Жаңа құжатта саусақ ізі бола ма?

Редакция таңдауы
view 632
news

Қосшы қаласының Халыққа қызмет көрсету орталығы азаматтарды құжаттандыру, құқықтық кеңес беру және ақпараттандыруда маңызды қызмет атқарады. Мұнда қажетті құжаттарды бір ортада, бір мезгілде әзірлеуге ыңғайлы жағдай жасалған, жұмыс жүйелі ұйымдастырылған. Тұрғындармен тікелей байланыс жасап, сапалы қызмет көрсетуде 18 маман жұмылдырылған. Аталған орталық қоғамдық шараларда да алдыңғы шептен көрініп жүр. Өңірдегі филиал басшысы Жандос Жұмағұлұлы редакция тілшісіне атқарылған жұмыстар мен орын алар өзгерістер турасында сұхбат берген еді.     – Жандос мырза, сізді өңірдегі жас басшылардың бірі ретінде танимыз. Өзіңіз туралы кеңінен айта отырсаңыз? Халыққа қызмет көрсету орталығына қашаннан бері жетекшілік етесіз? – Мен 1989 жылы Ақмола облысы Қорғалжын ауданына қарасты Қорғалжын ауылында дүниеге келгенмін. Әкем Жұмағұл Ілиясов қазір зейнет демалысында, анам Гүлден Кеңесқызы жеке кәсіппен айналысады. 2005 жылы Астана қаласындағы №28 мектепті аяқтап, Д.Қонаев атындағы коллежде «Заңгер» мамандығы бойынша білім алдым. Сол жылы осы мамандық бойынша жоғары білім алуға университетке тапсырдым. Қызмет жолым 2011 жылы Ақмола облысы Целиноград ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығы департаментінде инспектор болумен басталды. Сол жерде бөлім басшысының орынбасарлығына дейінгі қызметті атқардым. 2016 жылдың қыркүйек айынан бастап, Астана қаласының ХҚКО «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясында маман болып жұмыс істедім. 2017 жылы осы мекемеде басшының орынбасары болып қызмет атқардым. Ал 2018 жылы Астана қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығы департаментінде «Көші-қон қызметі» орталығында бөлім басшысы қызметінде болдым. Сол жылдың қараша айында ХҚКО «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында басшылық қызметке тағайындалдым. Ал 2021 жылдан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақмола облысы бойынша Қосшы қаласының халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы қызметіне келдім. Бос уақытымды өз өзімді дамытуға, білімімді толықтыруға, спортқа арнағанды дұрыс санаймын. Жұбайым Әйгерім Болатқызымен екі бала тәрбиелеп, өсіріп отырмыз. – Өткен жыл мен биылғы жылы Қосшы қаласына тіркелген шетелдік азаматтар мен қазақстандықтардың қатарын сандық деректермен келтіре аласыз ба? – 2022 жылы 3 680 мигрант Қосшы қаласына тіркелген. Ал бір жыл ішінде тіркелген қазақстандық азаматтар 969 адамды құрап отыр. Биылғы жылдың 8 айында 1 684 мигрант қоныстанған болса, тіркелген қазақстандық азаматтар – 389. Заң жүзінде тіркеліп, Қосшы қаласында жүрген азаматтардың сандық көрсеткіші осындай.   – Біздің елге уақытша тұруға рұқсат қай мемлекет азаматтарына беріледі? – Негізінде біздің елге уақытша қоныс аударып, тұруға рұқсат ТМД елдерінің азаматтарына беріледі. Бұл рұқсат бір жылға дейінгі мерзімге ғана жарайды. Шет елдіктер осы уақыт аралығында біздің елде еңбек етуіне, кәсіпкерлік қызмет жасауына, білім алуына, емделуіне болады. 16 жасқа дейінгі балаларға уақытша тұруға рұқсат қажет емес. Шет елдік азамат Қазақстаннан шыққан жағдайда уақытша тұруға рұқсат өзінің қолданысын рәсімделген мерзімінің соңына дейін сақтайды. Мерзімі өтпейінше оны қайта рәсімдеудің қажеті жоқ.   – Қазір шетелге жұмыс іздеп кететін қандастарымыз көп. Оның да есебін айта аласыз ба? – Өткен жылы 15 азамат шетелде тұрақтамақ мақсатта орын ауыстырды. Ал биылғы сегіз айда оның қатары 6 адамды құрап отыр.   – Ал шетелге шығатын азаматтар нені ескеруі керек? – Шетелге шығар алдында ол елде қиындықтарға тап болмас үшін жағдайдың алдын алған жөн. Ең алдымен жолға шығар құжатттардың дұрыстығын мұқият тексеріп алу керек. Әсіресе паспортыңыздағы аты-жөніңіздің, туған жыл, күніңіздің сәйкестігіне, мерзімінің аяқталар уақытына назар аудару маңызды. Жолға шығар алдында туыстарыңызға қайда баратыныңызды ескертіп хабарлау керек. Сонымен қатар ҚР елшілігі мен консулдық мекемесінің байланыс номерін жазып алу да артық болмайды. Шетелге оқу, жұмыс істеу немесе тұрақты тұру үшін бара жатсаңыз, құжаттарыңызды заңдастырып немесе апостил қойғызып алған жөн. Бұл ең алдымен білім туралы құжаттарға, АХАЖ мекемелері берген куәліктерге, мүліктік қатынастар мен әлеуметтік қамтамасыз ету құжаттарына қатысты.   – Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталып жатыр екен. Сол туралы толығырақ айтып жіберсеңіз? – Бағдарламаның мақсаты – дарынды және білікті жастарды мемлекеттік басқару саласына тарту болып табылады. Президенттік жастар кадр резервіне қабылданған үміткерлер саяси және әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға таға- йындау кезінде қаралатын болады. Резервке алынған азаматтар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы уәкілетті комиссияның шешімі бойынша мемлекеттік саяси лауазымдарға, А корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, «Б» корпусының басшылық лауазымдарына және «Б» корпусының А санаттар тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін. Бұл барлық ҚР азаматтарына арналған бағдарлама. Құжаттарды тапсыру сәтінде жасы 35 жастан аспаған, жұмыс тәжірибесі 5 жылдан кем емес, жоғары білімі бар, мемлекеттік тілді білуі В1-ден төмен емес сертификаты бар болуы маңызды. Аталған талаптарға сай азаматтар іріктеуге қатыса алады.   – Салада халықтың ескеруі керек дейтін тағы қандай жаңалықтар бар? – Ескеретін маңызды жайттардың бірі – келер жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке куәлік, паспорт, шетелдік азаматтардың Қазақстанда тұруына рұқсат ететін ықтиярхатын беру кезінде құжаттың иесінен саусақ іздері алынатын болады. Ал әзірге бұл тест ретінде сынақтан өтіп жатыр. Ендігі жеке куәлікте азаматтардың тегі, аты, әкесінің аты, туған күні мен жері, жынысы, құжат нөмері, берілген күні, мерзімі, жеке қолы, ЖСН нөмері мен саусақ іздері көрсетілетін болады.   – Мерекеге байланысты халыққа айтар тілегіңіз болса... – Өңіріміздегі басты басылымның қалың оқырмандарын Конституция күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қазақстан халықаралық қоғамдас- тықта лайықты орын алып, биік белеске көтерілгені осының айғағы. Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінеді. Жылдан жылға біздің басты құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, Келісім мен Бірлігіміз нығая берсін! Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін. Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын!   – Маңызды, мағыналы сұхбатыңыз үшін рақмет! Ісіңіз берекелі болсын!

Сұхбаттасқан Гүлназ БИСЕН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *