«Жігіттің үйіне өз аяғымен барған»: Заңгер Нұрайдың өлімінен резонанс жасаудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді

Жаңалықтар
view 223
news

Фотосурет: Janabastau.kz

Заңгер Айгүл Орынбек Нұрайдың өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Заңгердің айтуынша, соңғы уақытта одан «Нұрайдың ісі бойынша неге пікір білдірмейсіз, Шымкенттегі жағдайға неге үнсізсіз?» деген сұрақтар жиілеген. 

«Мен пікір айтсам, сендерге жағатын, эмоцияға құрылған, хайп үшін айтылатын пікір айтпаймын. Бұл іс бойынша шындықты айтуға тура келеді. Ал шындықты айту — қазір кейде өз туғаныңа да ұнамайтын, тіпті “жау” қылып шығаратын заманда қауіпті ерлікке айналып барады. Сол себепті кейде үнсіз қалуды да таңдайсың», — дейді ол. 

Айгүл Орынбектің сөзінше, Қылмыстық кодексті оқымай-ақ, заңды лайк пен қаралымға айырбастап жүрген кейбір «сарапшылардың» пікірін көргенде, үнсіз отыру мүмкін болмай қалған. 

«Әрбір оқиғаға баға эмоциямен емес, қылмыстық істің нақты мән-жайына байланысты беріледі. Орын алған қайғылы жағдайды Нұрайды алып қашу оқиғасымен күштеп байланыстыру — құқықтық тұрғыдан да, адамдық тұрғыдан да қате», — деп атап өтті заңгер. 

Істі зерделеу барысында Нұрайдың әлгі жігітпен шамамен үш айдай қарым-қатынаста болғаны анықталған.

Заңгердің айтуынша, Нұрай — өз әрекетіне жауап бере алатын, 21 жастағы ересек адам.

«Шерханның үйіне де ешкім сүйреп алып бармаған, өз аяғымен барған. Алайда ата-анасы қарсы болған соң, олардың разылығын алғанға дейін жігіттен бас тарту туралы шешім қабылдаған», — деді ол. 

Сонымен қатар Айгүл Орынбек полиция қызметкерлерінің түсіндірмелерін тыңдап, ұсынылған бейнежазбалардың барлығын көріп, іспен толықтай танысып шыққанын жеткізді.

«Қанша жерден айқайласаңдар да, қанша жерден “қоғам дүр сілкінді” десеңдер де, бұл жағдайда Қылмыстық кодекстің 125-1-бабының құрамы жоқ», — дейді заңгер. Оның пікірінше, іс резонанс тудырды екен деп, «еркінен тыс некеге тұру» бабымен қылмыстық істі заңсыз тіркей салу — құқық қорғау емес, құқықты аяққа таптау. 

«Заңды эмоциямен емес, нормамен қолданыңдар! Сондықтан айхайды азайтып, заңмен жұмыс істейтін уақыт келді. Қандай жағдай болмасын, заңдылық бәрінен жоғары тұруы тиіс!» — деп түйіндеді ол.

Заңгер бұл жерде адам өлтірген адамды ешкім ақтап отырмағанын да ерекше атап өтті.

«Заңды түрде қатаң жазасын алсын! Бұл істі резонанс жасап, басқа жаққа бұрмалаудың қажеті жоқ. Әрбір шудың артында бір “дирижёр” тұратындығын ұмытпау қажет!» — деді Айгүл Орынбек.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *