Ваучер деген не? 2025 жылдан бастап барлық өңірдегі балабақшаларда ваучерлік қаржыландыру енгізіледі

Білім
view 68
news

Фото ашық дереккөзден

2025 жылдан бастап барлық өңірдегі балабақшаларда ваучерлік қаржыландыру енгізіледі. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың жауабында айтылған, деп жазды janabastau.kz

Вице-премьердің атап өтуінше, мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін балабақшаларда ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасын енгізу басталды. Оның аясында:

- ата-аналарға балабақшаларды өз бетінше таңдау мүмкіндігі беріледі;

- барлық мектепке дейінгі ұйым (меншік нысанына қарамастан) заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда мемлекеттік тапсырысқа өтінім беруге құқылы;

- қаржыландыру баланың балабақшаға бару фактісі бойынша жүзеге асырылады («баланың соңынан ақша» қағидаты);

- сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.

«Тараз қаласында іске асырылған жобаның қорытындылары тек 2 айда (тамыз-қыркүйек) 600 млн теңгені үнемдеуге, балабақшаларға келмейтіндерді алып тастауға және ең бастысы балабақшаларда осы уақытқа дейін бірнеше жыл кезекте тұрған 2 жастан асқан 17 мыңнан астам баланы орындармен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта пилоттық жоба Шымкент қаласында және Түркістан облысында жалғасуда. Келесі жылдан бастап оны барлық өңірде кезең-кезеңмен енгізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар пилотты іске асыру барысында мектепке дейінгі ұйымдардың жабылу фактісі анықталған жоқ. Тек бала қатыспаған немесе жалған деректерге байланысты қаржыландырудың төмендегені байқалады», - деді Тамара Дүйсенова.

Оның айтуынша, 2024 жылғы 13 тамызда «Атамекен» ҰКП аясында мектепке дейінгі ұйымдарда ваучерлік жүйені енгізудің пилоттық жобасы талқыланды. Отырысқа жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың құрылтайшылары мен қауымдастықтары, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өкілдері қатысты.

«Отырысқа қатысушылар пилоттық жобаны іске қосуды қолдады және ваучерлік қаржыландыруға көшу мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысының ашықтығын қамтамасыз ете алады деген пікірмен келісті. Осыған байланысты ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасын іске асыру жалғасын табады», - деді вице-премьер.

 

Ваучер деген не?

 

Ваучер – тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге ақы төленгенін куәландыратын растама құжат. Мәселен, әуе тасымалында ұшақ билетінің қайтарылатын сомасын сақтайтын электронды құжатты ваучер деп атайды. Ваучер берілсе, билет ақшасын қолма-қол алу немесе төлем картасына қайтару мүмкін емес. Әуе компаниясы берген ваучер арқылы билет алуға, әуе компаниясының басқа да қызметтерін пайдалануға болады.
Білім саласындағы ваучердің қызметі қандай? Мемлекет баланың балабақшаға, мектепке, не болмаса жоғары оқу орнында оқу ақысын не тамақтану және басқа да шығындарын төлеу үшін ваучер береді. Ваучер қолға ұсталатын ақша емес, дегенмен ол белгілі бір ақша сомасымен бағаланады. Сәйкесінше, ол оқу не өзге шығынды толық өтемеуі мүмкін. Мемлекет ваучер бере отырып, оқу орнына қаржыны аудару жолымен оқу ақысының толық не бір бөлігін төлеу міндетін алады.
Білім беру ваучерінің негізгі міндеттері:

  • ата-аналар мен оқушылардың таңдау мүмкіндігін кеңейту;
  • білім беру жүйесінде нарықтық қатынасты дамыту;
  • білім беру қызметтері сапасын арттыру;
  • қаржының ашықтығын қамтамасыз ету.

Экономист, Нобель сыйлығының иегері Милтон Фридман ваучерді мемлекет тарапынан қаржылық қолдауды сақтай отырып, білім беру қызметтері нарығындағы бәсекелестікті қалпына келтіру әдісі ретінде қарастырған. Оның пікірінше, ата-аналар мен оқушыларға мектепті таңдауға ваучерді қолдануға рұқсат беру таңдау еркіндігін кеңейтіп, білімді азаматтардың көбеюіне әкеледі деп сендірді.

 

Ваучер тәжірибесі қай елдерде бар?

 

1981 жылдан бастап Ұлыбританияда "білім алуға жәрдемдесу схемасы" деп аталатын шектеулі квази-ваучерлік схема жұмыс істейді. Мақсаты – кедей отбасынан шыққан қабілетті оқушыларға көбірек мүмкіндік беру. Олар мемлекеттен білім және ғылым департаментінде тіркелген тәуелсіз мектептерде білім алу ақысын төлеу көмегін алады. 1992 жылы 295 тәуелсіз мектепте оқитын 27 000 оқушы ваучер алған. Жыл сайын бағдарламаға жаңадан 5 мыңға жуық адам қатысады. Ваучер тәжірибесі кейіннен кәсіптік білім беруде қолданылған.

Чилиде де білім ваучерлері 1981 жылы пайда болды. Ваучер табысы төмен отбасы балалары үшін білім алу мүмкіндігін кеңейту, мектепте білім беру сапасы мен оқу орындары қызметінің тиімділігін арттыру секілді бірқатар мәселені шешу үшін енгізілді. Ваучер пайда болған соң жекеменшік мектепте оқитындар саны күрт артқан. Жекеменшік және мемлекеттік мектепте оқитын әлеуметтік санаттағы оқушылардың білім сапасын тестілегенде жекеменшік мектепте оқитындар жоғары нәтиже көрсеткен. Бұдан бөлек, ваучерлік қаржыландыруға қатысатын жекеменшік мектептерде бір оқушыға кеткен шығын мемлекететтік мектептерге қарағанда төмен болған. 1990 жылы Чили үкіметі білім беру шығындарын арттырып, ваучер құнын көтерген. Нәтижесінде аз қамтылған отбасыдан шыққан балалар оқумен қатар, атаулы қаржылық және техникалық көмек алған.
АҚШ-тың бірқатар штатында ваучер тәсілі қолданылады. 1990 жылы Милуоки мектеп округінде кедей отбасылардан шыққан мектеп оқушыларын қаржыландыруға бағытталған "Ата-аналардың таңдау бағдарламасы" (Milwaukee Parental Choice Program) жақсы нәтиже көрсеткен. Алғашында қаржылай қолдау халықтың мұқтаж емес бөлігіне көрсетіле ме деген қорқыныш болған. Зерттеу жүргізгенде кедей отбасыларға көмек берілгені расталды. Жекеменшік мектептер қабілетті оқушыларды ғана қабылдайды деген қауіп те болған. Алайда, бағдарламаға табысы төмен отбасылардан шыққан оқу үлгерімі орташа оқушылар қатысып, оларға жекеменшік мектептер әртүрлі оқу бағдарламаларын ұсынған.
1992 жылы білім ваучерлері Колумбия мектептерінде қолданыла бастады. Бастапқыда ваучерлік бағдарламаны енгізуге мемлекеттік орта мектептерде орын жетіспеуі себеп болған. Ваучер аз қамтылған отбасылардан шыққан 6-сынып оқушыларына берілген. 1994 жылы бағдарлама 100 мың оқушы білім алатын 1 789 жеке мектепті қамтыған. Бастапқы кезеңде жүргізілген тексеру қаржылай көмектің халықтың мұқтаж санатына берілетінін көрсетті. Осылайша ваучерлік бағдарламаны енгізу табысы төмен отбасылардан шыққан оқушылардың жекеменшік мектептерде білім алуына мүмкіндік бере отырып, мемлекеттік мектептерде сыныптардың толып қалуы мәселесін шешкен.

1992 жылы ваучер жүйесі енгізілген Швецияда ата-аналар баласын қалауына қарай мемлекеттік не жекеменшік мектепке бере алады. Қандай мектепті таңдағанына қарамастан мемлекет баланың оуқын төлейді. Мемлекеттік және жекеменшік мектептер бірдей қаржыландырылады. Ваучерлер оқу ақысын ғана емес, оқушылардың денсаулығына байланысты және мектептегі тамақтану шығындарын да өтейді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *