Левиафан: азаматтық қоғам дегеніміз не?

Редакция таңдауы
view 2987
news

фотосурет ашық дереккөзден

ІІ-бөлім

Газетіміздің өткен нөмерінде теңіз құбыжығы жайлы айтқан болатынбыз. Әрине, ондай құбыжықтың қазір бар-жоғы белгісіз. Десе де, Пре-Сократик ойшылдардың беделді өкілі Ксенофонттың «Күштілік қай жақта болса, әділдік сол жақта» деген сөзін алға тарта отырып, «күштілер» тарапынан белгіленген жақсылық пен жамандық атты шартты ұғымдардың негізінде кешегі кейпін өзгерткен теңіз құбыжықтары бүгінде бар екені ортаға шығады. Осы орайда, оларды теңіз құбыжықтары ретінде көрген «күштілер» кім және олар кімдер үшін теңіз құбыжықтары? деген сұрақ туындайды. Ашығын айту керек, «күштілердің» қазіргі теңіз құбыжықтарындай көретіні – азаматтық қоғам құрғысы келетін адамдар. Сәйкесінше, күштілер дегеніміз – биліктен аздаған шен мен шекпен алған галстугы шоқпардай шала шенеуніктер. Саясат философиясында оларды «демагогтар» дейді. Бірді айтып, бірге кетті демеңіздер, бірақ елдің ертеңін өзгелермен тең ойлайтын еркін азаматтарды «теңіз құбыжықтары» деп есептейтін демагогтар, әрісі демагогия жайлы айтпасқа болмайды. Демагогия – логикалық қателерге негізделген жалған теориялық пайымдауларды қолдана отырып, аудиторияны адастыруға және оны өз тарапына бұруға мүмкіндік беретін шешендік және полемикалық әдістер мен құралдар жиынтығы. Қазақша википедияда тіпті әдемі анықтама берілген: (көне грекше: δημαγωγία, demagogia; demos – халық, ago – ертемін) - өзінің ашкөз, пайдакүнемдік мақсатына жету үшін құрғақ уәделер беру, фактілерді бұрмалау, жалған жарамсақтық, жағымпаздық арқылы халыққа әсер ету; айлакерлік, аярлық, жылпостық. Яғни, демагогия – саяси мақсаттарға жету үшін өтірік, алдау, спекуляция, сананы бағындыру әдістері қолданылатын арыздар, сөздер, халықтың алдындағы сөз сөйлеу. Енді осы демагогиялық әдісті қолданатын «халық қаһармандарын» демагогтар дейді. Жалпақ тілмен айтсақ, демагог, халықты аулайтын аңшы. Яғни құрғақ уәделерімен жол салып билікке келген бір демагог аңшы, өзінің қателіктерін бетіне басқан яки қарсы шыққан бір «аңды» немесе аңдарды жаншып басып, жоқ қылып жіберуден тайынбайды. Естеріңізде болса, Левиафан – қарғысқа ұшыраған адамдардың өлгеннен кейін жанын жейтін құбыжық еді. Бәлкім, «халықты аулайтын аңшылардың», халықтың қарғысына қалғанын сезініп, азаматтық қоғам өкілдерін «теңіз құбыжығы» санайтыны содан болар. Логикалық түрде қарайтын болсақ, демократияның демагогиялық жолымен билікке келген бір демагог диктаторлық кейіпке енеді. Бұл дегеніміз, биліктегі әрбір демагог болашақ диктаторлар деген сөз. Бірақ ең қызығы олар нағыз диктаторлық кейіпте болмайды. Үнемі халқын, дұрысы аңын ойлап жүретін, солардың жағдайын жасауға тырысушы және олардың естігісі келген сөздерді өздеріне қайтара айтып беруші халық адамы кейпінде көрінеді. Ал сайып келгенде басқа бір тараптан өз мүдделерін ойлаған және сол жолдан ештеңеден тайынбайтын қой терісін жамылған қасқырлар демагогтар. Уақыт өте өзінің жүрген жолын халыққа үлгі қылып көрсеткені соншалық, халықтың басым көпшілігі сол демагог сынды болғысы келе бастайды. Оның есімін балаларына қояды, көше береді т.т. Осылайша, демагогтың өзіне тәуелді бір тобы құралады. Ол топтың ең әуелі іс-әрекеттері, өзінің ортасын яғни қоғамды тобыр санап, оларды бейне бір Платонның «Мемлекет» кітабындағы шекер сатушы мен дәрігердің мысалы сынды үлкен демагогтың сөздерін одан сайын түрлендіріп, істемеген істі істеді қылып көрсетуі. Әрине, мұнымен қатар осы үшін үлкен демагогтан сыйақы алып отыруы және алдағы уақытта бір қадам болсын оған жақындай түсуді армандауы олардың илахи бір істеріне айналады. Биліктегі ең қорқыныштысы да осылар. Олар билік басындағы үлкен демагогқа жағыну арқылы өзі де кіші демагогқа айналған және осы жолда алдына шыққанын қынадай қыратын адамдар жиынтығы. Оларды адам деуге келе ме оны әркім өзі шеше жатар. Олар билікке келген үлкен демагогқа қарағанда әлдеқайда қауіпті. Себебі соның саясына жету үшін үлкен демагогтан да бетерін жасауы мүмкін. Олар үшін ұлт, қоғам, халық деген түсінік жоқ. Керісінше, қызмет, атақ, абырой, билік қана бар. Сол билікке жағыну үшін халықтың өмірін қауіпке тігеді, оларды қанайды, аузындағы нанын жұлып алады. Бастысы үлкен демагогтың көзіне түсу және соның дәргейіне бас ұру. Олар үлкен демагогты пір тұтып кеткені соншалық, оның іс-әрекетін қате деген адамды үнін шығармай шибөріше талап тастауға дейін барады. Және бұл әрекеттерін дұрыс деп санайтыны да баршылық. Ал кейбіреулерінің пысықтығы соншалық, олар бүгін сіздің сөзіңізді сөйлесе, ертең басқа біреудің сөзін сөйлеуге әбден даяр. Себебі олар үшін қайталап айтайық, қызмет, атақ, абырой, билік қана бар. Ең қызығы, олар мұның қате және дұрыс емес екеніндігін біледі, тіпті күні ертең үлкен демагогтардың ескерткіштері құлап, халық алдында жазаланып жатса (егер ондай расында болатын болса, себебі көбіне бір демагогтың орнын екінші бір демагог басады) жаңағы «адамдар жиынтығы» жазаланушы емес, жазалаушы тарапынан көрінуі әбден мүмкін. Міне, осылайша азаматтық қоғам өкілдерін «теңіз құбыжығы» деп санайтын, оларды «өзгенің бақшасына түсіп кеткендей» қарайтын демагогтар жалғыз қоғамның емес, болашақтың да үлкен жауы. Десе де, мемлекетте әділдік орнамайынша халықтың қарғысына қалған адамдардың рухын аулап жейтін Левиафандар бүгін де, ертең де бола бермек.

Файзулла ТӨЛТАЙ,

ақын, «Jańa bastau» газетінің бас редакторы

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *