Мәуліт мерекесі тойланды
Руханият
331
16 қазан күні Қосшыдағы қалалық мешітте сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған айына орай ұйымдастырылған Мәуліт мерекесі болды.
Рухани кешке Қосшы қаласының белгілі азаматтары мен мешіт жамағаты қатысты. Ізгі шараға жиналған жамағат бір-бірін Мәуліт мерекесімен құттықтап, мәре-сәре болды. Кеш шымылдығы Қосшы қаласының «Бөгенбай батыр» мешітінің бас имамы Төлеген Арғынбайұлының құттықтау лебізімен ашылды. Имам жамағатқа Мәуліт мерекесінің мән-маңызы жайлы айтты.
Әрі қарай рухани кештің берекесін кіргізген Қосшыдағы медресе түлектері Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір жолы жайлы Мәуліт жыры оқылып, салауат айтты. Сүйікті пайғамбарымыздың жүріп өткен сара жолын баяндап берді. Жамағат ізгіліктің, достықтың қадірін жете түсіндірген және ардақты Алла елшісіне (с.ғ.с.) деген махаббатын арқау еткен қойылым жамағатқа қатты әсер еткені сонша, көз жасына ерік берді.
Айтулы кешке жайылған дастарқанға Ыбырай қажы Қазанғапов бата беріп, мерекенің берекесіне де тоқталып өтті.
Бұдан соң сахна төріне Қосшы қаласы Мәдениет үйінің әншісі, көптеген ән конкурстарының жеңімпазы Елбол Қуанбек әуелете ән шырқап, жұрт қошеметіне бөленді.
Мәуліт мерекесі бұдан кейін жамағат арасында спорттық шараға ұласты. «Қайырлы мұсылман – мықты, қуатты мұсылман» деген пайғамбар өсиетін өнеге тұтқан жамағат қой көтеру сайысында бақтарын сынап көрді. Қой көтеру сайысы қызу әрі тартысты болды. «Бөгенбай батыр» мешітінің жамағаты Берік Тілеев бәрінен дара шығып, қойды олжалап қайтты.
Пайғамбарымыздың туған күнінің құрметіне орай демеуші азаматтардың қолдауымен көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға Мәуліт дорбасы (азық-түлік) таратылды.
Төлеген АРҒЫНБАЙҰЛЫ,
Қосшы қаласы «Бөгенбай батыр» мешітінің бас имамы:
Қаламызда өткен ең қайырлы шара
– Рабиғул-әууәл айының 12-сі (биыл 9 қараша) – адамзаттың ардақты тұлғасы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың дүниеге келген күні. Бұған дейін Мәуліт айының маңызы жөнінде айтсақ. Ең алдымен, Мәуліттің мереке екенін шынайы түрде сезініп, қуана атап өту керек. Өйткені, тұтас әлемге шамшырақ болып келген әзиз пайғамбар (с.ғ.с.) дүниеге келгенде өмірінің соңғы сәтіне дейін мұсылмандардың дұшпаны болып өткен, тіпті, тозақта мәңгі қалатыны Құран Кәрімде бүтін бір сүреде айтылып кеткен Мұхаммедтің (с.ғ.с.) көкесі Әбу Ләһәбтің (әуелгі аты Абдулузза) өзі қатты қуанған. «Абдулла бауырымның ізбасары дүниеге келді» деп шаттанғаны соншалық, сүйінші жаңалықты күңінен естіген сәтте оған бостандық берген. Жалпы сүйікті пайғамбарымыздың туған айы жайлы айтылар сөз көп. Өйткені, бұл әлемге нұр шашқан күн. Мысалы, егер сіздер менен Қосшы қаласында болған ең ізгі іс қай күн деп сұрасаңыздар – дәл осы Мәуліт мерекесіне келіп салауат айтқан күндеріңіз деп айтар едім. Әркімге жылына бір келетін өзінің туғаны күні ерекше. Бәріміз ол күнді күтеміз. Сол секілді Пайғамбарымыздың туған айында күтіп, оған салауат айтатын қайырлы мереке. Қасиетті мереке жыл сайын еліміздің әрбір мешіт-медреселерінде ұлықталып келеді. Сол секілді Қосшы қаласында, яғни, қала мәртебісін алған алғашқы жылы осындай кең көлемде Мәуліт мерекесі жасалып отыр. Осы шараға атсалысып, демеушілік жасаған азаматтар бар. Осы Қосшы қаласында жаңа кәсіп ашып жатқан «Жибек-ТД» жеке шаруашылық серіктестігі және «Нұр-Мақсат-7» компаниясына айырықша алғыс білдіргім келеді. Кәсіптеріне береке беріп, ел игіліне жарасын дейміз. Алла жазса қаламыздың көрнекті жерінде жаңа мешіт ашылады деп отырмыз. Негізі демеушілік жасағысы келетін азаматтар бар, бірақ жер мәселесі біршама қиындық тудырды. Осы мәселемен қазір қаламыздың қадірлі ақсақалы, Ыбырай қажы Бөлтірікұлы айналысып жүр.
Пікірлер (0)