Жеңіл жүріске салынып кеткен қызын ұрған ана араша сұрады

Жаңалықтар
view 355
news

Сурет: Бағдарламадан скриншот

Шымкент қаласында 9-сыныпта оқитын жасөспірім қыздар көпқабатты пәтердің бірінде еркектерді қабылдап, боди массаж жасаған, - деп хабарлайды Janabastau.kz,- "Көреміз" бағдапламасына сілтеме жасап

Көпбалалы ана "Көреміз" бағдарламасына келіп, істің мән-жайын бастан аяқ баяндап берді. Қызының “жұмысын” ұнатпаған шешесі тәртіпке салу үшін оны ұрған көрінеді. Үйдегі жанжал заң қызметкерлерінің араласуымен басылған. Құзырлы органдар баланы анасынан оқшаулап, арнайы мекемеге өткізіпті.

"Енді маған аналық құқықтан айрылу қаупі төніп тұр. Құрсағымнан шыққан балама менен артық кімнің жаны ашиды?!" деп жылайды Жанат ханым.  

“2012 жылдан бері газ саласында жұмыс істеймін. Іс-сапар режиміндегі жұмыс болғандықтан, кейде үйде болмай қалатыным рас. Тұрмыста болғанмын, үш балам бар. Айсана – екінші қызым. Балаларымның оқу үлгерімі – орташа. Қызымды менен тартып алып, аналық құқығымнан айырмақшы. Себебі менің жұмысым балалардың тәртібімен айналысуға келмейді екен. 15 жастағы баламның тыржалаңаш массаж жасап жүргенін сыныптас қызынан естідім. Бәрін білгеннен кейін, қызыммен сөйлестім. Содан ол мойындағасын мен қатты ұрып, ұрыстым. Айсана, Нұрсезім, Зияда – бір сыныптың оқушылары. Жазда жұмыс істеп, ақша табайық деп жоспар құрған. Содан осындай бәлеге тап болып отыр. Нұрсезім мен Зияда бірінші барған. Бірақ Нұрсезімнің сыртқы келбеті онша емес болғасын, оған массаж жасауға рұқсат етпепті. Зияда жалғыз қалып кеткесін, Айсананы шақырған. Қызым 1-2 күн массаж жасаған. Қасындағылар да жасап, қызмет көрсеткен. Ақысы – 15 мың теңге. 5мың теңгесін қыздарға берген. Қалғаны – орталықтың шығыны. Негізі массаждың ақысы – 30-35 мың теңге”, – деп бастады әңгімесін кейіпкер. 

Айтуынша, жұмыс беруші қыздардың кәмелеттің жасқа толмағанын білмейтін болып шыққан. Алайда белсенді ана олардың сөзіне сеніп отырған жоқ. 

“Жұмысты жарнама бойынша тапқан”

“Үш қызға массаждың қалай жасалатынын көрсеткен. “Ер адам келгенде, соның артын майлайсыңдар. Сендерді кішкентай қыздар деп айттық. Сондықтан тиіспейді” деген. Барлығын білгеннен кейін, жергілікті полиция қызметкері және мектеп инспекторын ертіп алып бардым. Шәймерденов көшесі, 17-үйге алып бардым. Жұмыстарының үстерінен түстік. Отбасылы еркектер де бар шығар, бәрі массаж жасатып жүр екен. Бізді ол жаққа Зияда алып барды. Жалпы, қызымның тәрбиесі жақсы. Артық жүрісі жоқ. Жазда оқу жылына киім-кешек алайық деп осындай дүниеге ұрынып қалған. Ол жұмысты әлеуметтік желідегі жарнама бойынша іздеп тауыпты”, – дейді Жанат ханым. 

“Көреміз” бағдарламасына хабарласқан қос ананың бірі – Зияданың анасы екен. Алайда түсірілім тобының мазалап жібергеніне реніш білдіріп, кейін журналистердің сұрағына селқос жауап берген. 

                 

“Қызымның массажға барғанын Айсананың анасынан біліп отырмын. Қызым мен білмей қалдым, Нұрсезімге еріп бардым” деп отыр. Қазір Зияда үйде жоқ. Әпшесінің үйіне кеткен. Жанат ханымның жанайқайы дұрыс. Бұл кісі қозғамағанда білмеуші едім. Екі дәрігер тексеріп, қызымның бүлінбегенін айтты. Қағазын да көрсетті. Тиісті заң қызметкерлері әділ жолмен тексеріп, массаж орталығының жұмысын әшкерелесін! Менің ешқандай да қарсылығым жоқ. Менің ойымша, бұл істің артында біреу тұрған сияқты. Нұрсезімнің артында бір әйел бәрін ұйымдастырып жүрген-ау деп ойлаймын. Өйткені қыздар ондай жұмыстың бар екенін білмейтін болуы керек. Саналарына құйып, бәрін түсіндірген. Ақшамен де қызықтырған болуы керек”, – деді Зияданың анасы Эльмира. 

Нұрсезімнің анасының айтуынша, бәрін ұйымдастырған Зияда көрінеді. Бүкіл қызды жұмыс берушімен таныстырып, жұмыс орнын да тапқан сол көрінеді.

“Нұрсезім жылап, маған бәрін айтты. Зияда қорқытып, “Мені жұмысқа апар. Әйтпесе үйтіп жіберем, бүйтіп жіберемін. Қаланы білмеймін. Адресін сен білесің” деп Нұрсезімнің телефонынан жазған. Жаңа ғана ол Зияданы көрдім. Аузынан көк ит кіріп, ақ ит шығып отыр. Айтпаған сөзі жоқ. Сұхбатты солардан алыңыз. Менің қызым бәрін жылап отырып айтып берді. Оның кінәсі жоқ. Зияданың білетіні көп сияқты. Содан сұраңыздар”, – деп қысқа қайырды Нұрсезімнің анасы Айман. 

Оңалту орталығында жатқан Айсананы анасы іздеп барып, бағдарлама журналисі жолықты. Оның да өз шындығы бар екен. 

“Массажға келген өзбек ағай тиісті”

“Мені бәрі “бұзылған” деп жатыр екен. Маған ешкім тиіскен жоқ. Зияда екеуміз барып, жұмысқа кірістік. Бірінші күні екі өзбек аға келді. Біреуі – сау, екіншісі – мас екен. Мас күйіндегісі маған келді, бірақ мен жасаған жоқпын. Өйткені маған тиісе бастады. Мен бірден қатты қорқып, істеген жоқпын. “Сен жатып жүрсің еркектермен” деп мені балағаттап жатыр. Бірақ менің арым таза. Ешкімнің алдында ақталғым келмейді. Анамды алдағаныма өкіндім. Менің ішіме жын кірген шығар?! Мені түсінеді деп ойлап, Нұрсезім мен Зиядаға сендім. Солардың ғана айтқанын істедім. Ешкімді тыңдаған жоқпын. Анама да өтірік айта бастадым. Администратор қыздар шын есімдерін айтпайды. Біресе Дана болады, біресе Бека, біресе Динара деп таныстырады. Олардан жолыма деп 5000 теңге сұрап алдым. Бар тапқаным – сол ақша. Қалған қыздар екінші және үшінші рет барып, 20 мың теңге тапқан. Маған да ақшаны көп табасың, тек массаж жасайсың” деп түсіндірді. Зияданы жатқызып қойып, қолдарымызды қалай ұстау керегін көрсетті, – дейді Айсана. 

Үш қызға қатысты ұятты әңгіме соңғы қоңырау соғылмай тұрып, әшкере болған. Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы істі аяғына дейін жеткізіп, ұйымдастырушыларды анықтауға уәде берді. 

“Жауапты органдармен жұмысты бастаймыз. Тергеу амалдарын жүргіземіз. Жабулы қазан жабулы күйінде қалмайды. Егер тағы да осындай жағдай орын алып немесе бұл іс әрі қарай ашылмай қалса, маған қайтып келіңіз. Бірақ осы бағдарламаға жауапты басшы ретінде істің анық-қанығын анықтаймыз деп ресми мәлімдеймін. Басқа жеткіншек қыздарымызға зияны тимеуі керек”, – дейді Нұргүл Шәмшиева. 

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *