Жолымыз болсын десек..
Редакция таңдауы
400
Ұлы даланың жүрек тұсында орналасқан Қосшы қаласы еңселі елордамызбен қатар қоныстанған жас қала. Ауылдан қала жасау қандай қиын шаруа болса, сол қаланы тұрғындар үшін жайлы, дамыған шаһар ету - жауапкершілігі мол, ауқымды іс.
Инфрақұрылымды дамыту, кәсіпкерлік ортаны қалыптастыру, инвестицияға тартымдылықты арттыру Қосшының дамуына ықпал етеді. Мәслихат депутаты ретінде халықпен етене араласа отырып тұрғындарымызды не мазалайтынын, көпшілікке ортақ қандай мәселелер бар екенін біле аламыз.
Жаңа Қазақстанды құру – жаңа дүниені сатып ала салу емес, жаңаша ойлау, көңіл көкжиегін кеңейту, ел үшін аянбай еңбек етуге білек сыбана кірісу. Жасампаз мемлекетіміздің әрбір азаматы өз еліне, өз ауылына, өз қаласына жаны ашыған кезде туған жердің перзенті екенін шынайы сезіне отырып, оған қызмет қылуға асығады.
Ер азаматтың өз халқына қызмет етуі - парыз. Осы жолда шынымен ұлтымызға пайдалы, тұрғындарымыздың жайлы өмірі үшін жасалатын іске атсалыссақ деген ниет бар.
Бүгін қала мәслихатының жол мәселесі бойынша тексеру комиссиясының мүшесі ретінде әріптесім Мақсат Еркінұлы және қалалық әкімшіліктің жол бөлімінің басшысы Әлкен Тілеукенұлымен бірге көше бойында (Ақжайық, Жабаев, Тайманов, Молдағұлова) жүріп жатқан жұмыстардың барысын тексеріп қайттық. Қосшы қаласындағы әр көше, әр бұрылысқа төселетін тас сапалы болып, оған бөлінген қаржы орнымен жұмсалуы қажет.
Қалаішілік жолдарда жүргізіліп жатқан жұмыстардың уақытында, сапалы түрде тапсырылуын қадағалайтын боламыз.
Бұл көшеде жол жөндеу жұмысын жүргізіп жатқан компания өкілдерімен, жол құрылысы мамандарымен бірге қала тұрғындарының шағымы бойынша көшедегі жағдайды тексеріп (ауыр техника жүргізіп, қазып) көрдік. Жайылған су сорғызылып алынған. Жұмыс талапқа сай екеніне көзіміз жетті.
Айтылған сөз - атылған оқ. Халықпен кездесу барысында қойылған сұрақтар мен түйткілді мәселелер ешқашан жерде қалмауы керек. Халықтың мұңын билік өкілдеріне жеткізетін депутат болғандықтан тұрғындарды мазалаған әр сөздің іс жүзінде орындалғанын қалаймын.
Алдыңғы айда «Лесная поляна», «Шоколад», «Алтын Орда», «Орион», сосын «Нұрай», «Алтын дала» тұрғындарымен кездесу өткіздік. Жұрттың көкейіндегі сауалдарға назар аудардық. Бұл кездесулер алдағы апталарда тағы да жалғасын табады. Істейтін жұмыс көп, шаруа шаш етектен. Қосшы жас қала болған соң ауқымды шаруалар бірте-бірте шешімін табады. Тек, талмай еңбек етуіміз керек.
Біз – Қосшы қаласының сегізінші шақырылған мәслихатының депутаттары ретінде әр салаға бөлінген қаржы бойынша зерттеу жасаймыз. Өйткені сайлаушыларымызға берген уәде – олардың өмір сүру көрсеткішін жақсарту. Таза ауыз су, жылу, электр тоғының бағасын реттеу, сапалы білім мен денсаулық, мәдениетті, кәсіпкерлікті дамыту, сапалы жолдар салу сияқты халық үшін ең өзекті мәселелерді шешуіміз керек. Ол үшін бюджетіміз тиімді игерілуі тиіс.
Қаладағы көшелердің құрылысы стандартқа сай жасалуын алдағы уақытта да бақылап, назарда ұстайтын боламыз. Әр кемшілікті дер кезінде жою арқылы нәтижелі, сапалы жұмыс жасауға болады.
Дамыған елдердегі сияқты біздің де қалаішілік жолдарымыз тегіс, жайлы болуы керек. Жол мәселесі тіршіліктің күретамыры, қарым-қатынастың негізі болғандықтан құрылыс жұмысының стандартқа сай жасалғаны аса маңызды.
Қосшы қалалық мәслихатының жол мәселесі бойынша тексеру комиссиясының мүшесі,
Нұрдәулет Қасенов
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Пікірлер (0)