«Халық әртісі», «Халық жазушысы» деген атақтардың күшін жойғызсаңыз қайтеді» - жазушы
Руханият
683
Фотосурет ашық дереккөзден
JANABASTAU.KZ - «Ер шекіспей, бекіспейді» деу шындық. Әбең қырық жыл бойы маған қиянат-қысастықтың бәрін жасап, қыр соңымнан қалмаған қастасым еді. Ақыры өз кінәсін мойындап, кешірейіп кешірім сұрап, соңғы бес жылда екеуіміз аға-інілік қарым-қатынаста болып едік, деп жазды ақын, жазушы Софы Сматаев facebook әлеуметтік желісіне.
«Елім-айыңды» кітап қып шығартпауға қатты ден қойып, баспа директоры Әбілмәжін, министр Шериаздан, хатшы Саттарға тапсырғам. Бірақ маған белгісіз бір жолды тауып кетіп, романыңды шығарып алдың. Ілесе екінші кітабы да жарық көрді. Қос кітабың «жылдың тең үздік кітаптары» болып, мемсыйлыққа ұсынылды. Сенің бес рет бәйгеге түскеніңді білем. Ал мен саған бес рет қарсылық жасағаным, төңірегімдегілерге қарсылық жасатқаным да рас. «Коней на переправе не меняют!» дегенім де есімде. «Халық жазушысы» атағына ұсынылғаныңды естігенде, фамилияңды ауыстыртуға мемхатшы Әбішті араластырдым. Президенттің «Анкарадағы» қабылдауында болғанымызда, оның саған берген уәдесін қасында тұрып естігем. Көп кешікпей Астанаға ұшып барып, Әбішке кіргем. Ойымды Әбішке жеткізіп, енді екеуіміз Нұрекеннің (Нұрсүлтан Назарбаев, ред.) алдына бардық.
– «Нұреке, осы «Халық әртісі», «Халық жазушысы» деген атақтардың күшін жойғызсаңыз қайтеді. Өйткені сол атақтарға тым көбейген құмартушылар Сізге арыз-өтінішін қардай жауғызып, Өзіңізге өкпе тағып, араз-құраздықты күшейтеді» – деген уәждерді үйіп-төге салдық, Президент те оп-оңай келісе кетті…
– Сөйтіп сен, Софыжан, тағы да сол атақтан біржолата қағылдың. Кей-кейде әртістерге обал жасадым-ау деп күрсінетінім бар. Ал, келінжан, бұл ашылуым мынау бір асым етіңе көрсеткен ниетім емес. Мынау Софының азаматтығын, талант-дарынын анық танып, өзімнің ағаттығымды сезінген сырым мен шыным».
Әбдіжәміл Нұрпейісов
21.01.2011 жыл
Кетті елімнен тас құрсауы кеңестің,
Ашылғандай болды алдан көмескім.
Үш ғасырдай ерттеп мінген Русьтің
Боданы да, одағы да емеспін.
Ал тасиын бөркімді атып аспанға,
Тәуелсіз боп алғаш қадам басқанда.
«Уай, Алашым! Көтер туды жоғары!
Азаттықта атта ілгері!
Жасқанба!»
Осы ұранмен ояндым да құлпырдым.
Бір сүріндім,
Бір құладым,
Бір тұрдым.
Ортадағы ортағымды талап төр
Мың түрлі боп кетті лезде бір түрлім.
Кен де,
Жер де тулақтай боп таланды.
Кезіп кетті бір даңғойлық даламды.
Одан, бұдан аш бөрілер құйылды
Төбемізге төңкере сап ғаламды.
Зауыт кетті қоржынында кірменің.
Құлпы ашылды керегесіз іргенің.
Ауып кетті қазақ кеңшар жойылып,
Итінің де ести алмай үргенін.
Ел адасты шаң боратқан жолынан.
Іште бұқты өксік жұтқан мол ұран
Жем аңдыдық бұралқы иттей мөлиіп,
АҚШ,
Қытай,
Һәм түріктің қолынан.
Састық, қаштық қырдан ойға, не керек.
Жүрек соқты жер мен көкке: «Негелеп?»
Табылмады сор тірліктің жауабы
Тас маңдайға сол сұрақты шегелеп.
Аспандатқан аспанына қиялын
Мәңгірді де қаңғып қалды зиялым.
Профессор кебіс сатып базарда,
Богеманың қырт ұрлады күй, әнін.
Қаламгер ше?
Тақырланып қалтасы,
Талақ болды поэзия – қалқасы.
Гонорары – қара нары оққа ұшып,
Сілекейі – болды сорар малтасы.
Бедері мен беделінен ажырап,
Бос кеудесі қоя берді азынап.
Бас шұлғытты билік
Көзді сүзетін
Біразына сүйек тастап азырақ.
Ет түгілі түспесе ішке тас бұршақ,
Қол жоюдан тыйылар ма аш құрсақ.
Қайдан шықсын қаламгерден қайраткер
Қалталының табанына басты ұрсақ.
Білді соны төрелерім төрдегі
Қарсы атылған кірді оп-оңай көрге ері.
Көптен – тобыр,
Ал тобырдан ез жасап
Сүмеңдету – болды олардың ермегі.
Бөз орнына сөз берумен лепіріп,
Көкіректен атты билік кекірік.
Азаматты азғырумен көпіріп,
Шындықты ұрлап алға шықты өтірік.
Жарылқаулар жалғандықпен жалғасты.
Атақ, сыйлық ар, иманмен арбасты.
Дүмділерім үнділерді жеңгендей
Ет-терісіз қалдырмақ боп әр басты.
Ордені мен медальдарын қаптатып,
Сыңғырымен қызыққанды жатты атып.
Кеуделерге қадай берді жыл сайын
Көсемдерін күмпілдете мақтатып.
Академик,
Генералдар үймелеп,
Мантия мен
Мундирлерін киді елеп.
Әлгілердің көптігінен көз тұнды,
Бірін бірі жеп қоярдай
Күйгелек.
* * *
Жыл жылжыды.
Ай жүгірді.
Күн ұшты.
Еселеді несібені, ырысты.
Инфаркт,
Инсульт қабат-қабат килігіп,
Дерттің өрті қысты біраз тынысты.
Тар төсекке таңса да көп кеселім,
Қайсарландым.
Қайтқан емес меселім.
Мен нәр алдым тілеуінен халқымның,
Сақтап жүрген мені өз ұлтым,
Осы елім!
Сыр, жырымды арнадым да жұртыма,
Ырзалығын құйдым іші, сыртыма.
Азаматын ардақ тұттым Алаштың
Алаңдамай аяқ шалғыш қыртына.
Қазағымның құшағына бөлендім.
Ұлы болдым,
Құлы болдым мен елдің.
Алмасам да еш атағын биліктің
Алашымның ақыны боп елендім.
Көргенде ұлтты нарық илеп қинаған,
Үй бағам да,
Үйге симай қиналам.
Қан ғып құям қаламымның ұшына
Қайсарлықты халқым үшін жинаған.
Өжеттікті өзектестен іздеумен
«Құл тірліктің қыл бұғауын үз!» деумен
Ақсақалдық асуына аттадым,
Артта қалып
Жігіт – жастық,
Қыз – дәурен.
Ашылсын деп ақиқаты әр істің,
Қанағатсыз жемқорлармен алыстым.
... Қылтамақ қып,
Қыл үстінде тұрды өмір,
Сөне жаздап, сөне жаздап кәрі ұшқын.
Көк пе,
Хақ па оң қараған?
Сөнбедім!
Қайта тудым!
Ел мұңына шөлдедім.
Ұлт зарына ұл боп жырмен үн қостым,
Қатар түсіп жеңілгенім,
Жеңгенім.
«Таныт елге шенеуніктің түс-кейпін!»
Деп әділет қаламымды күштейтін.
Болып қалдым күресем деп жүргенде,
Аурухана төсегінен түспейтін.
... Өзгереді енді әңгімем баяны.
Өзгертеді тез жүйткуін аяңы.
Ғаламаты-ай мынау жұмбақ тірліктің
... Сипайды жай ғаламат қол баяғы.
Әбең еді – ғаламат қол иесі!
Тұтқан жерін күйдіретін күйесі.
Жолатпауға жатпай-тұрмай тырысқан
Жақсылықты Софыянға тиесі.
Тірлік шіркін бар мен жоқты теңейтін.
Кідірмейтін, тек ілгері жөнейтін.
Күдігімен жүрегіңді шошытып,
Үмітімен алға сүйреп демейтін.
Тосар бетін,
Тосар көтін сол тірлік.
Кездейсоқ пен құпияға мол тірлік.
Алақанын ашып, жұмып жатады
Кезек-кезек бал мен уға толтырып.
Малағамды соза беріп қайтемін,
Әр пендеге шашар сүтін Ай тегін.
Өмір осы-ау қосылмасты қосақтап,
Аш желінге телір кейде бай төлін.
Әбеңе – қыс,
Маған төніп күз келді.
Қырау шалды шалбарланған жүздерді.
Уыстап ап
Табыстырды ақыры
Аурухана палатасы біздерді.
Қажыта ма күйкі тірлік,
Пенделік.
Дерттен әбден қашамыз ба сенделіп.
Қатар түсіп келіскендей екеуміз
Шығушы едік үш айда бір емделіп.
Ә дегенде танымайтын адамдай,
Бұрылмайтын, жанарымыз қадалмай.
Ол да, мен де шекірейіп шекеден
Бара алмадық түсінісер қадамға-ай.
Өмір бірақ сен күткеннен өзгеше,
Адамдыққа адал жаның төзбесе.
Жүрегіңді жұлқындырар несіне ол
Бір түйсікті сездірмесе,
Сезбесе.
Сездік білем біз де сол бір түйсікті.
Кеудемізден іштей толқып күй шықты.
Тырыстық біз айлар бойы жанасып,
Түзетуге екеуара қисықты.
Аға болды ол ақ, қарамды саралап,
Бір жылылық қанымызды аралап.
Шаша берді аға-ініге Күн шуақ.
Қаша берді көңілдегі қара дақ.
Пікірлер (4)
Әбдіжәміл Нұрпейісов барып тұрған арамза болатын. Ол қырық жыл бойы Софыға қиянат-қысастықтың бәрін жасап, қыр соңынан қалмаған қастасы еді. Ақыры өлер алдында кешірім сұрапты дейді. Кешірмеу керек еді.
"Тауға алыстан қара да қасына барма" деген рас-ау! Үлкен тұлға көріп, төбемізге көтеріп жүрген талантты жазушы, арқалы ақын "көкелердің" пендеге тән ұсақ қылықтарынан кейде түңіліп кетемін. Софы ағаның олар жайлы жазғандарын да мүлде оқығым келмейді.
Екеуі де қазақ әдебиетінің қаймақтары.Не жетпеді екен? Таң қаласың.Әбіш ағамызды сөзге ереді деп ойламас едім.
Осыншама біреудің соңына түсіп, жаманшылық жасайтындай не болды екен, аруағы кешірсін, бұл барып тұрған қылмыстық қой. Бәрінен жұрдай айырғаннан кейін сұраған кешірімнің қажеті не? Шығармашылық адамына осыншама жамандық жасау деген обал ғой. Әбішке не жоқ екен, осыларды да біреуге үлгі етуге бола ма? Софекең осыдан кейін әрине, инфаркт, инсульт болады.