Өңір басшысы Гайдар Қасеновтің 15 тамызда өткен аппараттық кеңесінде Қосшы қаласы әкімдігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімнің бас маманы Дана Қалиева, Талдау жұмысы және азаматтардың өтініштерін қарау бөлімінің жетекшісі Жаңагүл Ердекешова және мемлекеттік қызмет инспекторы міндетін атқарушы Әсем Айтбаева баяндама жасап, тиісінше салалар бойынша жұмыстардың атқарылу барысында заң талаптарының сақталуы туралы есеп берді. Сондай-ақ аппараттық кеңесте ағымдағы мәселелер қосымша қаралды.
Гайдар Қабдоллаұлы кеңес жұмысын бастардан бұрын қаламызда жақында ғана ұлттық аспаптар музейі ашылғанын, бұл жайттың халқымыздың өнері мен мәдениетін енді-енді түсініп келе жатқан жас өскін үшін ғана емес, жалпы жергілікті тұрғындар үшін де үлкен игілік екенін тілге тиек етті. Ол Қосшы шаһарының экономикалық дамуымен қатар рухани ортаға айналуының да маңызы зор екенін атап көрсетті. Сондай-ақ өткен апта ішінде қала өмірінде орын алған елеулі-елеулі оқиғаларды шолып шықты. Алғашқы баяндаманы жасаған Қосшы қаласы әкімдігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімнің бас маманы Дана Қалиева №4 Типтік Базалық Бағыт жобасы (ТББ), «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениетті нығайту» бағыты бойынша атқарылған іс-шаралар туралы мәлім етті. Сондай-ақ жемқорлыққа қарсы мәдениет пен заң нормаларын түсіндіру және насихаттау жұмыстары жөнінде әңгімелеп берді.
– Маусым айының 1-30 күндері аралығында Қосшы қаласы әкімдігінің өткен жылғы қызмет нәтижесі бойынша сыбайлас жемқорлықтың туындау тәуекелдеріне қатысты ішкі талдау жүргізілді. Осыған орай, әкімнің өкімімен жұмыс комиссиясы құрылды. Арнайы ұйым «Қосшы қаласы әкімінің аппараты» ММ және 8 мемлекеттік мекеменің жұмысын тексерді, – деп бастады сөзін Дана Қалиева. Тексеру негізгі екі бағытты қамтыған: нормативтік-құқықтық актілерден және ұйымдастыру-басқару қызметінен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау. Бөлімдердің қызметіне тікелей әсер ететін нормативтік-құқықтық актілерде лауазымды адамдардың немесе мемлекеттік органдардың мәселені өз қарауымен шешуімен байланысты өкілеттіктер мен нормалар анықталған. Ал бұл сыбайлас жемқорлыққа ұрындыратын бірден-бір жол екені дау тудырмаса керек. Одан бөлек, мемлекеттік мекеме-ұжымдардың ұйымдастыру-басқару ісінде де бірталай кілтипан әшкереленген.
«Ұйымдастыру-басқару қызметі деп кадрлардың ауысуы, мүдделер қақтығысын реттеу, мемлекеттік қызмет көрсету, түрлі рұқсат беруді немесе бақылауды жүзеге асыру, тағы басқа басқару-бақылау функцияларын атаймыз. Аталған шарттардың бәрін талдай келе, сараптамалық анықтама жасадық. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу жоспарына сәйкес, біз ағымдағы жылдың 20 шілдесінде жемқорлық құқық бұзушылықтың туындауына түрткі болатын себеп-салдарды жою, оның алдын алу бойынша жаңа жоспар әзірлеп шықтық,– деді Мемлекеттік-құқықтық бөлімнің бас маманы Д.Қалиева.
Жоғарыда орын алған жайттарға байланысты Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне, Жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөліміне, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне, Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне, сондай-ақ мемлекеттік қызмет жөніндегі мемлекеттік инспекторға сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін тәуекелдерді жою туралы ұсыным жолданған.
Айта кетейік, мемлекеттік-құқықтық бөлімнің бас маманы көрсеткен тәуекелдердің дені заңнамалық нормалардың жетілмеуіне, басқа да объективті себептерге байланысты жалпы республикаға тән. Мұндай кемшілік-кетіктер басқа өңірлерде де көп кездесетін көрінеді. Сондықтан Қосшы қаласының бұл өлшем бойынша біреуден ілгері, біреуден кеш дегендей, аса-маса ерекшеліктеніп тұрмағаны шындық.
– Бізде бәрі ашық, мемлекеттік қызметтің көбі электронды түрде беріледі. Әкімдіктің 1-қабатында «Ашық әкімдік» жүйесі жұмыс істейді. Барлық бақылаушы органдар осында орналасқан. Әр маман өз құзіреті шегінде мейлінше ашық, мейлінше сапалы қызмет көрсетуге міндетті. Қосшыға келіп-кеткен республикалық БАҚ өкілдерінің өзі мұндағы қызметтердің ашықтығына таңғалады,– деді қала әкімі Гайдар Қасенов.
Өңір басшысы кейінгі 2 жылдың ішінде қала бойынша 51 млрд теңгеден астам жекенің инвестициясы тартылғанын қуана жеткізді. Біреулер мұны қазынаның қаржысы деп қате түсінеді, бірақ ол олай емес. Мәселен, бір ғана Болат Өтемұратов қоры арқылы 1 500 оқушыға арнап салынып жатқан мектеп-гимназияның құрылысы үшін 7,5 млрд теңге инвестиция түсті. «Жанұя» емханасының жаңа ғимаратын тұрғызу үшін 500 млн теңге қаржы салынды. Қалада жүргізіліп жатқан мұндай құрылыстар мен жаңа кәсіпкер аз емес. Міне, соның бәрі жинала келе 51 млрд теңгені құраған.
Қосшы қаласы әкімдігінің талдау жұмысы және азаматтардың өтініштерін қарау бөлімінің басшысы Жанагүл Ердекешованың айтуынша, «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі 2022 жылдың наурыз айынан бастап жұмыс істейді. «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, азаматтарды қабылдау Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің ережелері шеңберінде тіркеліп, қарастырылады.
Өтініштерді тіркеу және бағыттау ҚР ӘРПК-нің 64 бабының 3 тармағына сәйкес жұмыс уақыты мерзімінде тіркелуге жатады. ҚР ӘРПК-не сәйкес өтініштердің қарау мерзімі 15 жұмыс күн, қажет болған жағдайда 3 айға де-йін қарау мерзімі ұзартылуы мүмкін.
ҚР ӘРПК-нің 69 бабының 4 тармағына сәйкес мемлекеттік мекеме басшылары іс жүргізу жағдайы бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмысты ұйымдастыруға дербес жауапты болады. Жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдары мен өтініштерін қарауға қатысты қала әкімі Гайдар Қасенов ойын былай өрбітті.
– Әкімнің орынбасарлары мен дербес бөлім басшылары жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін дер кезінде және сапалы қарап, тиісті шешімдерін шығаруы керек. Олар тұрғындармен тығыз жұмыс істеп, кестеге сай тұрақты жеке қабылдаулар өткізіп тұруға міндетті. Әйтпесе, менің қабылдауыма жазылған бірталай арызданушы жауапты тұлғалардың бастарынан аттап өтіп, бірден маған келеді. Мен арызданушыдан: «Сіздер бөлім басшысына немесе орынбасарыма жолықтыңыз ба?» деп сұраймын, егер арызданушы оларға жолықпай, маған туралап тартқан болса, алдымен тиісті сала басшыларына жүгінуге кеңес беремін. Өйткені мен арызданушының проблемасын шешуді бәрібір орынбасарларым мен бөлім басшыларына тапсырамын ғой,– деді Гайдар Қабдоллаұлы.
Әкім, сондай-ақ лауазымды тұлғаларға арыз-шағымдарды тексеру сапасын арттырып, қадағалауды күшейтуді тапсырды. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына ішкі мониторинг жүргізу туралы Қосшы қаласының мемлекеттік қызмет инспекторы міндетін атқарушы Әсем Айтбаева баяндап берді. Оның айтуынша, есепті мерзім ішінде мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту бойынша шағым түспеген. Азаматтардан көбінесе «Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру», «Еңбек шартымен көшіп келуге рұқсат беру, шартты ұзарту және кері қайтарып алу», «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау» сияқты қызметтерге сұраныс жиі түседі.
– Қосшы қаласының www.gov.kz ресми интернет-ресурсында «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» бөлімі жұмыс істейді. Онда көрсетілетін қызметтерге шағымдану тәртібі, маманның байланыс деректері, қызметтерді онлайн форматта алу жөнінде нұсқаулықтар, сондай-ақ Бірыңғай байланыс орталығының 1414 телефоны және қала әкімдігінің kosshy-akimadigi-resmi Instagram парақшасы орналасқан,– деді Әсем Айтбаева.
Мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін жеңілдету және сапаны сапаны арттыру мақсатында 2023 жылы бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Мәселен: мектептерде, балабақшаларда, денсаулық сақтау нысандарында, т.б қоғамдық орындарда адамдардың өз-өзіне қызмет көрсететін «Еgov.kz» бұрышы жұмыс істейді. Стендтердегі мемлекеттік қызметтер туралы ақпарат үзіліссіз жаңартылып, билбордтар, өрмекші-баннерлер, роллаптар орнатылады.
– Бүгінде қала әкімдігінде жұмыс істейтін «Ашық әкімдік» жүйесі ай сайын 500-600 адамды мемлекет қызметпен қамтиды. Мұнда азаматтарды қабылдауға арналған фронт-кеңсе жабдықталған және бейінді бөлім мамандары қабылдау жүргізеді. Электронды кезектілік талонын беру және кезектіліктің ақпараттық таблосы орнатылған. Мемлекеттік қызметтер көрсету жүйесі жергілікті желіге қосылған,– деп сөзін түйіндеді мемлекеттік қызмет инспекторы міндетін атқарушы Әсем Айтбаева.
Кеңес соңында қала әкімі Гайдар Қасенов тиісті қызметтерге өңірдің ағымдық мәселелеріне қатысты бірқатар нұсқаулар берді. Әрі бұл тапсырмалардың орындалуына қатаң бақылау қойылатынын ескертті.
Дәулет АСАУ
Пікірлер (0)