Абайды қазаққа өз биігінде танытқан ақын
Редакция таңдауы
170
Қайым (Ғабдұлқайым) Мұхаметқанұлы – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Абайтану ілімінің білгірі, Мұхтар Әуезовтың шәкірті, профессор, көрнекті ғалым, ақын, жазушы, драматург, педогог, аудармашы т.б. Елу жылдық шығармашылық ғұмырында 400-ден астам ғылыми мақала мен Абайдың, Шәкәрімнің, А.Байтұрсыновтың, Ә.Бөкейхановтың, М.Жұмабаевтың, Ж.Аймауытовтың, тағы басқа да ұлт ардақтыларының өмірі мен шығармашылықтарына арнап көптеген монографиялар жазып қалдырды. Ғалымның ауыр да азапты қайраткерлік өмірі мен шығармашылық өнері туралы еш тебіреніссіз, толқусыз айтып шығу мүмкін емес.
Қайым Мұхаметқанұлы Қазақстанның ең алғашқы әнұранын жазғанда бар-жоғы 27 жаста ғана болатын. Бұл оның Ұлы Мұқаңның шәкірті атанып, Абай әлеміне құлашын еркін сермеп еніп келе жатқан шағы еді. 1943 жылы Қазақстан КП ОК-нің кезекті бір отырысында Сталиннің қаулысы оқылған соң, ең үздік әнұран мәтініне жеделдетіп байқау жарияланып кетті. Бәйгеге «Мен мықтымын!» дейтіндей талай дүлдүл қатысады, олардың ішінде елге сыйлы, шығармашылығы тұтас Одақ көлеміне танымал болған ақындар да аз емес-тін. Сөйтсе де қазылар алқасының ұйғарымымен байқаудың жеңімпазы ретінде Қайымның өлеңі таңдап алынды. Бірақ ғалымның тағдыры сияқты оның шығармашылық жолы да аса даңғыл болмаған. Әнұранға қосалқы автор ретінде иелік еткісі келетіндер де табылды. Ал алғашқы қазақ әнұраны ешкімге бөле-жара қатысы жоқ,тек Қайымға ғана тиесілі екенін айғақтау үшін тура 37 жылдай(!) уақыт кетіпті. 1980 жылы арнайы комиссия оның жеке дара авторлығын растаған шешім шығарды. Жә, ол уақта қосалқы авторлыққа жармасқан қайран ағалардың құлағын шулатып қайтеміз және бұл мақаланы жазудағы мақсатымыз да ол емес.
Жалпы, Қайым тағдыр тауқыметін алғаш рет 21 жасында шындап сезінген шығар. Сталиндік терордың нағыз дүрілдеп тұрған шағында, 1937 жылдың 24 қараша күні әкесі Мұхаметқан тұтқындалады. Бұл Ораза мезгілі еді. Үйде әкесі, Қайымның өзі және бір молла адам болыпты. Олар таң намазын оқып бітіп, енді-енді сәресін ішуге отыра бергенде «үндеместер»келіп, оны әкесімен бірге алып кеткен. Органның адамдары жас жігітті ертеңінде босатып жібереді, ал әкесі содан қайтып оралмады. Тіпті мүлдем хабар-ошарсыз кетті. Тек бірде сұсты кабинеттердің бірінен Мұхаметқан Сейітқұлұлы «антисоветтік насихат жүргізгені және мұсылмандық астыртын топтың мүшесі болғандығы үшін» 10 жылға бас бостандығынан айырылып, Сібірге жер аударылғандығы жөнінде ұзынқұлақ хабар жетеді. Одан басқа сыбыс жоқ. Кейіннен, ұзақ жылдар өткеннен кейін, Сейітқұловтар әулеті әкелерінің ешқайда жер аударылмағанын, тұтқындалғаннан кейін 3 тәуліктен соң атылып кеткенін бірақ естіген. Әлі күнге дейін әкелерінің сүйегі қайда қалғаны беймәлім.
Әрине, бұл оқиға Қайымның өміріне ізін салмай кетпеді. Жас жігіт «халық жауының» баласы атанды, түрлі қудалауларға ұшырады. Институттан шығарылды. Ол анасы мен бауырларын асырау үшін небір ауыр жұмыстарға жегілді. Бірақ қандай ауыртпалықтарды арқалап жүрсе де, оқуын жалғастыруды ойдан бір шығармады. Өйткені «ел қатарына» жетуі үшін оқу керектігін ол жақсы түсінді. Ал институтқа қайта іліккен соң, ғылымға бет қойды.
Бір қарағанда, осыдан кейін барлық қиындық-ауыртпалықтар артта қалып, жас ақын-ғалымның тек ғылыми, шығармашылық жұмыстармен айналысуы ғана қалған сияқты. Қалай дегенмен де, ҚазКСР алғашқы әнұранының авторы, Абайдың өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген талант иесі, зиялы қауымның арасында да жақсы танылып қалған. Оның үстіне, жанында Мұқаң сияқ-
ты заңғар ұстазы тағы бар. Енді кімнен қорықсын?!Талабы таудай жас енді Ұлы Абайдың шын болмысын сомдауға кірісті. Оның Мұхтар Әуезовтың басшылығымен ұзақ жылдар бойы зерттеп таныған Абайы кеңестік идеологияның «үйреншікті Абайынан» мүлдем басқа болатын. Мұндай еңбектің ертең өз басына сор болып жабысатынын білсе де, ол әділдіктен, ақиқаттан аттай алмады. Сол замандағы соқыр саясаттың ықпалына жығылмады.
Қайым 1951 жылы 7 сәуірде Қазақстан Ғылым Академиясының ғимаратында «Абайдың әдебиет мектебі» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. Ғылыми кеңестегі кейбір зорлықшыл ағайынға оның идеясы ұнамады. Талқылау кезінде Қ.Мұхаметқанұлымен бірге ұстазы Мұқаңның өзіне шүйліккендер аз болмады. Ғалымға бұл еңбек панисламшыл, пантүрікшіл, маркс-ленин ілімдерін қате насихаттаушы сарынында деген сияқты айып тағылды. Әңгіме Абай атамыздың шәкірттері жайына келгенде тіпті өршіп кетті. Атап айтқанда, Қайым «мадақтап отырған» Абайдың ұлы Тұрағұл кәнпескеге іліккен жағымсыз элемент саналса, Ақынның «ең жақын шәкірті, досы Көкбай» хандық дәуірді әспеттеген, Кенесарыны жақтаған нағыз «жаудың» өзі екен... Көздің кермек жасына айналған қиянаттың басы осылай басталған еді.
Қ.Мұхаметқанұлы аталмыш диссертациясын қорғап шыққаннан кейін көп уақыт өтпей, сол жылдың 1 желтоқсанда түнде үш «гэпэушник» (НКВД) келіп оны тұтқындап әкетеді. Ал қамауға түскенге дейін ғалымға жан-жақтан ұйымдастырылған қуғындаулар бір толастамаған. Қайымның балалары бұл күнді естерінде мәңгі сақтап қалыпты. Түн ішінде бейтаныс үш адам келген. Олар үйдің астаң-кестеңін төңкеріп, әкелерінің барлық қолжазбаларын, хат-хабарларын, кітаптарын, ғылыми еңбектерін түгел алып кеткен. Ең өкініштісі, осы тәркілеуден кейін оған М.Әуезов жазған хаттар түп-түбегейлі жоғалып кеткен. Кейіннен балалары жоғалған заттарды іздеп КГБ-ға, басқа да күштік құрылымдарға сұрау салғанымен ештеңе табылмады. Ол жөнінде қызы Дина Мұхаметқан 2007 жылы Долинкадағы «Саяси құғын-сүргін құрбандарын еске сақтау мұражайында» кездескен кезде әңгімелеп берген еді. Қайым тұтқындағы бірнеше жылын Карлагтың лагерлерінде өткізді. Ғалымға қатысты көптеген тарихи құжаттарды осы Дина апамыздың қолынан алдық.
Алматы қалалық КГБ мұрағатында сақталған Қайым Мұхаметқанұлының үйіне тінту жүргізу және өзін қамауға алу туралы ордердің көшірмесіне көз салайық. Сондай-ақ біздің қолымызда тінту кезінде тіркелген кітаптардың да тізімі бар. Барлығы 159 кітап. Бірақ қызы Дина бұл Қайымнан тәркіленген кітаптардың бір бөлігі ғана дейді.
Енді Қ.Мұхаметқанұлын айыптау қортындысына назар аударыңыздар. Айыптау қортындысын ҚазКСР МҚМ тергеу бөлімі бастығының орынбасары аға лейтенант Сейітқазиев толтырып, бөлім бастығы подполковник Ишмурзиннің қолымен мақұлданған. Оған ҚазКСР Мемлекеттік қауіпсіздік министрі генерал-лейтенант П.Фитиннің өзі қол қойған. Құжатқа қол қойылған дата –1952 жылдың 17 сәуір (түпнұсқалық мәтінін әдейі аудармай беріп отырмыз) «...Управлением МГБ по Семипалатинской области 1-го декабря 1951 года был арестован и привлечен к уголовной ответственности за антисоветскую националистическую деятельность МУХАМЕДХАНОВ Габдулкаюм».
Әңгімеміздің бас жағында Қайымды қудалаудың басы Абай шығармашылығын зерттеу еңбектеріне байланысты болғандығын айтып өткен едік қой. Енді осы айыптаудың үзінді мәтініне көз жүгіртіңіздер: « ...Пользуясь своим служебным положением литератураведа и директора литературного музея (Қайым 1940 жылдан бастап Абай мұражайын құруға белсене кірісті және сотталғанға дейін мұражайдың директоры қызметін атқарды. – авт.), в течение нескольких лет проводил враждебную националистическую работу в области казахской литературы: извращал исторические факты о великом казахском поэте Абае и его поэтическом наследии, протаскивал в казахскую литературу и пропагандировал путем выступления на страницах печати реакционных, антисоветски настроеных поэтов и их враждебные «идеи». Восхввалял и идеализировал поэтов и лидеров контрреволюционной националистической партии «Алашорды» ...Наряду с этим Мухамедханов сочинял стихи антисоветского содержания. В них он клеветал на советскую действительность и с враждебно-националистических позиций отрицал прогрессивную роль приссединения Казахстана к России...». Мұнан кейін тағы да былай дейді: «..хранил у себя на квартире антисоветскую литературу: произведения врагов народа Алаш-Ординцев и буржуазных националистов и различные контрреволюционные издания, исползуя их в своей враждебной работе». 1). Жоғарыдағы айыптаулардың кейін 1952 жылдың 29-31 мамыр аралығындағы сот шешімімен Қайым Мұхаметқанұлын атақты 58-бап бойынша саяси сенімсіз тұлға ретінде 25 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды. Қайыммен бірге қазақтан шыққан алғашқы тарих ғылымдарының докторы Е.Бекмаханов, Е.Ысмайылов, Б.Сүлейменов, Х.Жұмалиев – барлығы бес азамат «халық жауы» ретінде ширек ғасырға сотталып кетті.
Қайым Мұхаметқанұлы тұтқынға алынғанда алғашында Семей қаласының ішкі түрмесінде отырды, одан кейін Алматы абақтысына ауыстырылды. Мұнда 9 ай бойы қамалып жатты. Қайым ағаның Семей, Алматы түрмелерінде көрген адам төзгісіз азабы мен қорлығы жайында жазылған деректер бұған дейін бірқатар басылым беттерінде жарияланғандықтан, біз оған тоқталмай-ақ қойғанды жөн көрдік. Тек бір ғана айтарымыз, түрме әкімшілігі қайсар азаматтың сағын сындырмақ болып түрлі азаптаулар ұйымдастырды, құйтырқы әрекеттерге барды. Бірде «ыстық» камераға, бірде «суық» камераға қамады, күндіз-түні дем алдырмастан жауап алып, әбден есеңгіретіп ұстады. Осындай жағдайда оған «Абайдың поэтикалық мектебі туралы осы диссертацияны Әуезов қинап жазғызды» деген арыз куәлік жасатпақшы болып талай қинаған, бірақ Қ.Мұхаметқанов: «Біреуге мұндай жала жапқанша, өлгенім артық»,– деп қайыспай тұрып алыпты. Шіркін, асыл текті ағаларым-ау, басы қандай сау-
даға түсіп, азап шегіп жүрсе де, арына кіршік түсірмеген! Нағыз тектілік деген осы емес пе! Сонда дейсің-ау, қағылгез ғана ақын жаны мұншалықты қайратты, мұншалық қажырлы болады деп кім ойлаған?! Сөйте жүріп, адамшылық келбетін жоғалтпаған, өмірге деген сүйіспеншілігін өшірмеген. Қазақтың басынан қандай зар-запыран заман өтсе де, ұлт ретінде құрып кетпей аман қалып отырғандығы осы ағалардың арқасы. Қайым аға осы тар қапаста көрген көрешектерін бәрін жинақтап келіп, бір-ақ ауыз сөзбен «Егер жер бетінде тозақ болса, ол – осы!» деген екен.
1930 жылы ОГПУ-дың ерекше маңыздағы лагерьлер басқармасы Қарағанды және Ақмола облыстарында жаңа лагерьлер орнын ашу үшін 110 000 га жер бөлді. Қазақ даласында атақты Карлагтың пайда болуы тарихы осылай басталды. Оған республика басшылығының әмірі жүрмейтін, ол тек Мәскеудегі ГУЛАГ-қа ғана тікелей қарайтын мемлекет ішіндегі мемлекет
еді. Карлаг лагерлері алып жатқан жалпы ауқым қазіргі Франция мемлекетінің аумағымен пара-пар келді. Бұл өз кезегінде өңкей жартылай құлдар мен жартылай сотталғандардың мекені болған «лагерьлер аралына» айналды. Міне, осы атың өшкір қапаста Мұхаметқанұлы бірнеше жылын өткізді.
Қайым басқа сотталушылармен бірге ауыр жұмысқа жегілді, адам төзгісіз небір сұмдықтарды көрді, оларды мезгіл-мезгіл бір лагерьден екіншісіне лақтырып тұрды. Қайым аға Теміртау, Қарабас, Долинка лагерьлерінің бәрінде отырып шықты. Бірақ қайсар жан бәріне шыдады. Оның өз ісінің адалдығына сенгендігі, бала-шағасына деген сүйіспеншілігі, бәрі-бәрі қосылып келіп бойына ерен күш берген сияқты. Мұны Қайым ағаның отбасына жазған ізгілікке, қамқорлыққа толы хаттарынан да байқауға болады. Мына бір хатында былай дейді: «...Балалар бір-біріңмен жанжалдаспай, бірін-бірі жақсы көріп силап, ақылдасып, көмектесіп тұратын болсын. Өзді-өзді тату-тәтті болсын. Ауыздарына жаман сөз алмасын!
Тәртіпті, тәрбиелі болсын! Осыны өздеріне оқыт ұғындыр. Мені шын жақсы көрсе, аман-есен қайтуға тілектес болумен бірге, осы айтқандарымды бұлжытпай орындасын! Саған көмектесіп, айтқаныңды істеп, силай, тіліңді алып жүрсін. Екі қайтара айтқызбайтын болсын! Осы айтқандарды орындап жүрсе маған да жеңіл болады. Менің де көңілім көтеріліп жүдемей жүрем.
Тағы да ең қатты айтатын нәрсе – ешкімге де бір ауыз өтірік айтудан, алдаудан аулақ болсын. Не болса да шынын сөйлейтін болсын.Сүйікті балаларым! Сендердің маған кәзіргі көрсеткен көмектерің осы болады.Сендерге менің борышым өте көп. Бірақ амал жоқ.
Аман-сау көріселік! Өмірде бәрі де кездеседі. Шыдау керек. Жабырқап, жасымау керек.
Адал жандармыз ғой ақыры қайырлы болсын. Беттеріңнен сүйдім! ҚАЙЫМ. Теміртау,16/III.1953ж
3). Орыс тілінде жазған хатынан да үзінді келтіре кетейік: «...Чистота моей души и совести дети дает мне силу, и надежды, что я вернусь к вам.
Я надеюсь, что наше Правительство не допустить, чтобы человек был привлечен к наказанию, за преступление, которого он не совершал, и чтобы будущее моих ни в чем не повинных детей было омрачено.
Говорят, что все приходит во-времья для того, кто умеет ждать.
Да, мои дорогие будьте спокойны. Все внимание сосредоточьте на учебе!
«Богатство, счастье, покой,
Познав науки, найдешь!»,– говорит мудрый Абай».
1954 жылдың 9 желтоқсан күні Қайым Мұхаметқанұлыны ақталып шығады. Зонадан шығысымен ол бірден Мұқаңа телефон соғады, сосын «Семей, қайдасың?» деп өзін сағына тосып отырған ең жақын адамдары – жан жары мен бала-шағасына құстай ұшып жетеді. Бірақ ешқашан арқасын кеңге беріп, жайма-шуақ тұрмыс кешіп үйренбеген қайраткер, үйінде тыныш жата алмай, енді бірер аптадан кейін Алматыға, Мұхтар Әуезовке жолығуға асығып бара жатты...
Бұл екі тарихи тұлғаны байланыстырып тұрған рухани арқау аз емес: бала Әуезовтің жас кезінде Қайымның әкесі Мұхаметқанның үйінде өскенін, сондай-ақ екеуінің арасындағы айырылмас достықты айтпағанда, екеуі де Алаш ардақтыларының ісін жалғастырамын деп жүріп істі болғандығы және бар. Бірақ екі арысты алда одан да зор мақсаттар күтіп тұрды. Қайым соны жан-тәнімен сезінді. Өйткені заңғар да тұңғиық Абай әлемін қазақ халқына шашпай-төкпей жеткізу үшін әлі көп еңбек сіңіру қажет еді. Ал ол үшін асқар біліммен бірге, асқан нартәуекел де керек еді ғой.
Қайым Мұхаметқанұлы Абай үшін де, қазақ үшін де біраз еңбек атқардым, сол үшін басым істі де болды деп тым-тырыс жатып алса, ешкім кінә тақпас еді. Оның үстіне лагерьден босап шыққаннан кейін де Қ.Мұхаметқанұлының ізін бағып, сырттай аңдушылар болды. Ол кездері КГБ-нің тұзағына бір іліккен адам оңайлықпен қайта құтыла қоймайтын, әрі Қайымның «халық жауының баласы, халық жауы» деген «атағы» тағы бар. Мұндай кісілер «ерекше» есепте тұрды. Бірақ Қайым аға өзінің басына тағы да қауіп төнуі мүмкін екеніне қарамады, алған бетінен қайтпаған. Ұлт мүддесі үшін атқарылатын ірі істердің барлығы осындай ерлікпен, жанқиярлықпен ғана жүзеге асатын заман еді ғой бұл.
Қазаққа Абайды танытқан үш адам болса, соның екеуі –Мұқаң мен Қайым, екеу болса – ол да Мұқаң мен Қайым.
Дәулет АСАУ
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Редакция таңдауы
Астанада әйелдің басына лифтінің плиткасы құлап, миы шайқалды
Пікірлер (0)