Сапалы өнім, қолжетімді баға

Редакция таңдауы
view 123
news

Қосшы қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің  ұйымдастыруымен ауқымды жәрмеңке өткізілді. Осы жолы жылқы еті, қой еті, сиыр еті, сүт және шұжық өнімдері, көкөністер мен жеміс-жидектер ғана ұсынылған жоқ. Жаңа оқу жылының алдында сатылымға нарық бағасынан төмен, әрі сапалы мектеп формалары мен оқу-құралдары да шығарылды. Таңертеңнен Қосшы қаласындағы жәрмеңкеге асыққан адамдардың қарасы мол болды. Ұсынылған тауардың бағасы қолжетімді болғандықтан, ауылшаруашылық өнімдерінің басым бөлігі түске дейін сатылып кетті.

Жәрмеңкеге жергілікті сегіз кәсіпкер қатысып жатыр, оның алтауы ауылшаруашылық тауар өнімдерін сатады. Аталмыш іс-шара әр сенбі сайын сағат 10.00 мен 15.00 аралығында өтеді. Бір жылға жуық жәрмеңке бір жерде ғана өткізілген болатын. Бірақ қазіргі санитарлық нормаға сай медициналық мекеменің жанында іс-шараны өткізуге болмағандықтан, біз оны «Лесная поляна» тұрғын үй алабындағы № 7 үйдің автотұрақ маңында ұйымдастырдық, - дейді Қосшы қаласының кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы бөлімнің Олжас Құсайынов.

Баға нарықтық бағалардан қаншалықты төмен? Мысалы, өңіріміздегі ет сататын дүкендерде жылқы етінің бағасы 3200 теңгеден басталса, аталмыш жәрмеңкеде кәсіпкерлер оны 2600 теңгеге сатты, ал сиыр еті 2200-2400 теңгені құрады.

Біз сиырдың етін ауылдың бағасымен 2300 теңгеден сатып жатырмыз. Барлығы 191 келі ет әкелдік, бәрін де сатамыз деп жоспарлап отырмыз , - дейді «Жұмабеков» ЖК кәсіпкері.

Ескеретін жайт, сауда жасайтын адамдарда міндетті түрде санитарлық кітапша, тиісті мөр мен сертификат болуы тиіс. Айтпақшы, бір жыл бұрын жәрмеңкеге шығып жүрген кәсіпкерлер аллея бойында заңсыз саудамен айналысқан-ды. Осы орайда, оларға әкімдікпен ұйымдастырылатын жәрмеңкелерге қатысу ұсынылды. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 15 пайыздан жоғары болмас әкімшілік, кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімі, кәсіпкерлер арасында үш жақты меморандум жасалды.

Мен бірнеше ай бұрын жәрмеңке туралы көршімнен естіген едім. Бүгін, міне, Асқар есімді немереммен келіп отырмын. Мектепке дайындалып жатырмыз, арзан бағамен өзімізге керек құрал-саймандарды сатып алдық, - деді қала тұрғыны Сымбат Абдурашитова.

Мектеп жәрмеңкесі биыл алғаш рет ұйымдастырылып жатыр.  Мұндағы басты мақсат – ата-аналардың алысқа бармай-ақ, балаға қажетті мектеп құралдарын  бір жерден алуын қамтамасыз ету.

Жанар АХМЕТОВА

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *