Қала әкімі Гайдар Қасеновтің жетекшілігімен кезекті аппарат кеңесі өткізіліп, күн тәртібінде Қосшы мәдениет үйінің директоры Баянды Сахарияұлы және Отбасыларды қолдау және сүйемелдеу орталығының басшысы Ардақ Елтаева баяндама жасап, өз салалары бойынша жыл бойы атқарылған жұмыстары жайында баяндап берді. Жиында қоғамның бұдан да басқа ағымдық мәселелері талқыланды.
Мәдениет – ұлттың мәйегі, өмірінің айнасы, халықтың сонау ғасырлар қойнауынан бері жалғасып жатқан рухани байлығы, асыл мұрасы, парасат-пайымы. Айта берсек, мәдениет атаулының болмыс-бітіміне көп дүние сыяды. Қай елдің мәдениеті озық болса, сол елдің де еңсесі де биік. Ол әр мемлекеттің өркениеттер даму көшіндегі сапалық өлшемі. Құдайға шүкір, осы тұрғыдан алғанда, жаһандық мәдениеттер көшінде қазақ халқының мерейі үстем, шоқтығы биік, деңгейі жоғары тұр. Ұлтымыздың бай мәдени-рухани мұрасына қосшылық өнерпаздардың да қосып отырған үлесі аз емес. Аппарат кеңесінде қаланың мәдени тыныс-тіршілігі туралы сөз қозғаған Баянды Сахарияұлы әңгімені әріден бастап, «Қосшы қаласының мәдениет үйі» 2022 жылдың мамыр айында құрылғанын, содан бері мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының материалдық-техникалық базасы нығайтыла бастағанын айтты. Сондай-ақ мәдениет үйінің жанынан ашылған үйірмелік құрылымдар шығармашылық жұмыстарына қажетті ұлттық және басқа да музыкалық аспаптармен қамтамасыз етілгенін, акустикалық жүйелермен қамтылған, сондай-ақ дыбыс жазу студиясы жасақталғанын жеткізді. Мәдениет үйінің штат бірлігі – 28,5 бірлік. Нақты қызметкерлер саны – 28 адам. Жыл басынан бері мәдениет саласына жергілікті бюджет есебінен жалақы және коммуналдық қызмет шығындарына бөлінген қаражат 51 128 100 теңгені құраған. Ақылы қызмет көрсету бойынша түскен қаражат есебі – 684.0 мың теңге. – Материалдық техникалық базаны нығайту мақсатында 2022 жылы облыстық бюджеттен 12 200.0 мың теңге, жергілікті бюджеттен 3 125.0 мың теңге бөлініп, мәдениет үйіне жаңа микроавтобус тарту етілген болатын. Қала әкімдігінің мұрындық болуымен жасалған осы үлкен сый жұмысымызға жаңа серпін берді, – деді Баянды Сахарияұлы. Бүгінгі таңда Қосшы қаласының Мәдениет үйінде 173 адамды қамтитын 9 үйірме жұмыс істейді. Олар: «Ән қанат» балалар хоры, «Самғау» би ансамблі, «Актерлік шеберлік» үйірмесі, «Алтын перне» домбыра үйірмесі, «Мұра» ВАА тобы, «Qosshy etno group» этнофольклорлық ансамбль, «Шыңырау» сазсырнай үйірмесі, «Сырлы саз» жетіген үйірмесі, «Дәстүрлі ән» үйірмесі. 2022 жылы 6 үйірме болса, биылғы жылы үйірмелер саны 9-ға жетті.
Бұл ретте 50% өсімді байқауға болады, қатысушылар саны да 50% өсті. Былтыр үйірмелерге 115 адам қатысса, биыл олардың саны 173 адамға өскен. – Жыл басынан бері мәдениет үйінің өнерпаздары 1 халықаралық, 6 республикалық және 26 облыстық байқауға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар «Artsport» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шығармашылық бағытта 2 300 баланың қатысуымен 10 мекеме жұмыс жасайды. Бұл орталықтармен Мәдениет үйі арасында тығыз байланыс орнатылған. Қалада өтетін іс-шараларға бірлесіп атсалысамыз, – деді Мәдениет үйінің директоры. Оның айтуынша, 2023 жылдың 11 айында барлығы 42 000 адамды қамтыған 157 іс-шара өткізілген. Оның ішінде атаулы даталарға арналған іс-шараларды, Наурыз мейрамына арналған мерекелік думанды, «Жақсы ене –ырысың, жақсы келін – тынысың» қалалық енелер мен келіндердің бірлескен байқауын, «Ақанның ән бесігі» Ақан әндерінен қалалық байқауды, «Қосшы Серісі» қалалық байқауын, Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесін, Ұлттық домбыра күніне орай «Қосшы домбра Fest» мерекелік Флешмобын, Астана күніне, Конституция күніне арналған «Ата заңым – айбыным!», қалалық “Бұраң бел” би байқауын, “Үш бақытым” қалалық сурет байқауын, “Ертегілер елінде” театрландырылған қойылымдар байқауын, Республика күніне арналған мерекелік концерттерді, қала тұрғындарының кешкі мезгілде көңілді тынығу үшін биыл қолға алынып отырған апта сайын өткізілетін “Qosshy Promenade” жобасын айтуға болады. Бұл жоба қаладағы аллея, сквер, саябақтар аясында ұйымдастырылып, өте жақсы жарасым тапты.
– Ш ы ғ а р м а ш ы л ы ғ ы м ы з д ы шыңдап, қаламыздың мәдениет саласының қарыштап дамуы жолында жоғары нәтижелерге қол жеткізе білдік. Атап айтатын болсақ, 2022 – 2023 жылдары «Ақмола жұлдыздары» облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылық байқауында екі жыл қатарынан Бас жүлдені иеленіп, екі бірдей су жаңа автокөлікпен марапатталды,– деді Б. Сахарияұлы.
Айрықша айта кететіндігі, 2023 жылдың 9 тамызы күні Мәдениет үйінде Көне музыкалық аспаптар интерактивті мұражайы ашылды. Мұражай экспонаттарын жинаушы мультинструменталист, музыкант – Азамат Бақия. Бұл мұражайда әлем халықтарына және қазақ ұлтына тиесілі музыкалық аспаптың 2000- ға жуық түрі бар. Мұражайға елге танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері, Мәжіліс депутаттары, белгілі өнерпаздар үлкен қызығушылық танытып, жиі бас сұғып тұрады. Бірде ТҮРКСОЙ бас хатшысы Сұлтан Раев мұражайға арнайы келіп, экспонаттармен танысқан болатын. Азамат Бақияның жетекшілігімен ұлттық аспаптар ансамблі құрылып, оған «Qosshy этно груп» деп атау берілді. Болашақта «Qosshy этно груп» елімізде танымал шығармашылық ұжымына айналады деп сенеміз. 2 қараша күні «Экспо» аумағында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және Франция елінің Президенті Э. Макронның қатысуымен Көне ұлттық музыкалық аспаптар мұражайының көрмесі өтті. Осыған дейін түрлі байқаулар мен іс-шаралар мәдениет үйінің шағын залы мен қала мейрамханаларында өткізіліп келсе, биылдан бастап қалада жаңадан ашылған мектептердің кең акт залдары мәдени кештер мен түрлі салтанаттарды ұйымдастыруға өте қолайлы орынға айналды. Әр ашылған білім ордасы мәдениетімізге де көп үлес қосуда. Өздеріңізге мәлім, бүгінде қаламызда 2 мәдениет нысанның құрылысы басталды. Бірі – мемлекеттік қаражатқа салынатын 400 орындық мәдениет үйі болса, екіншісі –жеке инвестиция есебінен Б.Өтемұратов қоры арқылы салынып жатқан қоғамдық мәдени-спорт кешені.
Екінші баяндамашы, Отбасыларды қолдау және сүйемелдеу орталығының басшысы Ардақ Елтаеваның айтуынша, ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлығына сәйкес, 2025 жылға дейін еліміздің әр қаласында, әр аудан орталығында отбасыларға қолдау көрсету орталықтары құрылуы міндеттелген. Осыған орай, 2023 жылдың басынан бастап Ақмола облысының Степногорск қаласы, Атбасар, Бурабай аудандарында және қала әкімі Гайдар Қасеновтің Қаулысымен осы жылдың 13 наурызында Қосшы қаласында Отбасыларды қолдау және сүйемелдеу орталығы ашылып, жұмыс істей бастағанын айтты. Бүгінде мұнда орталық жетекшісінен басқа, екі кеңесші, психолог және бухгалтер еңбек етеді.
– Орталық отбасыларға кешенді консультациялық қызмет көрсетіп, қаламызда отбасы институтын нығайтуға арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Біздің мақсатымыз – отбасы институтын нығайту үшін жан-жақты қолдау көрсету,– дейді Ардақ Жұмаділқызы.
Көздеген мақсатқа қол жеткізу үшін Орталық келесідей жұмыстарды атқарады: отбасылармен жұмыс істеу бағыттарын айқындау және әр отбасы үшін жеке жұмыс жоспарын құру. Отбасылардың мемлекеттік қызметтер алуына және әлеуметтік көмекпен қамтылуына қатысты кеңес беріп, тиісінше мемлекеттік органдарға бағыттау. Сондай-ақ ауыр тұрмыстық жағдайға тап болған отбасыларға психологиялық қолдау көрсетіп, ақыл-кеңес беріп, тығырықтан аман-есен және аса үлкен ауыртпалықтарсыз шығуларына қолдау көрсетеді. Жекелеген отбасылардың өз істерін ашуына, олардың қаржылық сауаттылықтарын арттыруға ықпал етеді. Әйелдер қауымының, отбасының басқа да мүшелерінің кәсіпкерлік бастамаларын қалыптастыруға қолдау көрсетіп, оқыту бағдарламаларын, шеберлік сағаттарын өткізеді. Ата-анасыз қалған балаларды асырап алу, балалар құқықтарының сақталуы мәселелері бойынша кеңес береді. Одан бөлек, отбасыларға заңнамалық қызметтер көрсетеді, оның ішінде неке бұзуға қатысты талап-арыздарды рәсімдеу, кәмелетке толмаған балалар үшін алимент өндіріп алу істерімен шұғылданады. Отбасыларға медиативтік және басқа да қызметтер көрсету. – Жыл басынан бері Отбасыларды қолдау және сүйемелдеу орталығы басшысына 74 отбасы арызданып келді. Олардың 14-не көмек көрсетіліп, 21-не жұмыспен жәрдемдесілді, 39 отбасына ақыл-кеңес берілді, – деді Ардақ Елтаева.
Айта кетейік, 2023 жылы Орталықтан көмек сұрап келген отбасылардың 8-іне атаулы әлеуметтік көмек, 52-не демеушілік көмек, 3-не әлеуметтік көмек, жәрдемақы төлеу, әлеуметтік қызмет, мүгедектерге көмек бойынша қызмет көрсетілген. Сондай-ақ 7 отбасы – заңгерлік, 9 отбасы – психологиялық, 5 отбасы – денсаулық сақтау, медиатор қызметтеріне жүгінген. Бір адам жұмысқа орналастырылып, енді біріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша кеңес берілген. – Орталық атқарып жатқан жұмыстардан басқа өз басының да шешілмеген мәселелері бар, – деді Ардақ Елтаева. – Бізге арыздана келген адамдарды қабылдайтын арнайы бөлмеміз жоқ. Мысалы, психологиялық қолдауға мұқтаж әр адамды жеке қабылдауға тиіспіз, бірақ бізде ондай мүмкіндік қарастырылмаған. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккен немесе қиын өмірлік жағдайға душар болған ана мен баланы немесе отбасыларды уақытша қоныстандыратын үй-жай жоқ. Мұқтаж жандарды тұрақты тіркеуге алатын ұйым жоқ, сондай-ақ жұмыс бабымен жол жүру үшін автокөлік берілмеген... Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов жиын барысында көтерілген мәселелерді талдай-талқылай келе, лауазымды тұрғаларға тиісінше тапсырмалар берді. Сондай-ақ жұмыс жоспарының атқарылуы қатаң бақылауда болатынын ескертті.
Дәулет АСАУ
Пікірлер (0)