Бақыланған баяулау
Инфляцияның тұрақтануына ең алдымен тарифтер мен жанармай нарығындағы шаралар, салықтық рақымшылық және ішкі сұранысты қолдау әсер етті.
Өткен жылы ел экономикасында бірқатар маңызды реформалар жүзеге асты: тарифтік саясат қайта қаралды, салық жүйесі жаңартылды, энергетика және жанармай нарығы ырықтандырылды. Қазан айында алғаш рет бетбұрыс байқалды – инфляция 12,9%-дан 12,6%-ға дейін төмендеді.
Бір қарағанда 0,3 пайыздық тармаққа төмендеу мардымсыз көрінуі мүмкін, бірақ бұл көрсеткіш экономикалық үрдістің дұрыс бағытта екенін дәлелдейді. Негізгі үлесті тарифтік сала қосты.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, ақылы қызметтердің бағасы бір айда 0,8%-ға төмендеген – бұл соңғы бір жыл ішіндегі алғашқы төмендеу. Мұндай нәтиже 16 қазанда күшіне енген коммуналдық тарифтер мен жанармай бағасын уақытша көтеруге тыйым салу шарасының тікелей әсері.
Бұл тәсіл "тұрақтылық дәлізі" іспетті болды: мемлекет бағаға қолмен араласпай, тек уақытша шектеу енгізу арқылы экономиканың бейімделуіне мүмкіндік берді. Бұл реформаларды тоқтату емес, керісінше — басқарылатын баяулау, яғни халықты бағаның күрт өсуінен қорғап, бизнестің шығындарын қайта жоспарлауына жағдай жасау.
Тарифтер мен сенім: әлеуметтік тұрақтылықты сақтау
Коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий 2026 жылдың алғашқы тоқсанының соңына дейін ұзартылды. Бұл шешім халық пен бизнес үшін "тұрақтылықтың зәкірі" болды – мемлекет реформалардың бағытын бақылауда ұстап отырғанының айқын белгісі.
Сонымен қатар Үкімет коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары тоқтатылмағанын атап өтті. Табиғи монополиялардың шығындарын оңтайландыру есебінен тарифтерді ұстап тұру инвестицияларды азайтпай жүзеге асырылып жатыр.
Бұл тәсіл әлеуметтік қорғау мен нарықтық тәртіп арасындағы тепе-теңдікті көрсетеді. Ұзақ мерзімде мұндай саясат инфляция 5–6% деңгейіне түскеннен кейін тарифтерді біртіндеп және болжамды түрде өсіруге мүмкіндік береді.
Жанармай мен азық-түлік нарығындағы бақылау
АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын шектеу де маңызды рөл атқарды. Өйткені жанармай бағасы көлік және азық-түлік логистикасының шамамен 20%-ын құрайды, демек оның тұрақтылығы нарықтағы жалпы баға деңгейіне тікелей әсер етеді.
Мораторий енгізу арқылы тасымал мен өндіріс шығындарының өсуі тоқтатылып, инфляцияның қосымша әсерлері болдырылмады.
Сонымен қатар азық-түлік тұрақтандыру қорларына бөлінетін қаржы екі есеге артты, ал ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қолдау күшейтілді. Бұл тек бағаны ұстап тұру емес, сонымен бірге ішкі өндірісті арттыру арқылы отандық өнім үлесін көбейтуге бағытталған саясат.
Салықтық жеңілдіктер және бизнес сенімі
2026 жылдан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі енгізіледі. Бірақ шағын және микро бизнес үшін өтпелі кезең жеңілдетілген түрде өтеді: 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін олар негізгі қарыздарын айыппұлсыз және өсімпұлсыз төлей алады, ал салықтық тексерулер мен камералдық бақылау тоқтатылады.
Бұл шешім бизнестің мемлекетке деген сенімін арттырып, жаңа мүмкіндіктер ашуға жол береді. Сонымен қатар кәсіпкерлер үшін жеңілдетілген салық режимі сақталып, әкімшілік жүктеме азаяды.
Премьер-министр Олжас Бектенов атап өткендей, Үкімет жұмысының басты мақсаты – әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыру. Дәл осы сенім мен дәйектілік қағидаты жаңа экономикалық модельдің өзегіне айналуда.
Ипотека және ішкі сұранысты қолдау
Қазан айында жеңілдетілген ипотека бағдарламалары кеңейтілді. "Наурыз" және "Наурыз-Жұмыскер" жобаларына бөлінетін қаржы екі есеге ұлғайып, 500 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар "Әскери баспана" бағдарламасы қайта іске қосылды.
Бұл құрылыс саласы үшін – жаңа тапсырыстар, отбасылар үшін – баспанаға қолжетімділік, ал жалпы экономика үшін – тұтынушылық сұранысты ынталандыру деген сөз.
Инфляцияның 0,3 пайыздық тармаққа төмендеуі – алғашқы нәтиже ғана. Үкімет 2026 жылы инфляцияны 9–11% деңгейіне дейін төмендетуді жоспарлап отыр.
Тарифтерді шектеу, жанармай мен азық-түлік нарығын бақылау, шағын бизнесті қолдау және ішкі өндірісті дамыту – бәрі де тапшылықсыз және күрт өзгерістерсіз тұрақты экономикалық бейімделуге жол ашуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: "Экономикалық реформалардың басты мақсаты – жай ғана ЖІӨ өсімі емес, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және болашаққа деген сенімділік". Қазан айындағы нәтижелер осы бағыттың тиімділігін айқын көрсетті.
Пікірлер (0)