Жастар абай күнін атап өтті
Редакция таңдауы
260
Қосшы қаласының жастары Абай күніне орай еркін форматта «Желсіз түнде жарық ай» атты әдеби-танымдық кеш ұйымдастырды. Ұлы ақынның шығармашылығын дәріптеуге арналған шараны тамашалау үшін жұртшылық «Бірлік» аллеясының маңына жиналды. Абай күні – Қазақстан Республикасының мерекелік күнтізбесіне енген күн. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 10 тамыз «Абай күні» болып белгіленді. Бұл мереке 2020 жылы аталып өтілетін Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының қарсаңында бекітілген еді.
Кемеңгердің әр шығармасында ұлттық маңызы бар мәселе қозғалып, ол рухани дамуға, сананы жаңғыртуға бағытталған. Еңбек пен білімге, ынтымаққа шақырған өлеңдері мен қара сөздері әрбір қазақ баласының жүрегінен орын тапқан, санасында жатталған. Қанша ғасыр өтсе де оның шығармаларының маңыздылығы жойылмаған. Себебі онда қазақтың басынан өткерген тағдыры мен өмірі бар. Осындай құндылық жастардың арасында дәріптелуі керек екенін алға тартқан Қосшы Жастар ресурстық орталығының басшысы Ақылбек Данабекұлы «Абай атамыздың өлмес мұрасын дәріптеу, өскелең ұрпаққа насихаттау міндетіміз деп білемін. Оның әрбір шығармасы санамызда жаңғырып, сақталуы керек. Ашық аспан астындағы ұйымдастырып отырған бүгінгі шарамыздың мақсаты сол», дейді.
Абай Құнанбайұлының елге белгілі 170 өлеңі мен 56 аудармасы бар. Шығармаларының мәні терең, мағынасы жоғалмаған. Қара сөздерінің, поэмаларының өзі бір төбе. Ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығынан викториналық сұрақтар қойылып, дұрыс жауабын айтқан көрерменге орамал, тақия сыйға тартылды. Рақымжан Қошқарбаев атындағы мектеп оқушылары, белсенді жастар Көркем Сергейқызы «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңін оқыса, Нағима Бекзатқызы «Ғылым таппай мақтанба» деп өлеңді нақышына келтіріп жеткізді. Бұдан кейін көрермен арасынан суырылып шығып, Абай өлеңін оқып беремін деп ынта білдіргендер көп болды.
– «Бүгінгі кешті үйдегі балалардан естіп келдік. Мұндай шаралар көптеп ұйымдастырылуы керек. Себебі ұлтымыздың рухани дамуы үшін, ғылым мен білімнің дара жолға түсуі үшін өткенімізді ұмытпауымыз керек», дейді қала тұрғыны Қайнар Әбішұлы. Ал рухани кешке отбасымен келген Тұрғынмаржан Тәңірбергенқызы «Балалардың рухани дамуы үшін мұндай шара көп болуы керек. Оны көрген балаларымыз да жаман болмайды. Қызымды ертіп келдім, бүгін өлең оқиды», – дейді. Он бес жыл бойы шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық етіп жүрген Рыс-күл Ыбырайқызы «Жастар арасында өз бетімен кітап оқитындар өте аз. Ал осындай рухани-әдеби кештер арқылы оларды қызықтыруға мүмкіндік мол. Сондықтан Абай күнінің кең форматта өтетіндігі қуантады. Сұрақтар қойылып, дұрысына сыйлық беріліп жатыр. Жастар өлең оқып, ән айтып жатыр. Қуанатын жағдай бұл», деп кештің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Әдеби кеште ақынның кітаптарынан көрме ұйымдастырылып, әндерін қалың көрермен караокемен орындады. «Абайдың соңғы күндері» атты деректі фильмі тамашалауға ұсынынылып, кешке жиылған жұрт әдемі әсермен тарқасты.
Гүлназ БИСЕН
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Пікірлер (0)