Respublica: Президент Жолдауы бизнестің жол картасына айналуда

Жаңалықтар
view 34
news

Respublica партиясы

Алматыда Respublica партиясының ұйымдастыруымен ReBusiness форумы өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі. 

Оған 500-ге жуық кәсіпкер, мемлекеттік органдардың өкілдері, Мәжіліс депутаттары мен сарапшылар қатысты.

Партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров форумды аша отырып, Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу жолдары» атты Жолдауы алдағы бірнеше жылға ел дамуының негізгі жол картасы болатынын айтты. Себебі Жолдауда көрсетілген міндеттердің барлығы бизнес пен қоғамның мүддесімен тікелей сабақтас.

«Бұл – тарихи Жолдау. Президент цифрландыру мен экономиканы жаңғыртудан бастап, партиялық жүйені нығайтуға дейінгі стратегиялық басымдықтарды айқындады. Жерді толық цифрландыру тапсырмасы – ашықтық пен әділ ережелердің кепілі. Ал конституциялық реформалардағы маңызды қадам – Парламенттің бір палаталы жүйеге көшуі. Бұл – еліміздің саяси жүйесіндегі жаңа белес. Кәсіпкерлер партиясы үшін бұл дербес Кәсіпкерлік министрлігінің пайда болуымен тең. Бұл – үлкен де мәнді күш», – деді Айдарбек Қожаназаров.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов та Жолдаудың өзектілігін атап өтіп:

«Жуырдағы Мемлекет басшысының Жолдауы Қазақстанның цифрлық трансформациясына айрықша көңіл бөлді. Respublica партиясы Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты барлық бастамаларға белсенді әрі нәтижелі үлес қосып келеді. Біз, әкімдік тарапынан, бұл бастамаларды толық қолдаймыз», – деді.

Форум жұмысына партияның тең төрағалары Сырымбек Тау, Максим Барышев және Қуаныш Шонбай қатысты. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, партия құрылғаннан бері бизнес ортадағы өзгерістер мен еңсерілген қиындықтар туралы айтты.

Сондай-ақ Мәжілістегі Respublica фракциясының депутаттары – Олжас Құспеков, Нұргүл Тау, Айтуар Қошмамбетов, Екатерина Смолякова фракция бастамаларын таныстырып, қабылданған заңдар мен әзірленіп жатқан жаңа заң жобалары жөнінде баяндады.

Қатысушылар кәсіпкерлікті дамыту мен бизнестің құқықтарын қорғау, цифрлық трансформация, қаржыландырудың қолжетімділігі, тауарларды таңбалау, әлеуметтік кәсіпкерлік пен ішкі туризм тақырыптарын талқылады.

Форумға қатысушылардың ерекше қызығушылығын оятқан – партия тең төрағасы Максим Барышевтың сөзі. Ол салық есебі саласының маманы ретінде 2026 жылдан бастап күшіне енетін өзгерістерді қарапайым тілмен түсіндіріп, кәсіпкерлерге жаңа ережелерге қалай дайындалу керегін баяндады.

Форумда айтылған барлық ұсыныстар Respublica фракциясының жұмыс жоспарына енгізіліп, заңнамалық бастамаларға айналмақ.

Бұл жиын бизнес пен мемлекеттің ашық диалогына жол ашты. Партия мүшесі кәсіпкерлер Президенттің бағытын қолдайтынын және оның бастамаларын жүзеге асыруға белсенді атсалысуға дайын екенін жеткізді.

«Біз тек мәселелерді талқылап қана қоймаймыз – олардың шешу жолдарын ұсынамыз», – деп қорытындылады Respublica партиясы.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *