"Заманбек өзін өлтірмеді" деген ҰҚК-нің экс-қызметкері сұмдық жайтты жайып салды
Фото интернеттен.
Танымал продюсер Серік Аббас Шах марқұм саясаткер Заманбек Нұрқаділов туралы ҰҚК-нің бұрынғы басшысы айтқан естелікпен бөлісті деп жазады janabastau.kz ақпарат агенттігі.
"Заманбек өзін-өзі өлтірген жоқ. Өлтірілді деп айтуға болады. Өлген адам өлді. Енді қазір тіріліп келмейді. «Өлтір деп кім тапсырма берді?» деген сауалға «билік» деп айтуға болады. Яғни, бір ғана адам емес.
Қазір шындыққа ешкім жете алмайтын себебі, бәрі «Назарбаев кінәлі» дегісі келіп отыр. Бәлкім, Назарбаев ашумен: «Үнін өшіріңдер!», – деуі мүмкін.

Ал тапсырма алған адам «үлкен кісі айтты ғой» деп асыра сілтеп, өлтіруге тапсырма беріп жіберген шығар. Мұны орындаған үшінші, төртінші адам дәл осылай шектен тыс асырып жіберген болуы мүмкін. Енді қазір Назарбаев «өлтір деп айтқам жоқ» деп те, «мен ашумен тапсырма бердім» деп те ақтала алмайды.Бұл істің түбіне жету қиын. Бірақ бір шындық бар: Заманбек өзін-өзі атқан жоқ, оны өлтірді.
Заманбектің жары Мақпал Жүнісовамен де сөйлестім. Ол: «Рахат Әлиев бізге қарама-қарсы тұрады. Оның күзетшілері есік алдында көлік тұрса, қуып жіберетін. Ал сол күні аттандап, айқайлап шыққан кезімде біреуі де ештеңе деген жоқ», – деген еді.
Шын мәнінде, өлтірткен Назарбаев емес шығар. Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев осыны пайдаланып, өздері-ақ өлтірткен болуы мүмкін. Бірақ осының бәрі билікке, Назарбаевқа сенімсіздік туғызады.

2010 жылы Нұрсұлтан Әбішұлымен қоштасқан кезде бір-бірімізге ауыр сөздер айттық. Ол кісінің алдына арызымды лақтырып тастап, есігін теуіп кетіп қалғанмын. «Сені қаматамын!», – дегенде, мен оған: «Қолыңнан келсе, істеп көр», – дедім. Одан кейін баламды да қудалады. Қазір оны айтпаймын. Құлаған адамды жұдырықтайтын әдетім жоқ. Қазір ол кісіні бәрі табалап жатқан кезде оларға қосылып жамандасам, кім болғаным?..
Естелік айтқан Амангелді Шабдарбаев
(Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы)
Пікірлер (0)