Варшава конференциясында Қазақстанның қақтығыс аймақтарынан балаларды қайтару тәжірибесі таныстырылды
Фото
Қазақстан қақтығыс аймақтарынан оралған балаларға кешенді қолдау көрсетіп, заңда көзделген шараларды оңалту және қоғамға қайта бейімдеу жұмыстарымен ұштастырады. Бұл туралы Варшавада өтіп жатқан ЕҚЫҰ-ның Адами өлшем жөніндегі конференциясында «Қазақстан азаматтары» қоғамдық бірлестігінің президенті Дмитрий Полтаренко айтты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Оның сөзінше, Қазақстанның тәжірибесі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен адам құқықтарын қорғау бағыттарының бір-біріне қайшы келмей, қатар жүзеге асырылуы мүмкін екенін көрсетеді.
«Қазақстанның ұстанымы айқын: терроризмге қарсы тиімді күрес заң үстемдігіне, адам құқықтары мен адам қадір-қасиетін құрметтеуге негізделуі керек», – деді Дмитрий Полтаренко.
Ол радикалдануды тек дінмен байланыстыруға болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл үдеріске әлеуметтік, психологиялық, саяси және идеологиялық факторлар әсер етуі мүмкін.
«Сондықтан діни сенім, консервативті көзқарас, радикализм, экстремизм және терроризм ұғымдарын нақты ажырата білу қажет», – деді ол.
Полтаренко Сириядағы қақтығысқа қатысып, кейін Қазақстанға қайтарылған азаматтармен жүргізілген жұмысты да атап өтті.
«Қақтығыс аймақтарынан қайтарылған балалар Қазақстанда ең алдымен қақтығыстан зардап шеккен, қорғауды, оңалтуды және қоғамға қайта кірігуге көмекті қажет ететін балалар ретінде қарастырылады. Бұл ретте олардың ата-аналарының әрекетіне қарамастан, балалардың мүддесі бірінші орынға қойылады», – деді ол.
Қазақстанда ЮНИСЕФ-пен бірлесіп балаларды қорғаудың ұлттық жүйесінің мүмкіндіктеріне бағалау жүргізілді. Сондай-ақ қақтығыс аймақтарынан оралған балалар мен олардың ата-аналары немесе қамқоршылары үшін көрсетілетін қызметтердің ең төменгі пакеті әзірленіп, олардың қолжетімділігі мен сапасын бағалауға арналған мониторинг жүйесі қалыптастырылды.
Оралған балалармен жұмыс жалпы бала қорғау жүйесіне енгізілді. Оларға психологиялық қолдау көрсету орталықтары, отбасыны қолдау орталықтары, қорғаншылық және қамқоршылық органдары, сондай-ақ білім беру жүйесі арқылы көмек көрсетіледі.
Оңалту жұмыстары ересектерге де жүргізілді. Қазақстанға оралған 191 әйелдің 18-і радикалды идеологияны насихаттау және өз ортасындағы адамдарды террорлық әрекетке тарту фактілері бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Соған қарамастан оларды оңалту жұмыстары жазасын өтеу орындарында да жалғасты.
«Оңалту жұмыстарының оң нәтижесі жаза түрлерін қайта қарауға, оның ішінде бас бостандығынан айыруға байланысты емес шараларды қолдануға мүмкіндік берді. Барлық әйел мерзімінен бұрын босатылып, тұрғылықты жерлеріне оралды», – деді Полтаренко.
Оның айтуынша, бұл тәжірибе қылмыстық жауапкершілікті оңалту, қоғамға қайта бейімдеу және әр адамға жеке тәсіл қолданумен қатар алып жүруге болатынын көрсетті.
Полтаренко терроризмге қарсы іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі ретінде алдын алуды атады. Оның сөзінше, бұл ретте білім беру, сыни ойлау қабілетін дамыту, медиасауаттылық, отбасы мен азаматтық қоғамның қатысуы, сондай-ақ жастардың қоғамға кірігуіне мүмкіндік жасау маңызды рөл атқарады.
«Қазақстан терроризмге қарсы тұрақты әрі нәтижелі іс-қимылдың негізі оның алдын алудан басталады деп есептейді», – деді ол.
Пікірлер (0)