Қаланың көкейтесті мәселелері талқыланды

Редакция таңдауы
view 112
news

Апта басында қала әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлы әлеуметтік салаға жауапты бөлім басшыларының басын қосып, алдағы күндері атқарылуы тиіс жұмыс жоспарларын нақтылады. Сондай-ақ қаланың кезек күттірмейтін көкейтесті мәселелері талқыланды. Жиын барысында жаңа міндеттерді талқыламас бұрын бұған дейін жасалуы тиіс жұмыстар жайы тілге тиек етілді. Берген Жұмкейұлы «1 000 адамға – 100 жұмыс орны», кәсіпорындарда Ұжымдық шарттардың рәсімделуі, Сыбайлас жемқорлыққа 0-дік төзбеушілік, сондай-ақ қаланың мәдени-рухани өміріне қатысты басқа да жобалар мен нұсқаулардың қалай орындалып жатқанын пысықтады. Жаңа оқу жылына даярлық барысы туралы сөз қозғалғанда өткен сенбі-жексенбі күндері биылдыққа алғаш рет ұйымдастырылып отырған мектеп жәрмеңкесі жөнінде мысал келтірді. – 19-20 тамыз күндері ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі жақсы өтті, бірақ соған қоса ұйымдастырылған мектеп жәрмеңкесіне көңілім толмады. Бар-жоғы 2-3 үстелде ғана кеңсе тауарлары мен оқушы құралдары сатылды. Ол кімге жетеді. Қалада балаларын мектепке әлі толық даярлап болмаған отбасылар аз емес. Былтырғы жәрмеңкелерде оқушы құралдарын саудалаушылардың қатары 50 метрге жеткен, тауар түрлері де сан-алуан болған. Сондықтан алдағы демалыс күндері мектеп жәрмеңкесін жандандыру керек,– деді әкімнің орынбасары. Осыған орай, қалалық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Еділ Қабыкеновке алдағы демалыс күні мектеп жәрмеңкесіне қатысуға саудагерлерді көптеп жұмылдыру керектігін ескертті. – Астанадағы «Шанхай» базарына барып кеңсе өнімдерін саудалап тұрғандарды Қосшыға шақырып, тегін орын беремін десеңіз, солардың біразы қуана-қуана келіседі. Оларға тауарларын өткізу керек. Бұл саудагерлер үшін де, жергілікті тұтынушылар үшін де тиімді,– деді Б. Жұмкейұлы. Тұрғындардың, әсіресе жаңадан желкілдеп өсіп келе жатқан жас өскіннің арасында ұлттық құндылықтарды насихаттап, жалпы көпшіліктің әдебиет пен мәдениетке деген қызығушылықтарын арттыру үшін орталық көше бойындағы аялдамаларға кітап баннерін орнату керектігін айтты. Сондай-ақ кітаптардыңQR-кодты бірге орналастырылса, кез келген адам өзіне ұнаған көркем шығарманы жүктеп алып, оқи алар еді деген ойын білдірді. Одан бөлек, Қосшы қаласының орталық кітапханасының директоры Сымбат Қуандықоваға кітапхана алдына шыныдан кітап сөресін жасауға тапсырма берді.

– Елдің бәрі кітапханаға бара бермейтіні түсінікті. Ал далада шыны сөренің астында қаланып тұрған әдебиеттерге біреудің болмаса, біреудің көзі түсіп, қызығушылығы оянуы мүмкін. Кейін кітап оқу мәдениетіне бейімделіп алған адамдардың өздері оқыған кітаптарын сөреге әкеліп қоюды әдетке айналдыратын болады,– деді әкім орынбасары.

Жиында газетке жазылу науқаны туралы да кеңінен талқыланды. «Jana Bastau» газетінің құрылтайшысы, белгілі ақын Бауыржан Қарағызұлы басылымның келесі жылына толық жазылған жандарға биылғы жылдың қалған айларының сандары тегін таратылатынын жеткізді. Ол газетке Kaspi.kz немесе Kazpost.kz қосымшалары арқылы ешқайда бармай-ақ үйде отырып та жазылуға болатынын еске салды. Күн тәртібінде тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі де қаралды. «Мансап» орталығының директоры Махаббат Исинаның айтуынша, аталмыш орталықта 276 жұмыссыз тіркелген, олардың 101-і жұмыссыз қалуына байланысты жәрдемақы алады. Қызметкерлер кәсіпорындардың мамандарға қажеттілігін анықтап, ниет білдірушілердің жұмысқа орналасуына көмек көрсетеді. Биыл қалада 300-ге жуық адам жұмысқа орналасқан.

«Жұмыссыздықты азайтудың бір амалы – бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыру. Қосшы қаласында мұндай іс-шаралар жыл басынан бері бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Жұмыссыздар жәрмеңкесі әр тоқсан сайын, ал қажет болған жағдайда айына екі мәрте өткізіледі. Шараның өтетіні жөнінде ақпарат барлық жұмыс берушілерге, есепте тұрған жұмыссыздарға алдын ала телефонмен хабарландырылады. Ол туралы көпшілік халық әлеуметтік желілер арқылы біліп отырады», деді Махаббат Исина.

Айта кетейік, бос орындар жәрмеңкесіне келетіндердің шамамен 10%-ы тегін кеңес алып, бірден жұмысқа орналасып кетеді екен. Осыған қарағанда, мұндай шаралар жұмыссыздар мен жұмыс берушілердің арасындағы алтын көпір деуге болады. Себебі бұл оңтайлы платформа тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Дәулет АСАУ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *