Конституция күні қарсаңында марапатталды

Редакция таңдауы
view 174
news

 Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай Қосшы қаласында мерекелік концерт өтті. Жергілікті суретшілердің көрмесі ұйымдастырылып, өнерпаздардың қатысуымен тамаша концерт ұсынылды. Қала әкімі Гайдар Қасенов мерекелік шараға қатысып, барша қауымды Ата Заңымыздың мерекесімен құттықтады.   Қосшы қаласының ІТ мектеп-лицейінде ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға мемлекеттік қызметкерлер, аймаққа белгілі тұлғалар мен қала тұрғындары қатысты. Білім ордасының бірінші қабатында «Picasso», «Jana Beles», «Сауран Club», «Өнер», «Болашақ», «Абырой» мәдени орталықтарының көрме, жәрмеңкесі және арнайы кітап көрмесі орналасты.   Аймақ басшысы жиналғандарды құттықтап, Конституция мерекесін атап өту еліміздегі барлық салаларда заманауи жаңғыртулардың жүргізіліп жатқанымен айрықша екенін баса айтты.

– Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды, жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Еліміз бүгінгі таңда болашаққа сенімді қадам басып келеді. Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін, – дей келе, Гайдар Қасенов қалалықтарды Конституция күнімен құттықтады.

Бұл мереке – халқымыз үшін ең ұлық мереке. Естеріңізге сала кетейік, 1995 жылдың 30 тамызында жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған Ата заңымыз өркенитетті мемлекеттің барлығына тән демократиялық қағидалармен толық қамтылды, сондай-ақ бірлігіміздің тұрақтылығын, мемлекеттік құрылыс пен еліміздің тұтастығын бекітіп берді.

Конституция күні қарсаңында ардақты аналардың қатарын Жансұлу Әсет, Ақмарал Аухадиева толықтырды. Олар Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 17 шілдедегі жарлығы бойынша күміс алқаға ие болды. Заңға сәйкес, жеті және одан көп баласы бар аналар «Алтын алқа», алты баласы барлар «Күміс алқа» төсбелгісіне ие болады.

Қаламыздың дамуына үлес қосқан азаматтар да қастерлі мерекенің қарсаңында сахна төрінде Құрмет грамоталарымен марапатталды. Қала басшысы бір топ азаматтарға болашақта да кәсіби шеберлікпен қоғам мен еліміздің игілігі үшін адал қызмет ететініне сенім білдіріп,  алғыс хат табыстады. Бұл күні азаматтық белсенді ұстаным танытып жүрген тұрғындар да назардан тыс қалған жоқ. Салтанатты іс-шара одан әрі концерттік бағдарламаға ұласты. Жергілікті өнерпаздар керемет көңіл-күй сыйлады. Бірі домбыра тартып ән салса, енді бірі қара өлең оқып, мерекелік шараның көркін қыздырды. Қасым ханның Қасқа жолы, Есім ханның Ескі жолы, Әз Тәукенің Жеті жарғысы – қазақтар қастерлеп, берік ұстанған дала заңдары. Ұлы даланы ен жайлаған ұлтымыздың ұлылығы сол, тарауы мен бабы болмаған сол дала заңдарын бабаларымыз бұлжытпай орындады. Ал сол ұлылардың ұрпақтары бұл күнде егемен елдің Ата Заңына аса құрметпен қарайды. Барлық игі істеріміздің бастауы болған Конституция күні құтты болсын!

Жанар АХМЕТОВА

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *