар Мағауиннің «Менін» сақтап қалды. Ал «өзіндік намысы жоқ» (Абай), өзіндік «Мені» жоқ адам тұлға бола алмайды. Абай айтқандай, «менікі» өлгенмен, «МЕН» – Ол өлмейді. Демек, Мұхтар Мағауиннің рухы мәңгі тірі.

Қалайықтың алғауымен, қазақ дәстүріне сай, отбасына көңіл айтып, Мұхаңның өзіне әзіл-шынын араластыра отырып: Дүниеде жары мен баласын Мағауиндей аялап, құшағы мен бауырына басқан қазақ жоқ. Сондай-ақ жары мен балаларының қызығын көріп, солардың жан жылуына бөленген еркек және жоқ – деген сөзімді соңғы рет естірте айтамын. Құшағыңыз суығанмен, Бақыт апай, бауырыңыз суымасын. Бауыр ет – балаларыңыз аман, сау, ырыздықты болсын.

 

zhasalash.kz

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *