Бүгін Қосшы қаласында жұмыссыз азаматтардың, жастардың, пробация қызметінде есепте тұрған адамдардың, халықтың әлеуметтік осал топтарының жұмысқа орналасуын жеделдету бойынша бос орындар жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға әртүрлі саладағы жұмыс берушілер қатысты.
Екі қолға бір күрек таппай жүргендерге көмек ретінде мұндай іс-шаралар жыл басынан бері осымен бесінші рет ұйымдастырылып жатыр. «Мансап» орталығының директоры Махаббат Исинаның айтуынша, әр тоқсан сайын немесе қажет болған жағдайда айына екі мәрте өткізіледі. Барлық жұмыс берушілерді, есепте тұрған жұмыссыздарды алдын ала телефон арқылы ақпараттандырса, халықты әлеуметтік желілер, хабарландырулар арқылы шақырады.
– Бос орындар жәрмеңкесіне келетіндердің шамамен 10%-ы тегін кеңес алып, бірден жұмысқа орналасады. Бүгін жұмыс іздеушілер «Жанұя» ЖШС, «Альфа Мед» дәріханалар желісі, «МК Аят» ЖШС, «БанкЦентрКредит» АҚ, «Люкс» монша кешені сияқты қаламыздың онға жуық мемлекеттік мекемелері мен жеке ұйымдарының өкілдерімен кездесіп, сұрақтарына жауап алып, түйіндемелерін тапсырды, - дейді Қосшы қаласы «Мансап» орталығының директоры Махаббат Исина.
Бүгінде атамыш орталықта 276 жұмыссыз тіркелген, олардың 101-і жұмыссыз қалуына байланысты жәрдемақы алады. Қызметкерлер кәсіпорындардың мамандарға қажеттілігін анықтап, ниет білдірушілердің жұмысқа орналасуына көмек көрсетеді. Биыл өңірімізде 300-ге жуық адам жұмысқа орналасқан.
– Жұмыс іздеушілер «Enbek.kz» сайтында тіркеліп, түйіндемелерін тікелей жұмыс берушілерге жібере алады. Сонымен қатар бірқатар жобалар шеңберінде ашылған жұмыс орындарына жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар. Мысалы, 35 жасқа дейінгі жастар келсе, біз оларға бос жұмыс орындарын ұсынамыз, кейін таңдаған мамандығы бойынша жұмыс берушіге жібереміз. Егер де ол сонда жұмысқа орналасатын болса, әлгі кәсіпорынмен келесімшарт жасалады, яғни «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша мемлекеттен бір жыл бойы 30 АЕК көлемінде еңбекақы төленеді, - деп толықтырды қалалық «Мансап» орталығының директоры Махаббат Исина.
Жұмыс берушілер кәсіпорында субсидияланатын жұмыс орындарын ашып, «Мансап» орталығында тіркелген жұмыссыздарды қабылдай алады. Мұндай жағдайда еңбекақы толығымен немесе ішінара мемлекет тарапынан төленеді. Ал зейнеткерлік жасқа толмаған, 50 жастан асқан жұмыссыз адамдар «Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа орналастырылады.
Бос орындар жәрмеңкесін жұмыссыздар мен жұмыс берушілер арасындағы алтын көпір деуге болады. Себебі бұл оңтайлы платформа тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Мұны қатысушылардың өздері де растады.
– Негізгі мамандығым – бағдарламашы. Бірақ өзіме жақын жаңа саланы игергім келеді. Жұмыс іздеп жүрген жайым бар. Бос орындар жәрмеңкесінің өткізілетінін естіп, бағымды сынап көрейін дедім, – дейді қала тұрғыны Канат Даулетбахов.
Істеймін деген адамға жұмыс көп, мүмкіндік мол. «Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда» демекші, еңбекке деген талпыныс болса, жұмысқа орналасуға болады. Тұрақты табыстың болмауы әр адамның басына сын, отбасына ауыртпашылық. «Жұмыс жоқ» деген жай ғана сылтауға айналды. Оған қоса, жәрмеңкелерге қатысатын жұмыс берушілер өздері ұсыныс жасап, тұрғындарды өздері шақыруда.
– Аталмыш жәрмеңкеге алғаш рет қатысып отырмыз. Қазіргі таңда кадр тапшылығы жоқ емес, бар. Потенциалды мамандарды әлеуметтік желілерге хабарландыру беру арқылы іздейміз. Алайда банкте немесе сатылым саласында жұмыс істеген тәжірибелі мамандар аз. Бүгін үміткерлер болады деген ойдамыз. Алдымен тәлімдемеден өту керек, содан кейін ғана жұмысқа қабылданады. Тәжірибесі болмаса да екі тілді жетік меңгерген, сауатты адам зал менеджері ретінде жұмысқа орналасуы әбден мүмкін, - дейді «Банк Центр Кредит» АҚ Қосшы қаласындағы бөлімшесі филиалының директоры Мәди Нұртазин.
Айта кету керек, біздің аймағымызда техникалық мамандықтарға деген сұраныс жоғары екен. Туындаған сұрақтарыңыз болса, жергілікті «Мансап» орталығына хабарласыңыз. Келесі жәрмеңке қазан айында өткізіледі деп жоспарлануда.
Жанар АХМЕТОВА
Пікірлер (0)