«Жеңіл жаза»: Көкшетауда басшысын өлтіріп, айдалаға көмген қызметкер сотталды
Фотосурет: видеодан скриншот
Көкшетауда резонанстық қылмысқа қатысты үкім шықты. Кен өндіру кәсіпорнының кенет жоғалып кеткен қызметкерін қаланың бірнеше жерінен іздеу нәтижесінде оның мәйіті табылған еді. Кейін анықталған күдікті қаза тапқан адамның бағынышты қызметкері болып шықты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Судья Берікбол Сапарғалиев сотталушы Мадияр Уәлиевті Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп таныды.

Оны орта қауіпсіздік санатындағы жазалау мекемесінде 10 жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындау күшіне енсін, - делінген сот хабарламасында.
Кен өндіру комбинатында жауапты лауазымда жұмыс істеген 41 жастағы ер адамның жоғалуы қала тұрғындарын шошытты. Іздеуге полиция қызметкерлері мен волонтерлер шықты. Бір аптадан кейін күдікті өлтірілген адамның мәйітін орманда өз қолымен көрсетті.
22 жастағы Мадияр Уәлиев өз кінәсін мойындап, басшысын ұрыс кезінде өлтіргенін айтты. Сол күні олар жұмыстан үйге бірге қайтып келе жатып, сөзге келіп, гараждар маңына тоқтап, келіспеушілікті шешуге әрекет жасаған. Сол кезде Уәлиев қарсыласының басына пышақ сұққан. Содан соң қанға малынған мәйітті қала сыртына апарып, көміп тастаған.
Сот өз кінәсін мойындауды жеңілдететін мән-жай деп санады. Өлген адамның отбасына моральдық шығын ретінде 14 миллион теңге өндірілетін болды. Қаза тапқан адамның артында 2 баласы қалды. Алайда марқұмның әкесі Өмірбек Кенжахметов үкімді тым жеңіл деп санайды.

Зейнеткермін. Енді менде ұлымнан қалған 2 бала мен ауыр науқас анам бар. Оларға кім қарайды? 10 жыл – адам өлтіргені үшін өте аз. Біз үкімге келіспейміз. Апелляциялық шағым береміз. Ол отбасының нанын адал тауып жүрген адамды өлтірді. Оған кемінде 15-18 жыл беру керек еді, – деп күйінді марқұмның әкесі.
Пікірлер (0)