Туыстары мемлекеттік тікұшақпен ұшып жүр: Қырғызстан президенті жиенінің бұл әрекетін қалай түсіндірді?
Сурет: ғаламтордан
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров жиеніне жасалған үйлену ұсынысына қатысты пікір білдірді,- деп хабарлайды Janabastau.kz.
Жапаровтың жиені Лаззат Нұрқожаеваға 24 маусымда Оруу-Сай шатқалында ұсыныс жасалған. Бойжеткен ол жаққа сүйіктісімен бірге Қырғызстан төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшағымен барған. Бұл оқиға тұрғындар арасында наразылық тудырды. Әлеуметтік желі қолданушылары президенттің туыстарының әрекетін қатаң сынға алды.
Садыр Жапаровтың айтуынша, Лаззат Нұрқожаеваның болашақ күйеуі президенттің ысырапшылдыққа бармау туралы бастамасын қолдауы керек еді.
"Дұрыс айтасыз, ысырапшылдықты тоқтату керек деп айтып жүрмін. Ең болмаса, болашақ күйеу балам бұл бастамамды қолдап, мені де, өзін де қоғамнан сынаны қалдыратынын ойлануы керек еді. Әлі жас болғандықтан осылай жасады деп ойлаймын", – деді президент.
Жапаров Қырғызстанның төтенше жағдайлар министрлігі жаңа тікұшақтар сатып алғанын атап өтті.
"Біз тікұшақтарды коммерциялық мақсатта пайдалануға рұқсат бердік, олар өз құнын ақтауы керек қой. Әрбір тиын мемлекет бюджетіне түседі, осылайша әуе кемелері де тұрақты жаңартылатын болады", – деді Садыр Жапаров.
Қазір республика бойынша 20-ға жуық тікұшақ бар. Садыр Жапаров туған-туыстары мен балаларына қатаң талап қоятынын баса айтты.
"Мен оларға бұрынғы басшылардың қателіктерін қайталаудың қажеті жоқ екенін үнемі айтып отырамын, мемлекеттік істерге араласпауларын сұраймын", – деді ол.
Президент жиенінің әрекеті үшін кешірім сұрады.
"Бұрын басқаларды сынайтынмын, қазір өзімнің жиенім үшін халықтан кешірім сұрап отырмын. Ол әлі жас, осы оқиғадан дұрыс қорытынды шығарады деп сенемін”, – деді президент.
Пікірлер (0)