Мәдениет және ақпарат вице-министрі ЖИ журналист жұмысын жеңілдетуі керек екенін айтты
Фото: iStock
Astana Media Week 2025 аясында өткен пікірталаста Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов Жасанды интеллект журналистиканы алмастырмай, тек журналист жұмысын жеңілдетуі керек екенін айтты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Оның пікірінше, жасанды интеллектіні тек талдау, тереңдік пен мазмұн сапасын жақсарту мақсатында ілгерілетеміз, алайда жаңа технологияларды аса мұқият және дәл қолдануымыз қажет.
Бүгінде министрлік жасанды интеллектіні құқықтық тұрғыдан реттеу негізін қалап жатыр. Оның ішінде алдағы уақытта қабылданатын ЖИ туралы заң да бар.
Сондай-ақ Үкімет медиа өндірісінде нейрожелілерді қолдануды ынталандыруды жоспарлап отыр, бірақ бұл тек аналитикалық тереңдік пен мазмұнды арттырған жағдайда ғана жүзеге асырылмақ.
Euronews телеарнасының халықаралық тілшісі Денис Локтье де медиадағы AI жүйелердің дамуына тоқталып, ChatGPT ең танымал құралдардың бірі болғанымен, кәсіби медианың қажеттіліктеріне әрдайым сай келе бермейтінін жеткізді.
ChatGPT-ді қолдану ең дұрыс шешім емес. Қазір Еуропадағы бірнеше ірі медиа өздерінің жасанды интеллект жүйелерін жасап жатыр. Мысалы, Швецияның ұлттық телерадиокорпорациясы аудиторияға бейімделген контентті талдау мен жетілдіру үшін арнайы ЖИ жүйесін іске қосты, - деді Денис Локтье.
Еске сала кетейік, дәл осы форумда Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Media Week форумы тәжірибе мен ақпарат алмасудың маңызды алаңына айналғанын айтқан еді.
Пікірлер (0)