«Жағамды ұстадым!»: қоғам белсендісі елде тойдың шектен тыс көбейгенін айтты

Жаңалықтар
view 193
news

Фотосурет: видеодан скриншот

Бірнеше жыл бұрын Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударған тарихшы әрі журналист Жұмамұрат Шәмші елге алғаш келген жылдары той-томалақтың тым көптігіне таңғалғанын айтты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Ол бұл пікірін «Qazaq Airan» YouTube арнасына берген сұхбатында білдірді.

Жұмамұрат Шәмшінің айтуынша, Өзбекстанда жыл ішінде бар болғаны бірнеше негізгі мереке ғана атап өтіледі. Ал Қазақстанда мерекелер мен түрлі атаулы күндер жыл бойы үздіксіз тойланатынын көріп, алғашында қатты таңғалған.

Оның сөзінше, жаңа жыл мен ескі жаңа жыл, түрлі халықаралық және бейресми мерекелер, сондай-ақ туған күндерді кең көлемде атап өту қалыпты жағдайға айналған.

Қоғам белсендісі мұндай тойшылдықтың бюджетке де салмақ салып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол тіл мәселесіне де тоқталып, қазақ көп шоғырланған өңірлердің өзінде ана тілінің шұбарланып, орысша және ағылшынша сөздердің араласып кеткенін сынға алды. Өзінің өскен ортасында қазақы болмыс пен тіл тазалығы сақталғанын айтып, қазіргі жағдайға алаңдаушылық білдірді.

Қазіргі тойларды қатаң сынға алған Жұмамұрат Шәмші қазақ дәстүрінде бүгінгідей аста-төк қыз ұзату тойының болмағанын да тілге тиек етті.

Оның айтуынша, бұрын қыз ұзату шағын, қарапайым түрде, ең жақын туыстардың қатысуымен ғана өткен, ал қазіргі форматтағы даңғазалы тойлар кейінгі жылдары, әсіресе 2000-жылдардан бері күрт көбейген. Ол мұны бәсекелестік пен орынсыз мақтанның салдары деп бағалап, той мәдениетін реттейтін мемлекеттік деңгейдегі шаралар қажет екенін жеткізді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *