«Назарбаевтың ықпалынсыз болмаған»: депутат су қоймаларына байланысты Бас прокурорға шағымданды
Фото saliqaly.kz
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек су нысандарын мемлекет меншігіне қайтаруға қатысты сот процестеріне бақылауды күшейту туралы бастама көтерді. Ол өз үндеуін Бас прокурорға жолдап, Алматы облысы жағдайды мысалға келтірді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Депутаттың айтуынша, Конституцияда табиғи ресурстар халыққа тиесілі деп нақты бекітілгенімен, іс жүзінде су қоры нысандарының жекеменшікке өтіп кеткен жағдайлары кездеседі. Сонымен қатар, ұқсас істер бойынша сот шешімдері әртүрлі болып келеді.
Базарбек кей жағдайларда соттар мемлекет ұстанымын қолдап, мәмілелерді заңсыз деп танитынын айтты. Алайда дәл сондай істерде қарама-қайшы шешімдер де шығарылады. Бұл, оның пікірінше, сот тәжірибесінде бірізділіктің жоқтығын көрсетеді.
Мысал ретінде ол Алматы облысындағы су қоймаларына қатысты жағдайды келтірді.
— Бір кезде бір адамның жеке меншігіне өтіп кеткен төрт ірі су қоймасы, оның ішінде Болат Назарбаев ықпалы болған, бүгінде мемлекетке қайтарылды, — деді депутат.
Сонымен қатар, ол Қапшағай су қоймасы су қорғау аймақтарындағы жерлерге қатысты істерді қарауда мәселелер бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, кей жағдайларда соттар заңбұзушылықтарды мойындап, талап-арыздарды қанағаттандырса, басқа ұқсас істерде мемлекеттік органдардың талаптарын қанағаттандырудан бас тартады.
Депутат Жер және Су кодекстеріне сәйкес мұндай жерлер жеке меншікте болмауы тиіс екенін, сондықтан құқық қолдану тәжірибесі бірізді болуы керектігін баса айтты.
Осыған байланысты Базарбек Іле өзені мен Қапшағай су қоймасына қатысты су қоры жерлерін мемлекет меншігіне қайтару бойынша сот процестерін ерекше бақылауға алуды сұрады.
Сондай-ақ, тексеріс қорытындысы бойынша 65 жер учаскесіне қатысты мәмілелерді жарамсыз деп тану және меншік құқықтарын жою үшін қосымша талап-арыздар беруді ұсынды.
Пікірлер (0)