Жеке меншік мектептердің 57%-ы заман талабына сай емес – Мұрат Әбенов (ВИДЕО)
Фото: dalanews.kz
Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов жеке меншік мектептердің 57 пайызы заман талабына сай емес екенін айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы қоғам қайраткері facebook-парақшасында жазды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Мұрат Әбенов: «Алаяқтықтың 99 пайызына банк қызметкерлерінің қатысы бар»
Оқымаған баланы оқыды деп есеп берген
Бұны Жоғарғы аудиторлық палатаның тексерісі дәлелдеді. Қолымызда анықтама бар. Ғимараттардың сапасы сәйкес келмейді, арнайы салынбаған, санитарлық талаптар, балалар отыратын бөлмеде таза ауа (вентиляция), температуралық нормалар, күн сәулесінің түсуі, өрт қауіпсіздігі сақталмаған. Оқу стандарттары бойынша құрал-жабдықтар – лабораториялар, арнайы кабинеттер, компьютерлік технологиялар жетіспейді. Мұғалімдердің білім дәрежесі сәйкес емес. Оқымаған баланы оқыды деп есеп берген.
Өкінішке қарай, соңғы жылдары Ағарту министрлігі жанындағы Қаржы орталығы арқылы жеке мектептердің қаржысы тексерілмей төленген. Артық, заңсыз кеткен қаржы қайтарылмаған. Мектеп иелеріне іс қозғамаған, миллиардтаған ұрланған ақшаны әлі қайтармаған. Жаңадан келген министр Жұлдыз Сүлейменова қаржылық тәртіпті орнатуды қолға алды, - деді ол.
Әбеновтің сөзіне қарағанда, жеке меншік мектептердің басшылары Оқу-ағарту министрлігіне шантаж жасап, мұғалімдерді айдап салып отыр.
Білім саласы – бизнес емес
Өзі (министр - ред.) батыл және таза адам. Жұлдыз қарындасымыз білім саласының алаяқтықпен нанын жеп жүрген қылмыстық топтарының ешқандай үгіт-насихатына көнбейді, қорқытам дегендерге бас имейді.
Шантаж жасауды қойыңдар! Мұғалімдер арқылы айқай-шу шығарып, жасалмаған жұмыстар үшін ақшаны мәжбүрлеп төлетеміз, БАҚ пен әлеуметтік желі арқылы жауапты тұлғаларды қорқытамыз деп әрекет жасағандар, отпен ойнамаңдар! Жаңа министрдің тәртіп орнатам деген барлық талабын толық қолдаймыз.
Өз тарапымнан бүгін Бас прокуратураға және Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арнайы тексеру туралы талап жолдаймын.
Президент Тоқаевтың бастама жасаған қағидаты бар – “Заң және Тәртіп”. Кім заң бұзса, жауап беруі керек, ешқандай кешірім жоқ. Білім саласы – бизнес емес, бұл сала – балаға сапалы білім мен жақсы тәрбие беру.
Қолыңнан келмей ме – айналыспа. Ақша салдым, міндетті түрде пайда табуым керек деген ұстаным – қате, - дейді Мәжіліс депутаты.
Пікірлер (0)