«Бірлік» аллеясының маңы. Әдеттегі әдемі кеш. Жастардың бас қосуы. Себеп біреу. Ол жанды дауыста жаңа заман әндерінің қазақ тілінде шырқалуы. Қазіргі уақытта музыка әлемінде танымалдылығы артқан бағыт деуге толық негіз бар. Өйткені «cover version» елге танымал әннің жаңаша өңделуі. Бұл дегеніңіз, сіздің есіңізде қалған ескі, жаңа әндердің түрлі аспаптармен әрлене түсуі.
«Мodern cover» атауымен өткізілген музыкалық кешке қатысамын деген жастардың ықыласы зор. Әртүрлі аспапта ойнап, Қосшы қаласын әнге бөлеген жастардың шығармашылығы мен ізденісінің жоғары деңгейде екендігі қуантады. Жастар әлемге белгілі хиттерді қазақ тіліне аударып, оны домбыра, гитара, кахон, кулель аспаптары арқылы тамаша әрлеген.
Бұрынғыдан бөлек кештің ұйымдастырылуы туралы Қосшы қаласы Мәдениет үйінің әдіскері Аяна Абай былай дейді:
«Заманауи өнер кеші көпшіліктің көңілінен шығады деген сенімдемін. Өйткені мұнда көптің есінде қалған хиттардың қазақшасы орындалмақ. Шуақты жаз мезгілінде келушілердің көңілінен шығатын жаңа бағыттағы концерттер ұйымдастырып жүрміз деген үміт басым. Өйткені әрбір басқосуда үлкен еңбек, ізденіс жатыр. Демалыс алдында серуенге шыққан қала тұрғындары осындай музыкалық кештермен демалып, серпіліп қалса деген мақсат. Алдағы уақытта бұдан да жоғары деңгейлі шаралар ұйымтастыруға күш саламыз», дейді.
Жергілікті өнерпаздар Аяна, Аружан, Алуа, Ерсайын кешті әдемі әзіл, орамды ойлармен шебер жүргізді. Сахна төрінде өнер көрсеткен Арман «Жолдар» әнімен қатар өзінің жеке шығармашылығындағы жаңа әнді тарту етті. Ал Ернат есімді жас өнерпаз домбыра мен гитараның жиынтығы арқылы жасалған аспапта қазақша күйді нақышына жеткізіп орындап берді. Дыбысы мен пошымы бөлек аспапта орындалған күйдің әуезі де дара еді. «Наруто» әнін орындаған Мейірім, «Save your tears» әнін шырқаған Бекарыс, әлемдік хиттердің папурриін әдемі жеткізген Үміт пен Бекарыс, «Сағым» , «Апам айтқан» әнімен тыңдарманды еліткен Аяна кештің мақсатын айқындай түскендей. Ал Үміттің авторлық әні жастардың талғамы мен ой-өрісінің биік екендігіне дәлел болғандай.
«Қазақы нақышта, қазақы әндер орындалып жатқан кеш қатты ұнап отыр. Туыстарымызға Астана қаласынан қонақ болып келген едік. Серуенге шығып, мынадай әдемі әсерге бөленіп отырмыз. Қазіргі уақытта, балалардың телефоннан бас көтермейтін шағында мұндай кештердің маңызы зор деп білемін», дейді қала қонағы, зейнеткер Фатима Баймұратова.
Музыкалық кешті тамашалауға келген халықтың қарасы қалың. Тыңдарманның талғамын дөп басқан әндерді көпшілігі қосыла орындап, ерекше әсер алды. Кеш соңында жас өнерпаздар эстрадада танымал болған қазақ әндерін бірге шырқап, жиынды жоғары дәрежеде әдемі аяқтады.
Гүлназ БИСЕН
Пікірлер (0)