Жазушы-драматург Жабал Ерғалиев 70 жаста!

Руханият
view 352
news

Қазақтың қарымды қаламгері, дарынды драматургі,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Парламенті Сенатының жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиұлы биыл 70 жасқа толды. Жазушының мерейтойы қарсаңында бірқатар игі істер басталып та кетті. Оның әлқиссасы 21 қазан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қаламгерді арнайы қабылдаған келелі кездесуден басталды. «Кездесуде қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ Жабал Ерғалиев Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформаларды қолдайтынын жеткізді» деп жазды Ақорданың баспасөз қызметі. Әлем әдебиетіне зер салсаңыз, драматургтердің орны ерекше екенін байқаймыз. Осыған дейін оннан астам драматург Нобель сыйлығын алыпты. «Шекспир мектебі», «Чехов мектебі», «Бекет мектебі» қалыптастырған жолдар да әр алуан. Драматургия – әлемге оқиғаның көзімен, оқиғаға адамның көзімен, адамға болмыстың көзімен, болмысқа мәдениеттің көзімен қарайтын бірегей жанр, синтезді һәм синкретті өнер. Осы ретте, жазушы-драматург Жабал Ерғалиұлының 70 жас мерейтойына арналған 27-30 қазан аралығында өтетін республикалық театр фестивалі – театрға, өнерсүйер қауымға және драматургке деген зор құрметтің басы деп білеміз. 27 қазан күні Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында фестиваль қонақтары мен Көкшетау қаласының зиялы қауым өкілдерінің және БАҚ өкілдерінің қатысуымен пресс-конференция өтті. Фестиваль шымылдығы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ Ұлттық драма театры Ж.Ерғалиевтың «Қас қағым» метофизикалық трагедиясымен ашылды. Қоюшы режиссері –  Елік Нұрсұлтан. Қойылым Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында қойылды. 28 қазан Көкшетауда Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры драматургтің «Жетім тағдыр» драмасын қояды. Қоюшы режиссері – Айдын Салбан. Ал 29 қазан күні 19.00-де Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық қазақ музыкалық драма театры Ж.Ерғалиевтың «Құлпытастың көз жасы» драмасын ойнайды. Қоюшы режиссері –  Ә.Исаева. Өтетін орны: Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театры. 30 қазан күні 14.00-де Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театры Ж.Ерғалиевтың «Қораптағы қоқыс» драмасымен фестиваль шымылдығын жабады. Қоюшы режиссері – Жарас Қалдаров. Өтетін орны: «Көкшетау» мәдениет сарайы.

Жазушы жайлы бірер сөз...

Жабал Ерғалиұлы – қаламы жүйрік публицист, жазушы-драматург, қоғам   қайраткері.  1979 жылы  Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін 1973-1997 жылдары Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде кіші әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары қызметтерінен бастап журналистика саласындағы сара соқпағы айқындала бастады. 1997 жылы Көкшетау облысы таратылғаннан кейін Көкшетау қалалық «Көкшетау» газетін ұйымдастырды. Бұл іргетасы 1824 жылы қаланған Көкшетау қаласының тарихындағы тұңғыш шығарыла бастаған қалалық газет болатын. Ал 1997-2005 жылдары «Көкшетау» газетінің  бас редакторы  қызметін атқарса, Ақмола облысы әкімінің 2005 жылғы 28 қаңтардағы шешімімен Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторлығына тағайындалды. Сонымен қатар Ақмола облысы және Көкшетау өңірінің тарихында тұңғыш рет «Көкшетау» әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналын шығаруды ұйымдастырды. Ақмола облысы әкімінің 2009 жылғы 6-шілдедегі қаулысымен облыстық «Арқа ажары», Көкшетау қалалық «Көкшетау» газеттерінің және «Көкшетау» журналының  бас редакторы болып тағайындалып, газеттер бірлестігін 2011 жылдың 1 қыркүйегіне дейін  іскерлікпен басқарды. 2007 жылы «Арқа ажары» газетінің 90 жылдығы құрметіне  қазақтың аса көрнекті ақыны, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллинге, 2010 жылы «Көкшетау» газетінің алғашқы саны шыға бастағанына 70 жыл толу құрметіне ескерткіш тақталар орнатты. Екі газеттің тарихын жинақтап, музей ұйымдастырды. 2011 жылы «Арқа ажары» газеті Қазақстан Республикасы Президентінің грантын жеңіп алды.  Қазақстанның «Бас редакторлар клубының» мүшесі. Қазақстан Журналистер одағының және Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтарының лауреаты. Бұл ретте, Жабал Ерғалиұлының Ақмола өңірінің баспасөзге сіңірген еңбегі сайрап жатыр деуге болады. Ал  1989-1994 жылдары Жабал Ерғалиев халық депутаттары Көкшетау қалалық кеңесінің депутаты, 2007 жылдың 18 тамызындағы сайлауда Ақмола облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды. Облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, Ақмола облысы әкімдігі жанындағы бюджет комиссиясының, діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңестің, Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының, тіл және ономастика жөніндегі және тағы да біраз облыстық комиссияларының мүшесі болды. Тағы сол сияқты қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытты. 2011 жылдың 19 тамызында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды. Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі болса, қазір ҚР Парламенті Сенатының жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі. Осылайша ол мемлекет ісіне мығым, сарабдал саясаткер атанды. Ерғалиевтің есімі қазір «Қазақстанның үздік адамдары», «Солтүстік Қазақстан» және «Ақмола облысы» энциклопедияларына, қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі «Ақмола облысының тұлғалары» анықтамалық кітабына енгізілген. Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау Университетінің профессоры, Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр Академиясының ғылыми кеңесінің шешімімен 2012 жылы 27 қазанда толық мүшесі және Академигі атанды. 1995 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Одан кейін басқарма мүшесі болды. Жазушының алғашқы әңгімелері 1978 жылы Алматыда жарық көрген жас жазушылардың антологиясында басылып шықты. Жазушының «Сөне көрме, жұлдыздар», «Қазақтың Қарасай батыры», «Ұлтым менің, ұлысым менің», «Хан көтерген ел едік ер ұланын», «Бұлтты түнгі толған Ай», «Жол сапар жалғаса береді», «Тәуелсіздік толғауы», «Әлемді жүрегіне сыйғызған», «Лето без дождя», «Құлпытастың көз жасы» атты кітаптары жарық көрген. «Соңғы тұяқ», «Ескі арба» повестерінің, «Бұлтты түнгі толған Ай», «Тойғандар мен тозғандар», «Жетім тағдыр» драмалық шығармаларының авторы. Бұл драмалық шығармалары Қазақстанның театр сахналарында қойылып келеді. Жабал Ерғалиұлының қоғам мен өнерге қосқан үлесін шағын мақаланың өнбойына сыйғызу мүмкін емес. Ал айырықша атап өтер бір жайт –  қазақтың ұлы композиторы Біржан сал бабамыздың есімін қастерлеуі еді. Мәселен, Көкшетау қаласындағы музыка училищесіне Біржан салдың атын беру жөніндегі мәселені алғаш көтергендердің бірі болған да осы Жабал ағамыз екені ел есінде. Ақмола өңірінен шыққан қарымды қаламгер, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиұлын мерейлі 70 жасымен құттықтай келе, редакция ұжымының атынан зор денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз!

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *