Венесуэланы бір түнде бомбалаған АҚШ әскері ел президентін ұстап әкетті
Фотосурет: Reuters
АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында Венесуэла президенті Николас Мадуроның зайыбымен бірге ұсталып, елден эвакуацияланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл операция АҚШ-тың құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізілді. 3 желтоқсанда (Астана уақытымен 21:00-де, -ред.) АҚШ президентінің Мар-а-Лаго резиденциясында Венесуэладағы жағдайға қатысты баспасөз конференциясы өтеді, – деп жазды Трамп.
Еске сала кетсек, бүгін АҚШ Венесуэланың бірнеше штатында азаматтық және әскери нысандарға соққы жасаған болатын. Ел астанасы Каракаста 7 жарылыс болған. Куәгерлердің айтуынша, Венесуэла астанасындағы ірі әскери нысандардың үстінен түтін көтерілген. Олардың қатарында Ла-Карлота әуе базасы мен Фуэрте-Тьюна әскери базасы бар.
Бұл соққылар Венесуэла Қорғаныс министрінің үйіне және ел астанасындағы портқа да тиген.
Венесуэла президенті Николас Мадуро елде төтенше жағдай режимін жариялады. Десе де ол кейін мүлде хабарсыз кеткен. Жергілікті БАҚ бірнеше жоғары лауазымды шенеуніктің қаза табуы мүмкін екенін жазып жатыр. Колумбия президенті Густаво Петроның айтуынша, АҚШ Венесуэла Парламентінің ғимаратына да соққы жасаған.
Бірнеше сағат бұрын ғана президент Мадуро Каракаста Си Цзиньпиннің арнайы өкілімен кездесу өткізген екен. Қытай делегациясының Венесуэладан кеткен-кетпегені әзірге белгісіз.
Бұл ретте америкалық тарап Мадуро билігін «есірткі мемлекеті» деп айыптап, былтырғы президенттік сайлауда нәтижелердің бұрмаланғанын алға тартып отыр. Оппозиция да сайлауда Мадуроның шынайы қолдауға ие болмағанын бірнеше рет мәлімдеген болатын. Ал Николас Мадуро АҚШ Венесуэланың әлемдегі ең ірі мұнай қорына иелік етуді көздеп, өзін биліктен күшпен кетіру үшін қысым жасап жатқанын айтқан.
Қазір Венесуэланың Қорғаныс министрі Владимир Падрино халықты қарсылық танытуға шақырып отыр.
Еркін әрі тәуелсіз Венесуэла біздің тарихымызға жат шетелдік әскердің басып кіруіне қарсы тұрады. Олар келген жеріне тек өлім, қайғы мен қирандылар ғана қалдырған. Бүгін біз өз жерімізді қорғау үшін жұдырығымызды түйіп, бірлік арқылы жеңіске жетеміз, – деді Падрино мемлекеттік телеарна арқылы тараған үндеуінде.
Соңғы апталарда АҚШ-тың Венесуэлаға қарсы ашық әскери қимылдары Латын Америкасы елдерінде алаңдаушылық тудырды. Вашингтон аймақта мұндай тікелей араласуды соңғы рет 1989 жылы Панамаға басып кіріп, ел басшысы Мануэл Нориеганы биліктен тайдырған кезде қолданған еді.
Венесуэла оппозициясының жетекшісі, жуырда ғана Нобель бейбітшілік сыйлығын алған Мария Корина Мачадо әлеуметтік желіде болған жағдайға қатысты ешқандай ресми пікір білдірмейтінін мәлімдеді.
Венесуеланың жақтастары Куба мен Иран бұл шабуылды қатаң айыптап, Тегеран оны «ұлттық егемендік пен аумақтық тұтастықты өрескел бұзу» деп атады және оған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін араласуға шақырды.
Пікірлер (0)