Жаңа оқу жылында қандай жаңа пәндер енгізіледі
anatili.kazgazeta.kz
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңа оқу жылында мектеп бағдарламасына ешқандай жаңа пән енгізілмейтінін айтты.
«Қаржылық сауаттылық мектептерде жеке пән ретінде оқытылуы мүмкін деген мәліметтер болған еді. Жаңа оқу жылында жаңа пән енгізіле ме?», - деп сұрады журналист Астанадағы ауыл педагогтерінің форумынан кейін.
Ғани Бейсембаев Amanat партиясының тарапынан сондай ұсыныс болғанын айтады.
«Жаңа оқу жылында ешқандай артық, жаңа пәндер енгізілмейді. Ал қаржылық сауаттылықтың мақсат-міндеті бөлек. Ол жаһандық құзыреттілік шеңберінде балалардың қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған қосымша білім. Оның қаншалықты маңызды екенін өздеріңіз де статистикасынан көріп отырсыздар. Ол бұған дейін де барлық пәндерге кіріктірілген болатын. Бірақ қоғамдағы белең алған жағдайларға байланысты, Amanat партиясының өтініші бойынша осы бағыттағы жұмысты одан әрі күшейтіп қолға алмақшымыз», - деді Ғани Бейсембаев.
Министр елдегі мектептер биыл біртұтас тәрбие бағдарламасы бойынша жұмыс істейтінін еске салды.
«Оның үстіне біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізіліп жатыр. Соның аясында да осы құзыреттер беріледі», - деді ведомство басшысы.
Пікірлер (0)