Зеленский мен Путин Трамптың Украина бойынша бейбітшілік жоспарына пікір білдірді
Фото: ZUMAPRESS.com/Sputnik
Украина Президенті Владимир Зеленский АҚШ ұсынған бейбітшілік жоспары аясында Киев Уашингтонмен және өзге де серіктестермен бірлесе жұмыс жүргізетінін айтты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Deutsche Welle порталына сілтеме жасап.
Зеленский не деді
Зеленский Украина бұл құжаттағы талаптарға қатысты конструктивті шешімдер ұсынып, қажет болған жағдайда балама ұсыныстар енгізетінін айтты. Бұл туралы ол 21 қарашада Қадір-қасиет және еркіндік күніне арналған халыққа үндеуінде мәлімдеді.
Зеленский Украинаның қазіргі таңда өз тарихындағы ең күрделі кезеңдердің бірін бастан өткеріп жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, ел өте қиын таңдау алдында тұр.
Не қадір-қасиеттен айырылу, не басты серіктестен айырылу қаупі тұр. Не 28 тармақ, не өте ауыр – ең ауыр қыс пен өзге де қатерлер. Еркіндіксіз, әділетсіз өмір… Бізден жауап күтеді, – деді ол.
Украина басшысы Киевтің даурықпа мәлімдемелерден бас тартып, АҚШ және басқа да серіктестермен сабырлы түрде жұмыс істейтінін жеткізді. Ол бейбітшілік жоспарының кез келген нұсқасында украин халқының қадір-қасиеті мен еркіндігі басты орында қалуы тиіс екенін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар Зеленский алдағы апта өте қиын болатынын ескертіп, бұл уақытта украин қоғамына ақпараттық және саяси қысым күшейетінін айтты.
Ол азаматтарды бірігуге және ішкі алауыздықтан бас тартуға шақырды.
Путин не айтты
Ресей Президенті Владимир Путин де АҚШ-тың бейбітшілік жоспарына алғаш рет пікір білдірді. Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, ол бұл жоспардың Аляскадағы кездесуге дейін талқыланғанын айтқан.
Талқылау барысында америкалық тарап бізден белгілі бір ымыраларға баруды сұрады, – деп келтіреді оның сөзін РБК агенттігі.
Путиннің айтуынша, Мәскеу бейбіт бастамалармен келісетінін білдірген. Алайда Украина Трамп ұсынған жоспардан бас тартқаннан кейін америкалық тарап келіссөздерді уақытша тоқтатқан. Осыдан кейін 28 тармақтан тұратын "жаңартылған жоспар" пайда болған болуы мүмкін екенін айтты.
Ресей Президенті бұл құжаттың Ресейде бар екенін, алайда оның мазмұны Мәскеумен нақты талқыланбағанын жеткізді.
Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың Украинадағы ахуалды реттеуге бағытталған күш-жігеріне және ұсынған жоспарына қолдау білдірген болатын.
Пікірлер (0)