Жамбыл облысында өрт: 13 баласы бар отбасы баспанасыз қалды
Сурет: Ашық дереккөзден
Жамбыл облысында таңғы бестің шамасында ірі өрт болып, көпбалалы отбасы баспанасынан айырылды. Бұл туралы Janabastau.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Куәгерлердің айтуынша, тілсіз жау алдымен үйдің сыртындағы қураған шөптен тұтанған. От жылдам таралып, шаруашылық нысандарына, кейін екіқабатты тұрғын үйге ауысқан. Оқиға орнында қатты гүрсілдер мен жарылыстар да естілген.
Өрт шыққан сәтте үйде барлық 13 бала болған. Ата-анасы дер кезінде әрекет етіп, балаларды түгел эвакуациялап үлгерген. Қазір отбасы уақытша туыстарының үйінде тұрып жатыр. Айта кетерлігі, ең кенжесі небәрі үш апталық нәресте.
Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт сөндірушілер жеткенде үйдің шатыры мен ауладағы құрылыстар толықтай өртеніп жатқан. Жалын шамамен 100 шаршы метр аумақты шарпыған.
Қызыл жалын таңғы 6:57-де толық сөндірілді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда.
Пікірлер (0)