Ербол Жанатбекұлы: "Заман талабына сай ептілік те маңызды"
Редакция таңдауы
363
Қысымсыз қонышты темірбетон құбырларын өндіретін «Сапа су» ЖШС зауытында 10 жылға жуық уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан цех шебері Ербол Жанатбекұлы – ұжымда беделді қызметкерлердің бірі. Кәсіпорын жоғары сапалы неміс жабдықтарында тұрмыстық құрылысқа, жол құрылысына, кәріз жүйесіне, су тартуға, телекоммуникацияларға, суағарларды тазалауға және жаңбыр суын пайдаға асыруға арналған темірбетон бұйымдарының барлық түрлерін шығарады. Өз ісінің шебері атанған кейіпкеріміз отбасында қамқор әке, ардақты жар, адал дос. Ол «жақсы маман жауапкершілікпен қалыптасады» деген пікірді ұстанады.
– Алпауыт өндіріс орнына қалай келдіңіз?
– 2014 жылдың тамыз айынан бері «Сапа су» компаниясында жұмыс істеймін. Оңтүстік Қазақстан облысы Мұхтар Әуезов атындағы университеттен «Құрылыс материал бұйымдарын өндіру» мамандығын меңгеріп шыққанмын. Мен келгенде бұл зауытта бос орын болған жоқ. Бірақ «үйренгің келсе, көмекші болуыңа болады» деді. Сол 21 жасымда 67 мың теңге жалақымен осында жұмысымды бастап кеттім. Одан кейін цехта оператор болдым. 2016 жылдан бері «бетон араластыру цехы» мен «қалыптау цехында» шебер болып жұмыс істеймін. Зауыттың жұмысы жартылай автоматтандырылған, сондықтан аса қиындық болған емес. Мұнда басты қасиет – жауапкершілік. Өзіңе бекітілген шаруаны алдын ала жоспарлап, мөлшерлеп, уақытылы орындап отыру керек. Шикізатқа тапсырыс беріп, қабылдаудан бастап, дайын өнімге дейін толықтай жауаптымын деуге болады. Жылдан жылға жұмысымыздың қарқыны артып келеді. Сапалы өнімімізді республиканың әр түкпіріне жеткізіп отырамыз. Сұраныстағы өнім үшін бар ынтамен жұмыс істеу қуаныш сыйлайды. Үйренген ортаңда, өзіңе ұнайтын жұмыспен айналысу адамды жігерлендіреді деуге болады.
– Білімді шыңдап, біліктілікті арттыру бағытында компания қандай жұмыс жүргізіп отыр?
– Екі жарым ай Германияда тәжірибеден өтіп, біліктілігімізді арттырып келдік. Біздің мемлекетпен салыстырғанда, жұмыс қарқыны қатты дамыған, алдыңғы орында деуге болады. Жалақы деңгейі жоғары. Кішкентай жұмыстың өзіне жұмысшы үлкен жауапкершілікпен қарайды. Соны реттеп, аяқтамайынша тыным таппайды. Германиядағы зауыттың көлемі біздікінен үлкен деуге келмейді. Алғаш барғанда шағын орын екен, алып бара жатқан ауқымды жұмыс жоқ деп қарағанбыз. Бірақ уақыт өте келе жұмыс ауқымының зор екеніне көз жеткіздік. Әр маман өз орнында, өзіне бекітілген істі уақытынан бұрын тиянақтап аяқтауға асығады екен. Үйренер тұсымыз көп болды. Ол жақта жалақы мөлшері көп деп қарағанымен, тұрмысы қымбат. Үй алудың өзі екінің бірі қол жеткізе алмайтын мүмкіндік. Азық-түлік, жанармай, күнделікті қажеттілік қымбатқа түсетін елдердің бірі деуге болады. Батыс мемлекеттерімен иық тіресе бәсекеге қабілетті темірбетон құбырларын өндіре алатындығымыз қуантады. Біздің елде де сапалы, сұранысқа ие өнім шығаруға қауқарымыз толықтай жетеді деуге негіз бар.
– Компания қатардағы қызметкерлерге пәтер берді деген жаңалықтың сізге де қатысы бар екен? Қалай үйлі болдыңыз?
– 2019 жылы компания басшылығы зауыттың маманы ретінде үй беретіндігін айтқан болатын. Үй аламын деген ой ол кездері басыма, тіпті кіріп те шықпапты. Басшымыз Бауыржан Асылханұлының өндіріс мамандарына деген жанашырлығы, қамқорлығы деп білемін. Өйткені ол кісі әрбір шешімі арқылы жұмысшыларға жасалған жағдай, нәтижелі жұмысқа әкеледі деп қарайтын білімді, парасатты кісі. Анам қатты ауырып, хәл үстінде жатқанда, Шымкентке, елге кететіндігімді айтып, басшылыққа хабарласқанымда үлкен қолдау білдірген болатын. «Ешнәрсеге алаңдамай, елге барып, шаруаңды тындырып кел. Қашан келемін десең де есік ашық, зауыттағы жұмысыңды келген уақытта жалғастыра берерсің» деген ағалық қамқорлығын ешқашан ұмытпаймын. Анам дүниеден өтіп, осында отбасымызбен көшіп келдік. Ал екі бөлмелі пәтер иесі атанғанда жақындарымызбен үлкен қуанышқа кенелдік. Жай ғана зауыт қызметкері болып үйлі боламын деген ой үш ұйықтасам түсіме де кірмеген. Бұдан бөлек те басшылық тарапынан жас мамандарға деген қолдау басым. Ел бойынша жаппай карантин болып жатқан кезде де жалақымыз толық сақталды.
– Алып зауытта сұранысқа ие мамандар бар ма?
– Жалпы республика бойынша дәнекерлеушілерге сұраныс жоғары. Олардың жалақысы да аз емес. Мен кезінде дәнекерлеуші боламын дейтінмін. Бірақ әкем біз көз ашқаннан сол салада жұмыс істегендіктен менің дәнекерлеуші болғаныма қарсы болды. Жаңа бағытта білім ал деді. Бір жағынан дәнекерлеуші көздің майын тауысатын ауыр жұмыстардың бірі ғой. Бұдан басқа зауытқа маманданған құрылыс материалын жасаушылар да қажет.
– «Сапа су» сияқты республикаға белгілі, сұранысқа ие өнім жасап шығаратын компания қызметкері болу үшін қандай мінез керек?
– Өндіріс саласында жұмыс істеу үшін үлкен жауапкершілік, бетондай мықтылық, төзім, сабыр керек дер едім. Қандай істің басында жүрсек те заман талабына сай ептілік те маңызды.
– Өндіріс орнында жұмысшыларға жайлы жағдай жасалған дегенді естіген едім. Қаншалықты рас?
– Біздің компанияның артықшылығы сол – жұмысшыға ыңғайлы жағдай жасап келе жатқандығы. Алыстан қатынап жұмыс істейтіндерге жатақхана бар. Медициналық тексерістен өтуге болатын пункт қарастырылған. Спортпен айналысатындарға арнайы алаң бар. Ауыр жұмыс күнінен кейін ыстық монша қабылдауға да мүмкіндік қарастырылған. Кір жуатын орын бар. Тәулігіне үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз еткен компания асханасы тіпті диеталық тағам түрлерін ұсына алады. Жұмыс уақыты аяқталған соң қызметкерлер арнайы көлікпен үйлеріне жеткізіледі. Мұндай жағдайыңды жасаған өндіріс орнында қызмет ету кез келгенге бұйыра бермейтін бақыт дер едім.
– Нарықта жоғары білім қаншалықты маңызды?
– Дамыған заманда жоғары білім қатты маңызды емес деп білемін. Мүмкін менікі қате пікір шығар. Бірақ мектеп бітіріп, жақсы, білікті маманның қасында жүріп те тәжірибе жинауға болатындығына бірнеше мәрте көз жеткізгенмін. Тіпті танымал кәсіпкерлердің біразында жоғары білім жоқ екен. Көп оқығаннан емес, көп көргеннен сұрайтын заман қазір.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Балыққа барғанды жақсы көремін. Бір жағынан ми демалып қалады, тұрмыстық қарбаластан да тынығудың амалы деуге болады. Табиғатта, тыныштықта демалудың орны бөлек. Өзім өте уайымшыл адаммын. Ой кейде түпсіз тұңғиық сияқты. Көп нәрсені уайымдап, алаңдаудың қажеті жоқ екен. Еңбек етіп, соның берекесін іздеген адам бақытқа кенелетіні рас.
Сұхбаттасқан Гүлназ БИСЕН
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Редакция таңдауы
Астанада әйелдің басына лифтінің плиткасы құлап, миы шайқалды
Пікірлер (0)