Жаңа мектеп пен заманауи МРТ: Степногорск қаласының әлеуметтік саласы қалай дамып жатыр
Фотосурет: дереккөз
Степногорск қаласының әкімдігі білім беру нысандарын жаңғыртуға және жоғары технологиялық медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға басымдық беруде, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ.
Жаңа мектеп құрылысы мен заманауи диагностикалық жабдықтарды орнату туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Ғайдар Қасенов баяндады. Биыл өңірдің білім беру саласында білім сапасының артуы байқалып отыр.
Сонымен қатар мектеп түлектері арасында ерекше үлгідегі аттестат пен үздік белгіге үміткерлер саны көбейген. Оқушылар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында қала мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ ірі өнеркәсіптік серіктестердің қолдауымен жаңа заманауи білім беру нысандарын салу жоспарланған.
«Маңызды жобалардың бірі – “Алтыналмас” компаниясымен бірлесіп мың орындық жаңа мектептің құрылысы. Денсаулық сақтау саласында да елеулі қадам жасалды. Қалалық ауруханаға заманауи магниттік-резонанстық томография (МРТ) аппараты орнатылып, тұрғындарға жоғары технологиялық диагностикалық қызметтерді Степногорск қаласының өзінде алу мүмкіндігі жасалды», – деді Ғайдар Қасенов.
Ауылдық округтерде де әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Қарабұлақ ауылында Мәдениет үйінің құрылысы аяқталса, Бестөбе кентінде жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.
Бұл нысандар тұрғындардың сапалы демалуына, спортпен айналысуына және тұрғылықты жеріне қарамастан тең әлеуметтік мүмкіндіктерге қол жеткізуіне жағдай жасайды.
Пікірлер (0)