Тұрсыновтың елден кетуі өз таңдауы, ал туындылары керемет сезім қалдырмайды - депутаттар

Жаңалықтар
view 92
news

Сурет: Ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаттары режиссер Ермек Тұрсыновтың елден кетіп қалуына пікір білдірді, деп хабарлайды Janabastau.kz Malim.kz-ке сілтеме жасап. 

Депутат Жұлдыз Сүлейменова жаһандану заманында Тұрсыновтың елден кетіп қалуы өз құқығы екенін айтады. 

"Бірақ мен оның бірде-бір туындысын мемлекеттің қаржысын жұмсап, жасауға болатын туынды деп санамаймын. Маған оның туындылары керемет сезім қалдырмайды", - дейді депутат. 

Тағы бір халық қалаулысы Ұласбек Сәдібековтің сөзінше, Ермек Тұрсыновты режиссер есебінде, патриот ретінде бағалайтын азамат. 

"Ал кеше әлеуметтік желіде айтқан мәселесін мен түсінбедім. Қандай мақсатпен, не үшін кетіп жатқаны мен үшін жаңалық болды", - дейді депутат. 

Ал "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев Тұрсынов дарынды режиссер екенін атап өтті. 

"Меніңше, оның елден кетуін біздің айыптауымызға құқығымыз жоқ. Әркім өз жолын өзі таңдайды. Бірақ елден кетуге мәжбүрледі деп жатыр. Басқа мемлекеттік органдар оның үстіне ешқандай қылмыстық іс қозғалмағанын айтты. Тағы не деп айтарын көрейік", - дейді Перуашев. 

Депутат Нартай Аралбайұлы шығармашылық адамдар елден жаппай кетіп жатпағанын айтады. 

"Бұл бір ғана кейс. Желідегі ақпарат бойынша ол азаматтың отбасы, бала-шағасы шетелде екен. Сондықтан шетелге отбасына кеткен шығар", - дейді ол. 

Ермек Тұрсыновтың елден кетіп қалуына депутат Амантай Жарқынбек те пікір білдірді. 

"Ол жайлы жан-жақты ақпаратым жоқ. Әлеуметтік желіде әртүрлі әңгіме айтылып жатыр. Елден кету туралы үрдісте кезінде Мұхтар Мағауин туралы айттық, басқасын айттық. Өнер адамының елде болғаны дұрыс деп ойлаймын. Егер заңға қайшы нәрселер жасалған болса, құқық қорғау органдары баға берер", - дейді депутат. 

Депутат Жигули Дайрабаев әркім өзінің қалауы білетінін атап өтті. 

"Ол азамат сырттай жақсы режиссер екенін білемін. Бірақ жеке таныстығым жоқ. Қазір әлем кең ғой. Мүмкіндіктер бар. Білімін арттырайын деген шығар", - дейді Дайрабаев. 

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев та бұл Ермек Тұрсыновтың өз таңдауы екенін, оған ешкім кедергі жасай алмайтынын жеткізді. Ал Ардақ Назаров бұл жағдайды естімегенін айтты. 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *