«Жолдауда ұйықтап отырғандар бар» – Мәжіліс депутаты шенеуніктерді сынға алды
Сурет: Ашық дереккөзден
ҚР Мәжіліс депутаты, қоғам қайраткері, айтыскер ақын Ринат Зайыт қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді талдап, министрлер мен елдің ішкі саясатына жауапты шенеуніктердің жұмысына күмән келтірді, деп хабарлайды Janabastau.kz ақпарат агенттігі.
Депутат YouTube-тегі "Қасқа жол" подкастына берген сұхбатында құзырлы органдардың өз міндетін дұрыс атқармайтынын, проблеманы дер кезінде көтермейтінін, ал мәселе айтылған жағдайда да құлақ аспайтынын нақты мысалдармен жеткізді.
— «Көші-қон мәселесі – жолдауда айтылатын дүние емес. Бұл Премьер-Министр мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің шешетін шаруасы. Көрінген нәрсеге Президентті араластыра беруге қарсымын. Мемлекет – отбасы секілді шағын құрылым. Әркімнің өз міндеті бар. Әке бір мезетте ақша тауып, тамақ жасап, үй жинап, баланы бағып, кір жууға үлгермейді ғой. Сол сияқты мемлекетте де әркім өзіне тиесілі жұмысты істеуі керек. Бірақ бізде кез келген мәселені тек Президентке жеткізуді қалыптастырып алғанбыз. Бұл – Назарбаев тұсындағы жүйенің сарқыншағы», – деді депутат.
Ол шенеуніктердің проблеманы дер кезінде шешпей, Президент айтқанда ғана қимылдайтынын атап өтті. Мысал ретінде Алакөлдегі жағдайды сөз етті:
— «Бір жарым жыл бойы Мәжілісте Алакөлдің инфрақұрылымын көтеріп келдік: дәретхана жоқ, жолы нашар, қоқыс бар дедік. Құзырлы органдар «қарастырамыз, бақылауда» деп жауап берумен шектелді. Ал Президент айтқан соң ғана бәрі жүгіріп жетті. Бірақ шілденің қақ ортасында келудің қажеті жоқ. Шын мәнінде, проблеманы сәуірде барып көру керек. Сол кезде демалыс базаларының иелері дайындық жүргізіп жатады. Яғни мәселені уақытында шешу үшін құлақ асу қажет», – деді Ринат Зайыт.
Депутаттың айтуынша, негізгі мәселе – шешім қабылдамау:
— «Берілген ақпарат жеткілікті, енді соны орындау керек. Егер шенеуніктер жұмыс істемесе, бәрін таратып жіберейік. Орындаушылар ғана қалсын, Президент тапсырма берсін, болды. Ал жолдау кезінде ұйықтап отырғандар – бұл да ойланатын жағдай. Әркім өз міндетін атқарсын!» – деп түйіндеді ол.
Пікірлер (0)