Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы: Жасанды «ақпараттық толқындардың» құпиясы ашылды
Фотосурет ашық дереккөзден
Қазіргі ақпараттық кеңістікте ең үлкен қауіптердің бірі – қолдан жасалған «ақпараттық толқындар». Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының жаңа шығарылымында осындай технологиялардың қыр-сыры егжей-тегжейлі талданды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Жасанды толқындар қалай жасалады?
Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде бір сәтте мыңдаған пікір мен жарияланым тарап, қоғамды дүрліктіріп жіберетін құбылыстар жиілеп кетті. Көпшілік мұны стихиялы процестер деп қабылдайды. Алайда орталық мамандары мұндай толқындардың артында арнайы жасақталған технологиялық механизмдер тұрғанын айтады:
Боттар желісі – бір сәтте жүздеген жалған аккаунт арқылы бір ойды жаппай тарату;
Тапсырыс берілген пікірлер – алдын ала дайындалған мәтіндерді әдейі жариялау;
Нысаналы жарнама – белгілі бір әлеуметтік топты бағыттап, эмоциясын қоздыру;
Синхронды ақпараттық вбростар – бір уақытта әртүрлі арналардан жалған дерек тарату.
Мақсат – қоғамды адастыру
Мұндай толқындардың түпкі мақсаты – қоғамда жаппай алаңдаушылық пен наразылық иллюзиясын тудыру. Жалған үрейге берілген жұрт шынайы мәселені қолдан жасалған ақпараттық себептен ажырата алмай қалады.
Орталықтың ескертуі
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы қазақстандықтарды мұндай айла-шарғыларға бой алдырмауға шақырады. Әлеуметтік желідегі кез келген ақпаратты таратуға асықпай, оның дереккөзі мен сенімділігін тексеру қажеттігін ескертеді.
Есіңізде болсын: ақиқат – әрқашан дерек пен дәйекте. Өзіңізді адастыруға жол бермеңіз. Бұл мәліметті жақындарыңызбен бөлісіп, қоғамда ақпараттық иммунитет қалыптастыруға үлес қосыңыз.
Барлық жаңа мәлімет пен кеңейтілген талдауды Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының ресми сайтынан оқи аласыз.
Пікірлер (0)