«Үлкен» адамдардың қатысы бар»: Шүкеевтің қарындасы қол астындағы қызметкерді негізсіз жұмыстан қуған
Фото: коллаж Todayinfo.kz
Түркістан облысының бұрынғы әкімі Өмірзақ Шүкеевтің қарындасы Ләззат Шүкееваның іс-әрекетіне қатысты дау қайтадан назарға ілікті. Желіде жарияланған жаңа мәліметке сәйкес, Қазынашылық департаментінің бұрынғы қызметкері Загила Рахымбаева әлі күнге дейін әділдік таба алмай, күресін жалғастырып жүр. Бұл ақпаратты қоғам белсендісі Жан Ахмадиев жариялады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Todayinfo.kz-ке сілтеме жасап.
Даудың басы...
Загила Рахымбаеваның айтуынша, ол басшылық қызметке тағайындалған сәттен бастап Ләззат Шүкееваның қысымына ұшыраған. Оның сөзінше, жоғары лауазымды тұлға маңызды құжаттарға көз жұма қарауды талап еткен, ал өзі бюджет қаржысының заңсыз жұмсалуына жол бермеу үшін қарсы тұрған.
Мен қазынашылық департаментінде жетекші маман әрі бөлім басшысы болдым. Қызметім жоғарылаған күннен бастап Шүкеева Ләззат Исаевна маған түрлі қысым көрсете бастады. Заңға қайшы әрекеттерге көз жұмуымды талап етті. Мен бұл әрекеттерге келіспедім, бюджет қаражаты бұзылмауы үшін күрестім. Бірақ соңы менің жұмысымнан қуылуыма алып келді, — дейді Рахымбаева.
«Бұған «Үлкен» адамдардың қатысы бар...»
Оның айтуынша, алдымен оған заңсыз сөгіс беріліп, кейін лауазымынан төмендетілген. Прокуратура бұл қысымның заңсыз екенін растағанымен, мәселе оң шешімін таппаған. Қызметкердің айтуынша, өзі бастан өткерген қудалау алдын ала ұйымдастырылған жоспарлы әрекетке ұқсайды.
Мен істің кассациялық сотқа дейін жетуін талап етемін. Бас прокурордың жеке бақылауына алынғанын қалаймын. Бұл оқиғаға «үлкен» адамдардың қатысы бар екені анық байқалады, оған дәлел болатын айғақтар жеткілікті, — дейді ол.
Загила Рахымбаева бірнеше жыл бойы өзіне қатысты әділетсіздіктермен күресіп келе жатқанын айтып, мемлекеттік органдардан түбегейлі шешім күтетінін жеткізді.
Пікірлер (0)