ЖҰМЕКЕН НӘЖІМЕДЕНОВ. АХМЕТ ЖҰБАНОВ
Редакция таңдауы
231
"Дирижер"
Пультте тұр, ойы жалқын, даңқы лаулап
Жайы жоқ күйдің кәзір аңқымауға.
Шаш жатыр шалқасынан,
батып-шығып
Басына кеткен білем толқын аунап.
Саусағы шыққан кезде биік қалқып,
Кей үнді бір пернеге түйіп, сарқып.
Дүниенің тарқатылған барлық жібін,
Тұрғандай екі қолға жиып тартып.
Жөнелер әдемі үндер күліп тұрып,
Таяқша жібергенде тіліп-тіліп,
Дирижер үбектейді пәре-пәре
Әлденені тігердей біріктіріп,
Әлденені түтердей түбіт қылып.
Сотқар күй кеткен кезде шекені ұрып,
Жатқан шаш бірте-бірте көтеріліп:
Пультте тұрады Ахаң дәл осылай
барлығын құдай құсап жеке біліп.
«Би күйі»
Бұрқырап жөнелгенде осы бір күй,
Ойлайсың жалғыз тал гүл өсіруді.
Ту сыртыңда тұрады орман қалғып,
аунайды өзен алдында есігіңнің.
Кетесің өз-өзіңнен екпінденіп,
Басқан аяқ тиердей тепкің болып.
Тегеуірінің темір боп,
құлшынасың
біреуге бір жақсылық еткің келіп.
Әлсіздіктің өзінен күш ап тағы,
Ештеңені келеді ұсатпағың.
Кей досыңнан безгің кеп ілік тауып,
Кей жауыңды келеді құшақтағың,
Бал ұйыған секілді таңдайыңа,
Ойлайсың ел жайында, ән жайында.
Көк желкеңнен ұрардай бар жұдырық,
Бар алақан сипардай маңдайыңнан.
Тұрмайсың тірі жанға кезек беріп,
Жырлайсың өткірленіп, өжеттеніп.
Әйтеуір әр-сәрі емес,
барлығына
Қарайсың ғашық болып, не жек көріп.
Төгіліп жөнелгенде осы бір күй,
Аңсайсың ән мен күйді өсіруді.
Ту сыртыңда қалады орман ұйықтап,
Өзен аунап алдында есігіңнің.
"Әңгіме"
Күй бірде скрипкада күйіп, түлеп,
Айналып ақ көңілді сүйіпті үдеп.
Үзіліп кетіп ішек –
Аңыз айтады:
Ақаңның бір көзіне тиіпті деп.
«Бір басқа бір көз соған жарап қапты»
Тағдырды әрі айыптап, әрі ақтапты.
Бас жалғыз,
Жүрек жалғыз,
Көз де жалғыз –
Күйдегі Құнанбайға ел қарап қапты.
Жүріп ап отыз жасар адамдай тік,
Қосыпты күй сандыққа бабамды айтып.
Көп құлақ көп ауызға сене қалсаң –
Алмапты ол скрипканы содан қайтып.
Солай ма,
басқа ма әлде – біліпті кім,
Кім өлшепті аңыздың биіктігін.
Шығарады әйтеуір әр түрлі аңыз
мақтарда жұрт, өзінің сүйікті ұлын...
"Ақаң"
...Сөйлетуші ек жиылып со шалды бір,
Кездерінде күлкіге қосар мұңын.
Сезілетін осалдық кей сөзінен,
Ол да бірақ мықтының осалдығы.
Жылтырата ойлар ек біз жаңаша,
жаңамызды кей ескі «тұздамаса»
Өнердің жастығы ғой деп қоямыз,
Алпыстағы атаға қыз қараса.
Жүрген адам емес қой құмарды ойлап.
Тас лақтырсаң – терең де шығар қайнап.
Үлкендердің күй күнгі ұсақтығын
Жүрміз, әйтеуір, тым жиі ұға алмай ғап.
Күшті жандар жасырғыш күшін
дейді, –
(Болады таласпауға, ісінбеуге).
Ақаң сондай.
Тереңдік – содан шығар,
Содан шығар Ақаңды түсінбеу де.
Өзін бірақ қоймады мақұлдатпай,
Жырға қостық сол үшін атын баптай,
Бәрімізді іздеді ол күні-түні,
Бірімізді маңына жақындатпай.
Қазақ жомарт деседі «қиын» ұлға,
«Қиын» бүгін – мықты боп құйылуда.
Мықты адамнан өз басым алыс жүрем,
алыс жүрген жақсы ғой сиынуға.
1967
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Пікірлер (0)