Жетісуда жасөспірімдерді заңсыз діни сабақтарға тарту әрекеті әшкереленді
Фото: ІІМ/Видеодан скрин
Жетісу облысында полиция қызметкерлері ҰҚК департаменті және прокуратурамен бірлесіп, жасөспірімдерді тіркелмеген діни ағымға оқыту фактісін анықтап, тоқтатты, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі.
ІІМ дерегінше, тексеріс барысында жатақхана ретінде пайдаланылған бөлмелерден шетелдік діни кітаптар мен оқу материалдары тәркіленді. Ұйымдастырушылар бұған дейін өздерін қайырымдылық қоры немесе балалар пансионаты ретінде көрсетіп, жасырын сабақтар өткізген.
Айта кетейік, осыған ұқсас жалған қайырымдылық ұйымдарын биыл наурыз айында Талдықорған қалалық соты мәжбүрлі түрде таратқан болатын.
Тексеру қорытындысында:
- кәмелетке толмағандарды заңсыз сабақтарға тартқан діни рәсім ұйымдастырушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды;
- тұрғын үйде тіркеусіз тұрған төрт «ұстазға» қатысты хаттамалар толтырылды;
- ата-аналары балаларын тәрбиелеу міндетін орындамағаны үшін жауапқа тартылды;
- ал ата-анасы өзге өңірде тұратын бір жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Қазіргі таңда бұл іске қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Полиция кәмелетке толмағандарды заңсыз діни сабақтарға тарту – заңды өрескел бұзу екенін және ол үшін заңда қатаң жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Пікірлер (0)