Қосшыда тағы бір балабақша ашылды
Шараның ресми бөлігінен кейін қонақтар балабақша ішін аралап көрді. Балабақша үш қабатты, бірінші қабатында 20 орындық 2 ересек тобы жайғасқан. Сондай-ақ балаларды тамақтандыру, денсаулығын қадағалау санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау мақсатында жуынатын бөлме, асхана, медицина бөлмесі және кір жуу блоктары орналасқан. Барлық бөлмелер заманауи қондырғылармен жабдықталған. Сондай-ақ мәдени іс-шара өтетін акт залы және дене шынықтыруға арналған спорт зал жұмыс істейді. 2-қабатта «Ботақан», «Құлыншақ», «Балапан» атты кіші үш топ бар. Ал 3-қабатта орта 4 топ орналасқан және 1 оқу залы қызмет көрсетеді. 630 шаршы метр құрайтын балабақша ауласында футбол алаңы мен ойын алаңшалары жасақталған.
– Балабақша ашу көкейде жүрген іс еді. «Баланы бесіктен» деп қазақ халқы бекер айтпаған. Балаларымыз – болашағымыз. Осы орайда ұлым Өркенмен, жалпы отбасыммен ақылдаса келе, балабақша ашуды жөн көрдік. Елін сүюге, имандылыққа, білімге, қазақ тілін қадір тұтуға үйретуді, бойына сіңіруді мақсат еттік. «Бала – балдан тәтті, немере – жаннан тәтті» дейді ғой. Балабақша атауына төртінші немерем Әлфияның аты берілді. Біздің мекемеде ең бірінші баланың денсаулығына, ас-суы мен біліміне ерекше мән беріледі, – дейді «Әлфия» балабақшасының құрылтайшысы Қайрат Айдарханұлы.
– Заман талабына сай орнатылған қажеттіліктердің барлығы да бүлдіршіндер үшін. Болашақта білікті, білімді балалар тәрбиелеп шығу – басты мақсатымыз. Бұл әрине, бастамасы, алдағы уақытта балабақша ауқымы бұдан да кеңейіп, бөлімшелері ашылды деген жоспар бар, – дейді «Әлфия» балабақшасының директоры Гүлнұр Тұрсынбекқызы.
– Балабақша өз жұмысын қарқынды бастап кетті. Қазіргі уақытта балаларды қабылдап жатырмыз. Қосшы тұрғындары мен ата-аналарға айтарым, балақандарыңызды қазақтілді білім беретін біздің балабақшаға сеніп тапсыруларыңызға болады. Балабақша Қосшы қаласы, Қажымұқан көшесі 176 үйде орналасқан, – дейді «Әлфия» балабақшасының әдіскері Ботагөз Рамазанқызы.
Салтанат Есенқұлова
Пікірлер (0)