«Орта ғасырға қайтармақ па?» — Мұрат Бақтиярұлы «тоқал заңдастыру» туралы депутат пікірін қатаң сынға алды

Жаңалықтар
view 384
news

Фотосурет ашық дереккөзден

«Зайырлы мемлекетке жараса ма?» — қоғам қайраткері көп әйел алушылық мәселесіне қатысты пікір білдірді. 

Қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы әлеуметтік желідегі парақшасында Мәжіліс депутатының көп әйел алушылықты заңдастыру жөніндегі пікіріне байланысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Парламент Мәжілісінің бір депутаты екінші әйел (тоқал) алуды заң жүзінде бекіту керек деп сұхбат беріпті. Ол депутатпен өзім ешуақытта кездеспесем де, құрметпен қарайтынмын. Сөз саптауы, ой еркіндігі, мемлекетшілдік, ұлтшылдық көзқарасы ұнайтын.

Бірақ мына сұхбатында: «Мен жеке басым екі әйел алуға қарсымын, алайда көп әйел алушылықты заңдастыру керек» депті. Мұны қалай түсінуге болады? Ол өзінің парламент депутаты екенін ұмытып қалды ма?

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Тоқалдықты заңдастыру қажет – Мәжіліс депутаты (ВИДЕО)

Парламент деген — елдегі саяси шешімдер қабылдайтын институт емес пе? Біздің Ата заңымызда Қазақстан зайырлы мемлекет деп анық жазылған. Президентіміз де отбасы құндылығын берік ұстануды насихаттап, «тәрбиелі отбасы — мемлекеттің негізгі тірегі» екенін үнемі айтып келеді.

Егер тоқал алуды заңдастыратын болсақ, отбасы құндылығының құны көк тиын болатынын Парламент депутаты білмеуі мүмкін емес. Онда біздің зайырлылығымыз қайда қалады? Депутат қоғамды орта ғасырлық ғұрыптарға итермелеп отырғанын сезбей отыр ма? Әлде қазір елде шешімін таппай жатқан мәселе қалмады ма?

Жұмыссыздық, бюджет тапшылығы, халық тұтынатын тауарлар мен қызметтің қымбаттауы — жетіп-артылады. Осындай кезде қоғамды дүрліктіретін, ашу-ызасын тудыратын әңгімеден шенеуніктер аулақ болғаны жөн.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *