1986 жылдың 17 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің пленумы болып, елімізді 30 жыл басқарған қазақтың біртуар азаматы Д.А.Қонаевты жұмыстан босатты. Оның орнына Қазақстанға ешбір қатысы жоқ Г. Колбинді әкеліп тағайындады. Экономикалық ахуал төмендеп, көпшіліктің наразылығы ушығып тұрған кезде орталық биліктің мұндай шешім қабылдауы халықтың ашу-ызасын тудырып, орталық алаңға наразылық шеруіне шығуына себеп болды.
Наразылық шеруіне негізінен Алматы қаласының студент жастары шықты. Бұл заңды да. Жастар – өз ой-пікірлерін жалтақтамай білдіре алатын қоғамның ең белсенді тобы, сондықтан шерудің қозғаушы күші де солар болды. Осы жерде айта кететін жайт, аға ұрпақ, орта буын өкілдері солқылдақтық, дәрменсіздік танытты. Әлбетте, оларды тікелей кінәлауға болмайтын шығар. Себебі, олардың өткен өмірі, өскен ортасы, тәрбиеленген идеологиясы билікке қарсы шығуға дайын еместігін көрсетті.
Бейбіт шеруге шыққан жастардың алдында Орталық комитеттің хатшысы З.Камелединов, ҚазССР Жоғары кеңесінің төрағасы С.Мұқашев, ҚазССР Министрлер кеңесінің төрағасы Н.Назарбаев, ҚазССР Бас прокуроры Г.Елемесов сөз сөйледі. Олардың сол сәтте не дегені тарих беттерінде сақтаулы. Солармен қатар әдебиет, мәдениет саласының танымал қайраткерлері, ақындар, әншілер басу айтқандай болды. Олардың қазір атын атап, түсін түстеп жатудың қажеті шамалы. Барлығы жастарды кінәлап, ұлтқа таңба болды деген сарында сөйледі. Тек, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, майдангер ақын Жұбан Молдағалиевтың сөзі ғана жастарды айыптаған көп шуылдақтан сөзіне кереғар шықты. Ол кезде Одақтың Мемлекеттік сыйлығын иеленген үш-ақ жазушы бар еді: Мұхтар Әуезов, Әбдіжамал Нұрпейісов және Жұбан Молдағалиев. Майдангер ақынның «Боздақтардың төгілген қанын көргенімнен, майданда өлгенім артық еді ғой» деп күңіренді.
Шеруге шыққан демонстранттарды күшпен таратуға бұйрық беріліп, Ішкі істер министрлігінің, Қарулы күштердің және басқа қалалардың әскери бөлімдерінен жасақтар жеткізілді. Солдаттар өрімдей жастарды сапёрлық күректермен, сойылмен (дубинкалар) ұрып-соғып, иттермен қуалады. Қазақтың қара көз қыздарын шаштарынан сүйреп, тепкінің астына алды. Шерудің аяғы көтеріліске ұласып, қаншама қан төгілді. Сол кездегі куәгерлердің айтуынша, арнайы арандату мақсатында алаңға ішімдіктер таратылған. Г.Колбиннің айтқанына көніп, айдауында жүргендер (олар әлі де жүрген болар) Желтоқсан оқиғасын «Әлдебір ұлтшылдардың айдап салуымен көшеге шыққан маскүнемдер, нашақорлар тобырының жанжалы» деп сипаттады. Сол кезде Қадір Мырза Әлінің басшылығымен құрылған комиссия да біржақты шешім қабылдады. Ал КСРО халық депутаты Мұхтар Шаханов басқарған беделді комиссия «Қазақ жастарының бой көтеруінде ешқандай ұлтшылдық жоқ, маскүнемдер мен нашақорлар тобыры емес, бұл олардың азаматтық және саяси көзқарасын емін-еркін білдіру құқы» деп әділ қорытынды жасады. Шаханов комиссиясы жүздеген, тіпті мыңдаған жас жігіттер мен қыздарды тым-тырақай қуып, өлімші қылып сабаған-қамаған, қақаған аязда өрт сөндіретін машиналардан мұздай су шашқан кінәлі адамдардың аттарын атап, түстерін түстеп берді. Беделден жұрдай бұл адамдарды бұдан былайғы жерде қызметтерінде қалдыруға лайықсыз деп таныды. Алайда комиссияның орынды талабы орындалмады. Себебі оған ынталы, мүдделі тұлға болмады.
Мәскеу билігі Желтоқсан көтерілісінің ақиқатын көпшіліктен жасырып-жапқысы келді. Тек М.Шахановтың КСРО Халық депутаттарының бірінші съезінде сөйлеген қатулы сынынан кейін, жоғарғы жақтың нұсқауымен апай-топай комиссия құрылып, ол: «Алаңға шыққандар демократтар емес, маскүнемдер, нашақорлар, бұзақылар, Қонаевтың құйыршықтары» деген жала жауып, биліктің жасырын тапсырмасын жеделдетіп орындап тастаған. Тек комиссия жұмысына көңілі толмаған қоғамның үлкен наразылығы, сол кездегі М.Горбачев пен Б.Ельцин арасындағы дүрдараздық қосыла келе, бұл үлкен резонансты іске айналып, Кремль билігі Қазақстанның халық депутаттарынан құрылған жаңа комиссия құруға және оның төрағалығына М.Шахановты тағайындауға амал жоқ бұйрық береді. Мұхаңның ұсынысын әлемдік деңгейдегі ұлы ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты Андрей Сахаров та қолдаған.
Жалпы мәліметтерге сүйенсек, алаңға 25 мыңға жуық демонстранттар шыққан. Комиссияның Желтоқсан көтерілісінің зардабы төмендегідей деп анықтаған: - 900 адам әкімшілік жазаға тартылған; - 300 студент оқудан шығарылған; - 319 адам жұмыстан босатылған; - 52 адам СОКП қатарынан шығарылған; - 758 жастар БЛКЖО қатарынан шығарылған; - 8 500 адам ұсталған; - 99 адам әртүрлі мерзімдерге сотталған; - 1 700 адам дене жарақаттарын алған.
- Нақты қанша адам қаза тапқаны әлі күнге толық анықталған жоқ. Желтоқсан оқиғасы жастармен байланысты болғандықтан, еліміздегі ең беделді 6 жоғары оқу орындарының ректорлары жұмыстан босатылған. Олар ұлтын сүйетін, облыстық, қалалық партия басшыларының айтқанына бас шұлғи бермейтін, өз ұстанымдары бар азаматтар болған болуы керек.
Желтоқсан көтерілісшілерінің бірі – Қ.Рысқұлбеков С.Савицкиді өлтірді деген сылтаумен өлім жазасына кесілді, жазасы кейін 20 жылға ауыстырды, бірақ ақыры тар қапастан аман шықпай, қаза тапты.
Қ.Рысқұлбеков: «Мен алаңға Д.Қонаевты қорғайын деп барғаным жоқ, қазақтың қара көз қыздарын шаштарынан сүйреп, ұрыпсоғып жатыр деген соң, соларды қорғауға бардым» деген. Міне, бұл сөз көтерілістің шын мағынасын ашады. Желтоқсанда бейбіт шеруге шығып, ойын білдіреміз деген халықты қуалап, ұрып-соғу нәтижесінде қаншалықты зорлық-зомбылық болды. Бұл келтірілген цифрлардың артында қаншама адам тағдыры, жұмыссыз қалғандардың бала-шаға нәпақасы, сотталғандардың ойран болған отбасылары, тәлкекке түскен тағдырлар тұр. Бұл айтылған сөздер талай айтылып та, жазылып та жүр. Мен жаңалық аштым деуден аулақпын. Бірақ қайталап айтып, өсіп келе жатқан ұрпаққа Тәуелсіздіктің тектен тек келмегенін ұғындырып отыру, ұлттық намыс оятуға қажет деп ойлаймын. Санамызды жаңартып, жаңғыртып тұрғаны дұрыс.
Ресей халқы 1825 жылы Сенат алаңындағы А.Рылеев бастаған желтоқсаншыларын 200 жыл уақыт өтсе де ұмытпай келе жатыр. Біздің де небәрі 36-37 жыл бұрын өткен, халықымыздың өмірінде саяси бетбұрыс жасаған, соңы егемендікке алып келген, қазақ үшін маңызы зор Желтоқсан – 86 оқиғасын ұмытуға қақымыз жоқ. Желтоқсан – Тәуелсіздіктің арайлап атқан ақ таңының шуағы болды. Желтоқсан оқиғасы елімізде әлі де толық бағасын алған жоқ. Оның да белгілі себептері бар. Қолын қанға бояған жендеттердің бет-пердесі әлі ашылған жоқ. Тағы бір өкінішті жайт – көтеріліс кезінде аға буын дәрменсіздік танытты. Егер Желтоқсанның қозғаушы күші, намыс ұйтқысы аға ұрпақ өкілдері болғанда, ол соншалықты қасіретті қантөгіске ұласпас еді. Ел сенген зиялы қауым биліктің құлы болып бұғып қалды немесе желтоқсандықтарға ашық қарсы болды. Ал уақыт өте келе соның көбі демократ болып, құбылып шыға келді. Мен «өйткенмін, бүйткенмін» деп, бірін-бірі кінәлауға айналды.
Қазір Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтардың өзі 55-65 жастың арасына келіп қалды. Бірақ сол батырлар – бастарын бәске тігіп, жүрегі «халқым» деп соққан алаңға шыққан қаршадай қыз-жігіттер қаншалықты құрметтеліп жатыр. Ал олардың ерлік істерін елге насихаттау, жастарға үлгі ету, соларды ардақтап, жаңғыртып отыруы бүгінгі көзі ашық қоғамның бірінші кезекті міндетінің бірі. Өйткені, Тәуелсіздіктен асқан еш құндылық жоқ. Қазіргі кезде азаматтық қоғам құру барысында қоғамдық бірлестіктердің, қауымдастықтардың неше түрі бар. Олар Президент Жолдауын, сайлауалды бағдарламасын, басқа да ұлттық, халықтың іс-шараларды, қоғамға қажетті бастамаларды елге жеткізумен, түсіндірумен, насихаттаумен айналысады. Бұл да керек іс. Сонымен қатар қоғамда желтоқсаншылардың ісін насихаттауды күшейтіп, оларға аса мәртебе бермесе де төсбелгі берілсе, оны көрген адам сыйластықпен қарар еді. Қаһармандарға қай кезде де құрмет қажет. Сол арқылы қоғамды, өсіп келе жатқан жас толқында отансүйгіштікке, ел мен жер үшін күресуге тәрбиелейміз. Осыны ұмытпау керек.
Желтоқсан оқиғасының шындығының ашылуына көп еңбек сіңірген М.Шахановтың еңбегі кезінде лайықты еленбеді, шетқақпай көрді. М.Шаханов сексеннің сеңгіріне шыққанда Мемлекет басшысы «Еңбек ері» атағын беріп, шамалы арқасынан қағып қойды. Оған да шүкіршілік. Айта берсең, сөз көп. Енді «егемендік алды» деген сөз тіркеске мән берсек, яғни оны біреудің беретіні байқалады! Ал «тәуелсіздік» еркін ұлттың қанына туа біткен қасиет және оны ерекше ұлықтай білген жөн. Біз әлі де «тәуелсіздік» деген ұғымды түсіне алмай, «егемендіктің» төңірегінде жүрміз. «Егемендік» 1989-1991 жылдар арасында болған көрініс, одан кейін қазақ 32 жыл бойы Тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатыр.
Е.Ділдәбек, қалалық мәслихаттың депутаты
Пікірлер (0)