Үкімет басшысы қазақ тілінде баяндама жасаған вице-министрді мақтап қойды
Фото: видеодан скрин
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкиннің мемлекеттік тілде жасаған баяндамасын жоғары бағалап, мақтап қойды, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
«Дұрыс, үйрену керек»
Көлік-транзит саласына цифрлық шешімдерді енгізу туралы баяндама жасай шыққан Коняшкин трибунаға көтерілген сәттен бастап сөзін толық қазақ тілінде оқып берді. Бұл қадам Үкімет басшысының оң пікіріне ие болды.
Жақсы, қазақ тілінде баяндадыңыз. Дұрыс, үйрену керек, – деді Олжас Бектенов.
Вице-министр қазір транспорттық-транзиттік саладағы 38 мемлекеттік қызметтің барлығы онлайн форматта көрсетілетінін айтты. Сондай-ақ 2024 жылы қызметтердің 94 пайызы электронды түрде орындалғанын, бұл цифрлық сервистердің азаматтар мен бизнес үшін қаншалықты қолайлы екенін көрсететінін жеткізді.
Ростислав Коняшкин кім?
Ол 1989 жылы Жамбыл облысында туған. М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген.
Еңбек жолын 2011 жылы «KazTransCom» ERP-Service» ЖШС консультанты болып бастаған.
2011-2012 жылдары — «KazTransCom» ERP-Service» ЖШС «Интергаз Орталық Азия» АҚ және «Қазтрансгаз» АҚ кәсіпорындары жобасының консультанты.
2012-2014 жылдары — «Astana Innovations» АҚ-да түрлі қызметтер атқарды.
2014-2015 жылдары — «Ақпараттық талдау орталығы» АҚ Электронды оқытуды дамыту орталығының бас менеджері, жобалық менеджері.
2016 жылы — «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Мемлекеттік қызмет көрсетудің әдіснама департаментінің бас маманы.
2016-2017 жылдары — «Өрлеу» инновациялық технологиялар орталығы» ЖШС жобалар бойынша менеджері.
2017-2019 жылдары — «Транстелеком» АҚ орталық аппаратының «Жобалық менеджерлер, АТ кеңсесі» бағыты бойынша жобалық менеджері.
2019-2020 жылдары — «Tengri Lab» ЖШС жобалық кеңсесінің басшысы.
2020 жылы — ЦДИАӨ министрлігі Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті төрағасы орынбасарының м.а.
2020 жылғы қазан айынан — ЦДИАӨ Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті төрағасының орынбасары.
2021 жылдан бері «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы.
2024 жылғы қазан айы – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің вице-министрі.
2025 жылғы қазан айы – Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі.
Пікірлер (0)